Ақтоғайды аутсайдер еткен әкім әлімжеттік жасаған ба

/uploads/thumbnail/20170708153138207_small.jpg
(Суретте: Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданының әкімі Ниқанбай Иманғалиұлы Омарханов )

Қарағанды облысының Ақтоғай аудандық лицей ректорының орынбасары өзіне-өзі қол жұмсағаны жайлы ақпарат отандық БАҚ-тың бас тақырыбына айналған еді. Содан бері екі апта өтті. Алайда істің ақ-қарасы анықталар емес әлі күнге дейін.

Қаперіңізде болса, Ақтоғай елді мекеніндегі кәсіптік лицей ректорының 52 жастағы орынбасары өз үйінде асылып қалған. Ер адам өзін аудан әкімі өлімге итермелегенін айтып, соңғы жазба қалдырған. Онда: «Менің өліміме аудан әкімі Ниханбай кінәлі», – деп жазылған (суретте). Полиция оқиға бойынша тергеуалды тексеріс жүргізіп жатқан. Ал лицей әкімшілігі қандай да бір түсініктеме беруден бас тартқан еді. Содан не нәтиже дейсіз ғой?! Әзірше еш.

Әлқисса, содан республикалық БАҚ өкілдері лицей ректоры орынбасарының туыстарымен тілдесті. Олар бірауыздан аудан әкімін айыптап отыр.

«Ол кісі мұндайға бармас еді. Әкімнің кесірі», – дейді марқұмның қызы Гүлжан Ахметова. Ал марқұмның жұбайы Өрік Күсенбаева: «Әкім қыспақтады. Ол көп нәрсені айта қоймайтын. Мен алдап сұрап алатынмын», – дейді. Отағасы қайғылы оқиғадан бір күн бұрын ғана аудан әкімімен кезекті рет тілдескен екен. Сөздерінше, бірнеше айдан бері аудан басшысы ұстазды әкім болуға мәжбүрлеп келген. Үлкен атаққа қызықпаған ұстазды шенеунік, тіпті, қорқытуға дейін барған көрінеді.

Марқұмның ұлы Арнұр Совет әкімнің кінәлі екенін бірден білген. «Тергеушілерге бірден айттым ол әкім деп. Айқайладым. Өйткені әкім маза бермейтін», – дейді ол.

Ал әкімнің өзі не дейді? Марқұмның ақырғы хатында кінәлі деп көрсетілген әкіммен сұхбаттасудың сәті түспеді. Аудан әкімі Ниқанбай Иманғалиұлы Омарханов тілшілермен тілдесуден неліктен қашып отыр?! Сәйкесінше, баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, істің ақ-қарасын айырып берсе абзал еді. Неге үнсіз?

Қазіргі уақытта біржақты ғана пікір қалыптасып отыр. Қандай? «Әкім кінәлі» деген. Өйткені екінші тараптан жауап жоқ. Сондықтан бұқара халықта әкімге, ең бастысы, мемлекеттік қызметкерге деген сенімсіздік туындайды.

 СЕНІМСІЗДІК ВОТУМЫ

Әлбетте, бұқара халық, тіпті, біз (БАҚ) әкімге сенімсіздік білдіре алмаймыз. Өйткені бізде ондай құзірет жоқ. Алайда аудандық мәслихат депутаттары қайда? Айға қарап отыр ма, сайға қарап отыр ма?! Қазақстан Республикасы Конституциясының 87-бабында тайға таңба басқандай жазылған: «Мәслихат депутаттарының жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасы бойынша әкімге сенімсіздік білдіру туралы мәселе қойылуы мүмкін. Бұл жағдайда мәслихат өз депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен әкімге сенімсіздік білдіруге және оны қызметінен босату жөнінде тиісінше Республика Президентінің не жоғары тұрған әкімнің алдына мәселе қоюға хақылы», – деп. Қарапайым тілмен айтқанда, сенімсіздік вотумы.

Қадірлі Мирхаят Оңғарқұлұлы, «Аудандағы өкілетті биліктің өкілі ретінде аудандық мәслихат елмен бірге біте қайнасып, қай кезеңде де халық мүддесі үшін қызмет етуде», – деген өз сөзіңіз.

Оған қоса Ақтоғай аудандық мәслихаты аудан аумағындағы өкілді орган болып табылады, халықтың еркін білдіретін және ҚР заңдарына сәйкес оны іске асыру үшін қажетті шараларды белгілейтін және олардың жүзеге асырылуын бақылайтын орган.

Олай болса, аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясын өткізу қажет тездетіп. Не үшін? Халық мүддесі үшін. Шулы істің шындығын ашып, бұқараға айтпақ үшін.

Әлбетте, біз жоғарыдағыны «сылтауратып», заңға сәйкес «сенімсіздік білдіріңіз» деп отырғанымыз жоқ. Мәселен, сеніміздік білдіремін десе негіз жоқ емес.

 

Ақтоғай аудандық мәслихатының хатшысы

М. Оңғарқұлов мырзаның және депутаттар назарына!

АУТСАЙДЕР АУДАН

1280px-Aktogay_Qaraghandy_District_Kazakhstan

Арқадағы Ақтоғай – Алаш елінің талай саңлақтары туған жер. Олардың атын айтып, түсін түстеп жату артық, әрине. Ән мен жырдың, өнердің қара шаңырағы екені әмбеге аян. Алайда, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан осылай мақтай алмайтынымыз өкінішті.

2014 жылғы 1 қаңтарға берілген мәлімет бойынша, облыстың қалалары мен аудандарының әлеуметтік-экономикалық дамуының рейтингісіне сәйкес, Ақтоғай ауданы соңғы 18-інші орында екені жасырын емес.

Қаперіңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 12-29 наурызы аралығындағы кезеңде Ақтоғай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына кешенді тексеру жүргізілген еді. Қорытындысы мынау: Ақтоғай – Қарағанды облысының аутсайдер (артта қалған – Авт.) ауданы. Не себепті?

Өйткені жағдай жергілікті атқарушы органдардың жұмысындағы бірқатар кемшіліктермен түсіндіріледі.

Ақтоғай ауданы экономикасының негізгі бағыты ауылшаруашылығы өндірісі болып табылады, соған байланысты экономиканы өсіру резерві әлеуеті, негізінен, мал шаруашылығын дамыту есебінен орын алады. Ауданда мал шаруашылығын табыспен дамыту үшін табиғи жайылым алқаптарының үлкен ресурстары бар, мал бағу үшін жайылым жеткілікті. Қазіргі уақытта ауданның агроөнеркәсіп кешенін (АӨК) дамытуда мал шаруашылығына басымдық белгіленіп отыр.

Сонымен қатар ірі қара малдың басы 5,4%, жұмыртқа өндіру 36,9%, жүн өндіру 12,1%-ға кемігені байқалады. Нәтижесінде ауылшаруашылығы жалпы өнімдерінің айғақты көлем индексі 89%-ды құрады.

Көрсеткіштердің төмендеуі жергілікті атқарушы органдардың әлсіз жұмысымен түсіндіріледі. Мысалы, Тасарал, Кежек селолық округтерінде және Ақтоғай селосында ветеринарлық пункттер құрылмаған, Қараменде би, Қызыларай, Қусақ селолық округтерінде құрылуы көзделген жайлар электрмен, жылумен қамтамасыз етілмеген, үй-жайға құқық белгілеуші құжаттар жоқ. Селолық округтерде құрылған 14 ветеринарлық пунктте республикалық бюджет есебінен алынған ветпрепараттарды сақтайтын жайлар (жағдай) жоқ. 8 селолық және кенттік округте тұрғындарға қызмет көрсететін мал соятын орындар жоқ. Селолық округтердің әкімдері елді мекендерде мал жаятын жерлерді белгілемеген.

Ақтоғай ауданының этно-, эко- туризмді дамытуға үлкен әлеуеті бар. Соған қарамастан, дамыған инфрақұрылымның болмауы, соның ішінде жол бойындағы сервистің жоқтығы, өңірде туризмді дамытудың нақты жоспары, аудан орталығының бас жоспары болмауы осы саланы одан әрі дамытуды тежеп отыр.

«Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы бойынша аудандық бюджеттен арендалық тұрғын үй мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына қаржы бөлінбейді. Ақтоғай ауданының бас жоспары бекітілмеген. Ақтоғай селосындағы тұрғын үйлер мен инфрақұрылымның тозу көрсеткіші 90%-ға жеткен. Тұрғын үйлерге тартылған бірқатар инженерлік желілер ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге келмейді. Ақтоғай селосының ішінде жеті зират қорымы бар. Оның ішінде үшеуі үлкен аумақты алып жатыр. Село үйлерінің бір бөлігі осы қорымдардың шетінде тұр. Бұл санитарлық қауіпсіздік нормалары, моральдық-психологиялық және діни талаптарға қайшы келеді. Инфрақұрылымның тозуы салдарынан тұрғындарға әлеуметтік және коммерциялық қызметтер толық көлемде көрсетілмейді (кәріз жүйесі тартылмаған және көп үйлерге сумен жабдықтау жүйесі жеткізілмеген).

Тұрғындарының саны 5 мыңнан асатын елді мекендердің бас жоспарларын әзірлеудің 2013-2015 жылдарға арналған кестесіне сәйкес, Сарышаған мен Шашубай кенттерінің бас жоспарларын әзірлеу 2014 жылға белгіленген. Осы уақытқа дейін Ақтоғай ауданының әкімдігі жоғарыда аталған қала құрылысы құжаттарын дайындауға қаржы қарастырмаған. Бүгінгі күнге дейін Ақтоғай ауданының сәулет және қала құрылысы бөлімі осы жұмыстарды сметалау мен ауданның экономика және қаржы бөліміне бюджеттік өтінім ұсыну жұмысын ұйымдастырмаған.

Ақпараттық-насихат жұмыстарын ұйымдастыру, бір жылға арналған ақпараттық күн тәртібін жасақтау үшін үлкен маңызы бар оқиғалар қатарын ескерусіз қалдырып, ішкі саясат саласында нақты мұқтаждықтар көрсетілмеген.

Ауданда бүгінгі заман талаптарын ескере отырып, ішкі саясат саласындағы жұмыстың тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа көзқарастар мен әдістер қолданылмайды.

Ішкі саясат саласындағы жұмысқа өңірлік элита тартылмайды, ал олардың саяси бастамаларды жоспарлаудағы, қоғамдық жағымды пікірді қалыптастырудағы ролі өте маңызды.

Ұтқырлықта мәселелер бар: көлік жоқ, соған байланысты селолық округтер мен кенттер арасында тиісті деңгейдегі өзара байланыс жоқ. Ішкі саясат бөлімінің мамандары селолық елді мекендерге бармайды.

Бөлім мамандары өздеріне тән емес функцияларды (сыйлықтарды сатып алу, тарату; негізінен, мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізу) орындап жүр. Жұмыста жүйелілік жоқ. Бір жолғы іс-шаралардың саны үлкен.

Бюджеттік жоспарлау кезінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орындау мәселесі ескерілмеген. Солай бола тұра, даму бағдарламасында азаматтық қоғам институттарымен бірлесе іс-әрекет ету индикаторы маңызды болып табылады.

Жер қатынастары бөлімі ауылшаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін пайдалану жұмысын нашар жүргізеді, талапты бұзған жер қойнауын пайдаланушылармен жұмыс тиісті деңгейде емес, сол сияқты жерді су қоры жеріне ауыстыру жүргізілмеген.

Орманға жарамды жерлерді анықтау, олардың бағыныштылығын нақтылау, аудан аумағында жасыл белдеулер орнату үшін топырақты талдау мен жерді қайтарымсыз негізде беру үшін құжаттар дайындау жөнінде облыс әкімінің орынбасары берген тапсырма орындалмаған, ауданның елді мекендерін көгалдандыру бойынша іс-шаралар жоспары әзірленбеген, аудан жері қорынан аудан әкімдігінің қаулысымен орман-тоғай құруға жер белгіленбеген, селолық округтер әкімдері техникалық паспорттар жасамаған және қоршаған ортаны қорғауға эмиссияға рұқсат алмаған, ҚР Үкіметінің 31.07.2013 жылғы Қаулысымен бекітілген 2013-2020 жылдарға арналған «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленбеген, сол сияқты ЭКСПО – 2017-ге арналған іс-шаралар жоспары әзірленбеген.

Ақтоғай селосында нөсер жауын кәрізінің құрылысы қажет, себебі Шатырша тауынан ағатын бұлақ сулары әр түрлі бағытпен селоға келеді. Сол сияқты көктемгі су тасқыны мен нөсер жауын кезінде ағын су үнемі тұрғындардың үйлері мен шаруашылық құрылыстарын бұзып кетеді, себебі бұл аумақ төменде орналасқан.

Аудан бойынша жылумен жабдықтауды оқшау 3 қазандық жүзеге асырады, олар: Шашубай кентіндегі 1 қазандық, Сарышаған кентіндегі 2 қазандық және аудан орталығы Ақтоғай селосында 37 автономды жылыту жүйесі. Ауданның жылу желілерінің тозуы жекелеген бөліктерде 50%-дан асады.

Жылыту маусымы кезінде аудан орталығы Ақтоғай селосында қою түтін байқалады, бұл – селодағы көптеген автономды жылыту жүйелерінің, шағын қазандықтар мен пештердің түтіндері. Жекелеген әкімшілік ғимараттарында 3-4 ұйым орналасқан және әрқайсысының автономды жылыту жүйесі бар. Бұл жағдай өңірдің экологиясы мен тұрғындардың денсаулығына зиянды әсерін тигізуде. Аудан орталығында қазандықтар салу қажет.

Елді мекендердің ішіндегі жолдардың апатты жағдайы басты мәселе болып табылады. Жергілікті маңыздағы жол жабындысының тозуы 80 пайыздан асады, ағымдағы жөндеу жұмыстары бұл мәселені шешпейді. Көптеген жылдар бойы аудан бюджетінен жолдарды жөндеуге қаржы бөлінбегенін атап көрсету керек, бұл өз кезегінде жол жабындысының бұзылуына әкелді. Бірақ 2014 жылы бірінші рет орташа жөндеуге 40 млн теңге ақша бөлініп отыр.

Өңірде жол-көлік оқиғаларының артуы байқалады. Есепті кезең ішінде (2012-2013 жылдары) жол-көлік оқиғаларын тіркеу 28,5%-ға өскен (28-ден 36-ға), жол апатынан қаза болғандар саны 7,7%-ға өскен (13-тен 14-ке), ал жараланғандар саны 35,7%-ға өскен (42-ден 57-ге). Бұл жол-көлік оқиғаларының негізгі бөлігі (31 жол-көлік оқиғасы) республикалық маңыздағы жолдарда орын алған, оларға ІІД әкімшілік полициясының 4-інші облыстық взводы қызмет көрсетеді, себебі жолдың бұл бөліктеріне Ақтоғай ауданының ІІБ қызметкерлері қызмет көрсетпейді.

Ақтоғай ауданы әкімі аппаратына есепті 2013 жылы жеке тұлғалардан 788 арыз түскен (2012 ж. – 650), бұл 2012 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 138 арызға көп.

Азаматтардан келіп түскен арыз-шағымдардың талдауы мынаны көрсетті: барынша көп арыз жер қатынастары мәселелері бойынша – 54%, жұмыспен қамту және әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелері бойынша – 19%, үй бөлу және кезекке қою мәселесі бойынша – 17,5%.

Жергілікті атқарушы органдар қызметінің негізгі өлшемдері – құзыреттілік, сабақтастық, тұрақтылық, жауапкершілік және олардың жұмыс нәтижесінің тиімділігі.

Өкінішке қарай, Ақтоғай ауданы әкімі аппаратының жұмысына жасалған талдау кадр мәселесі бойынша мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігі бүгінгі күннің талаптарына сәйкес келмейтінін көрсетті.

Тексеріс барысында әкім және аудан әкімі аппараты тарапынан мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы жүзеге асыруда кемшіліктер анықталды.

ТҮЙІН

Әкім әлімжеттік жасайтын болса – әлеуметтің соры. Шын мәнінде, әкім марқұмды өлімге итермеледі ме? Сұрақ көп, жауап жоқ.

Турасын айтсақ, артта қалған ауданды алға бастайтын, аяғын шалғай баспайтын әкім керек. Жаңашыл һәм табанды басшы. Әлеуметтік-экономикалық бағытта түбегейлі реформаларды жүзеге асыру үшін. Әзірше түйгеніміз – осы, ілеріміз әлі алда.

 Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар