Ақылды адам, ақымақ және құл

/uploads/thumbnail/20170709191537906_small.jpg

Лу Шүн (Қытай)

 

 Құл мұңын шағатын адам іздеп жүруші еді, оған керегі осы ғана еді, қолынан келері де осы еді. Бір күні ақылды адамға кездесе кетті
  − мырза, - деді ол қайғырған бейнемен, көз жасы бір сызық болып көзінің құйрығынан сорғалап кетті, − өзің білесің, менің көрген күнім құрысын, күніне бір уақыт нәр татуымның өзі де нағайбыл. Бұл бір уақыттық тамақ ақ жүгерінің кебегі ғана. адам тұр ғой, доңыз мен ит те татпайды. Оның үстіне түйенің көзіндей пиаламен ғана береді. 
  −Аянышты - ақ екен, - деді ақылды адам да қайғырған кейіппен. 
  − Бәсе, - деп қуанып қалды құл, - бірәқ жұмыстан күн - түн әмір таппаймын, ерте тұрып, су әкеліп, кешке тамақ пысырамын, түске дейін базарға сабылып, түні бойы ұн тартамын. Ашық күні кірін жуып, жаңбыр жауса тұтам күндік, қыста газ ошаққа от жағамын, жазда желпуіш желпимін. Түн ортасында саңырауқұлақ пысырып, құмар ойнаған қожайынымды күтемін, бухгалтерден ақша алғанды қойып, ара - тұра қамшы да жеймін.
  − Паһ, паһ, - деп күрсініп қойды ақылды адам, жас шығатын құсап, көзінің кіреукесі әнтек қызарып тұрды. 
  − Мырза, бөйтіп төзе алатын емеспін. қалайда басқа бір лажын табуым қажет болып тұр. Бірақ не шара бар деші?... 
  − Меніңше, түбінде бір жақсылық көріп қаларсың... 
  − Рас па?! әмсе солай болса екен. Бірақ, мырза, өзіңе шерімді шақтым әрі тілектестігің мен жұбатуыңды естіп, едәуір кеңіп қалдым. Әлемде әділет атаулының әлі де құрымағандығы осы ғой. 
  Бірақ бірнеше күн өтпей жатып, ол тағы да алақызып, мұңын шағатын адам іздеп шықты. 
  − Мырза, - деді көз жасын ағызып тұрып, −өзің білесің, менің жатар орным доңыз қорадан да бетер. Қожайын мені адам екен демейді. Өзінің кәндегін менен әлденеше он мың есе артық көреді. 
  − Көк соққан неме, - деп әлгі адам ақырып қалғанда, құл шошып кетті. Бұл адам ақымақ еді. 
  − Мырза, мен тозығы жеткен аядай жалғыз бөлмелі үйде тұрамын, сызы сүйектен өтеді, көрдей тас қараңғы, қандала дегеніңіз өріп жүреді. Көз іліне бере шаққанда, айызыңды қандырады. Күлімсі иісі қолқаңды қабады. Төрт қабырғасында бірде - бір терезе жоқ. 
  − Қожайыныңа айтып, терезе ашқызып алсаң болмас па еді? 
  − Онда қайтып болады?... 
  − Онда мені ертіп баршы, көрейін. 
  Ақымақ құлға еріп, үйдің сыртына келді де, тамды тесе бастады. 
  − Мырза, бұл не қылғаның? - деді ол шошынған үнмен. 
  − Саған терезе ашып берейін деп жатырмын. 
  − Болмайды, қожайын ұрсады. 
  − Онда жұмысың не! - деп ол алған бетінен қайтпады. 
  − Аттаныңдар! ұры үйді талқандап жатыр. Шапшаң келіңдер, кешіксеңдер, тесіп те жібереді. 
  Ол өкіре жылап, жерде дөңбекшіп жатты. Бір топ малай шығып ақымақты қуып салды. Айғай - шуды естіп найқала басып қожайын жетті. 
  − Бір ұры үйді шаққалы жатыр еді, өзім бас болып, аттан салдым, бәріміз бірігіп, қуып жібердік, - деді ол ибағатты әрі жеңген пішінмен. 
  − Жарайды екенсің, - деп қойды қожайын оны мақтап. 
  Бұл күні оны жұбатуға толып жатқан адам келді, ішінде ақылды адам да бар еді. 
  − Мырза, бұл жолы еңбек көрсетіп қожайыннан мақтау алдым. Ана жолы, түбінде, бір жақсылық көресің деп едің ғой. көреген - ақ екенсің, - деді ол үлкен үміт күткен адамдай қуанышты бейнемен. 
  − Міне, солай емес пе..., - деді ақылды адам оның қуанышына ортақтасқан кейіппен.

аударған: Әбділдабек Ақыштай

Қатысты Мақалалар