Енді мектептегі түрлі іс-шаралар мен мерекелік концерттер «Ұлы дала баласы Төреғали Төреәлінің атындағы мәжіліс залында» өтеді екен. Аталмыш залды ашу идеясын оқушылар мектеп басшылығына ұсынған. Олар балалардың ұсынысын қабыл алып, Алматы қаласының әкімдігімен келісе отырып, «Ұлы дала баласы Төреғали Төреәлі атындағы мәжіліс залын» ашқанын айтқан болатынбыз. Осы жайлы Республикалық «ҚАЗБІЛІМ» орталығы директоры, ақын Аятжан Ахметжанұлы Facebook парақшасында мынадай пікір білдіріпті:
Балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны алады...
Әлі есімде студент едік, 2010 жылы болса керек (нақты есімде жоқ) Астана қаласының сол кездегі әкімі Иманғали Нұрғалиұлы қаладағы №54 мектеп-лицейіне барды, Ақселеу аға қайтыс болғаннан кейін бір жылдан соң, мектепке болашақта Ақселеудің марқұмның аты беріледі, заң бойынша тұлғаның атын қайтыс болғаннан кейін, тек бес жылдан соң ғана мемлекеттік нысанға, көшеге т.б ға беруге болады, - деді, кәдімгідей қуанып қалдым. Ақселеу марқұмның Астана қаласының көше аттарын қазақ тарихына байланыстыруға қосқан еңбегінің өзі ғана бір мектепке атын беруге лайық, бұдан тыс ұшан еңбегі ше?
Әттең, одан бері алты жыл аунады, қайтыс болғалы биыл 7 жылдан асып кетті, бірақ сол №54 мектеп-лицейі әлі бейресми ғана Ақселеу ағаның атында, ал құжат жүзінде әлі орындалған жоқ.
Бұл нақты есімде, 2012 жылы 4 наурыз күні еді, Астана қаласы №66 мектеп-лицейінде Алаш партиясының 95 жылдығына орай іс-шара өтті, іс-шараның өтуіне Берік Уәли аға бастаған Нұротандықтар себепкер болды. Сол іс шарада Әлихан Бөкейхан туралы деректі фильм көрсетілді. Іс шарада Тұрсын Жұртбай аға, Ерлан Қарин аға, тағы біраз атқа мінер ағалар бар. Сол іс-шарада Айнұр атты 10- сынып оқушысы шәкіртім ағалар осы мектепті Әлихан атаның атына берейікші, сіздер осыған мұрындық болыңыздаршы, - деді, әрине ағалардың тілеуі де осы еді... Қуана қолдады. Әрине, бір түйір өтірік қоссам досым Серік Жолдасбай куә. Ол кезде мен сол мектептің химия пәні мұғалімі едім, Әлихан Бөкейханов атындағы мектепте істеймін деп біраз уақыт мақтанып жүрдім...
Одан бері бес жылға жуықтады... Биыл Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойын әлем тойлады, бірақ, сол мектеп те, Астанадағы басқа мектеп те Алаш көсемінің атына бұйырмады... Келесі жылы Алаш партиясының 100 жылдығы, бәлкім бұйырып қалар... кім білсін...
Бәрінен де сол Айнұр деген қыз анда-санда жолыға қалса сұрайды, мен амалсыз бетімді басамын...
Кеше ғана Алматы қаласы №157 мектептің мәжіліс залына Төреғали Төрәлінің аты берілді, - деді, артынан ақпарат ресми түрде расталды. Әлі есімде Төреғалиді тұңғыш рет 2009 жылы көктемде Талдықорғанда айтыста бірге болғанбыз, сол жерге Қайнар Алакөз ертіп барған, жаңылмасам 9- сынып оқушысы, сахнаға жаңа шығып жүрген кезі еді, одан бері он жыл болған жоқ, яғни Төреғали сахнада өнер көрсеткелі он жылда толмады... Ал кеше...
Атын беруге ел ауызындағы екі уәж, шын өтірігін білмеймін, бірі мажіліс залын Төреғали жасақтап беріпті, иә, жасақтап берсін, мектепке көмектессе не бопты, бірақ көмектесті екен деп атын бере берсе мемлекеттік мекемеде не құн қалады, егер жасақтап берсе атын беретін болса жоғарыда атын атаған ағалар Алаш қайраткерлері атынан әлде неше мектептің мәжіліс залын жасақтап беруге шамасы жетеді, ниетті де... Тек Алаштықтардың атын берсе болды, тіпті Серік Жолдасбай екеуміз ақ бір Алаштықтың атынан жасақтап берейік, атын берсін...
екінші уәж, мектеп басшылығы Төреғалиды қатты жақсы көреді-мыс...Тіпті күллі қазақтың бүгіні үшін тер төккен тұлғалардан да қатты ма? Тәрбие береді деген мектептің директоры ессіз эстраданың фанаты ма?
Мен басқадан емес тек сол мектепте оқитын оқушылардан ұялдым, Төреғали неге ұялмады, сауатсыз директор неге мектеп басқарып отыр, ол кімге үлгі түсінбедім...
Негізі «Ұлы дала баласы» деген сөздің өзі ұяттау, басқамыз құры даланың баласымыз ба?
P.S. Біз ұрпаққа не тәрбие береміз? Кім бол дейміз? Астымыздағы байлықты әнмен ашып, жерімізді әнші қорғайма? Ертең бұл үрдіс жалғасса... Енді олар қайтсын, балапан ұяда нені көрсе ұшқанда соны алады... ал, біз балапандарға көрсететініміз осы ғана болып тұр...
Ары қарай сөзім жоқ...
Ал енді патриот ұрпақ тәрбиелейміз деп ұрандағанның бәрі өтірік... Сөз емес, іс керек!, – деді ол.
Facebook-тағы бұл жазбасына адамдар келісетінін айтып, мынадай пікірлер де қалдырған:
«2010 жылы N54 мектепте жұмыс жасадым, Сейдімбекке арналған мұражай ашылды, мектепке атын береміз дегенді мен де естідім. 2012 жылы N66 мектепте болған жиналыстың да куәсі болдым, ол кезде физика пәнінен дәріс бердім. Аятжанның айтып отырғаны шындық, айтылған уәделер орындалмады. Сандармен аталатын мектептерді Халықтың зиялы азаматтарымен аталса жарасымды болар еді. Ал Төреғали аузынан ана сүті кеппеген жас бала,атақты ақшамен есептеу дұрыс емес. Ұстаз псиxолог қой, 38-жыл ұстаздық ойым осы» десе, бірі: «Айеке жақсы айттың. Оқушы қыздың ұсынысы баршамызды қуантып еді. Бұл туралы кезінде Алаш айнасы газеті жазды. Өкінішке қарай әлі күнге дейін іске аспай отыр»,- дейді.
«Әлихан Бөкейхановтың атына бір медресе (оқу нысанын -Ә.Н.) ашу туралы "228 партияда жұмыс қылған Жетісу облысы Қапал уезінің 700 жігіті, Торғай облысы, Ақтөбе уезінің......94 жігіті Ғалихан Бөкейханов атына деп я медресе, я степендия ашу жолына арнап екі мың сом жиып" 1917 жылдың маусым айында бастама көтерген. Шәкәрім осы бастаманы қолдап, "Сарыарқа" газетінде арнайы мақала жазған. Елді үн қосуға шақырған.
Міне, бір ғасырға таяп қалыпты. Сол бастама әлі күнге дейін сыйырқұйымшақталып келе жатыр. Өкінішті, әрине! Ұлыларымызды әрдайым осылай ұлықтай берсек, бұл мәселе де шешіледі...»
«Шыныменде асыл мен жасықты ауыстырып алдық....»
«Аятжан өте орынды жаздыңыз.
Бұрын xалықтың ең Ардақты ұлдарын мақтан етіп, атын ұрпақтарымыз біліп жүрсін деп,көше,мектеп,мәдениет орындарының атын беруші едік, енді бір-екі тойға арнап ән салатын "әншісымақтар" орденді де алып, депутат та болып, мәжіліс залының атын алатынын естіп жатырмыз.
Алаштың Әлиxанының, қазақтың Ақселеуінен ардақты кім бар?!
Екеуі де екі мектептің атына лайықты. Сол мектептің оқушылары мақтан етер еді!» деген сияқты пікірлер қалдырған.