БИЛІК НАЗАРЫНА: ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫМЕН НЕКЕЛЕСУГЕ ҚЫТАЙЛАР АРНАЙЫ КЕЛСЕ ҚОҒАМДА ТҰРАҚСЫЗДЫҚ ОРЫН АЛУЫ МҮМКІН

/uploads/thumbnail/20170709193219733_small.jpg

ҚР ҰҚК төрағасы Кәрім МӘСІМОВТІҢ назарына;

ҚР Ішкі істер министрі Қалмұхамбет ҚАСЫМОВТЫҢ назарына;

Шығыс халықтарының арасында, жалпы мұсылман елдерінде әйел затын бөлекше бағалайтын, қарындасты қатты қастерлейтін халықтың бірі де, бірегейі де – біздің қазақ.

–  Нұрсұлтан Әбішұлы

 

Кешелі бері қоғамда қатты наразылық, әлеуметтік желіде үлкен толқу болып жатыр. Қазақтың қызын қытайға саудалайтын агенттік ашылыпты Астанада. Тіпті «Астана арнасы» «Қытайлық күйеулердің ақпанда келгелі» жатқанын айтып дабыл қақты.

Татьяна Логвиненко есімді әйел басшылық ететін агенттік тіпті қытай күйеу тауып бергендігі үшін қазақстандық қыздардан 25 мың теңгеден ақша алады екен. Сондай-ақ оны ашықтан ашық жарнамалап жатыр. Агенттік арнаулы анкета толтырған қыздардың «бақытты» болып кетуі үшін қытай мәдениетін де айлап үйрететін болса керек. Қытайда әлеуметтік жағдайы жоғары азаматтардың көп екенін айтып, қыздарды арбап отырған агенттікке «алғашқы күйеулер ақпанда» келеді деп отыр.

Ал, Қытайдан күйеу тауып береміз деген агенттіктің өзін ақтап алар аргументі тек қазақ қыздары емес өзге ұл өкілдері де қызығушылық танытып, олардың қызметіне жүгінеді екен. Әрине, демографиялық үлес бойынша да, әлеуметтік жағдай бойынша да қарасаңыз «саудаланып кететіндер» қазақтың қыздары екені анық.

Сол агенттіктің қытайға саудалағысы келетін қазақ қыздары –  Мағауинше айтқанда «Ежелгі епостағы Гүлбәршін мен Құртқа, Ақжұныс пен Назым. Шежірелі тарихтағы Домалақ-ене мен Қыз-ене, Айша-бибі мен Абақ-ана. Таңбалы тарихтағы Қасым ханның аналары Жақсы-бике, Абайдың анасы Ұлжан, арыдағы, Алаштың тұлғасы болған тағы қаншама алыпты туғызған, есімдері сақталмаған әулие аналар, берідегі ел билеген Айғаным мен қол бастаған Бопай – қазақ әйелінің асқақ әрі нақты көрінісім сондай болдық күні кешеге дейін.»

Астана арнасы аталған мәселеге қарсы тараптың қол жинап әділет министрлігіне жүгінгелі жатқанын хабарлады. Ал, әлеуметтік желіде «қол жинап» неке агенттігін «шауып алайық», Қазақстанда жүрген қытайларды сабайық деген сияқты жазбалар көбейіп кетті. Және бұлар бір-бірін қолдап, намыстар қайралуда. Тіпті, қытайлар көп жүретін нүктелер, мекендер, базарлар түгенделіп те жатыр. «Татьянаны жауапқа тарту керек» деп жатқан да пікірлер жеткілікті. Бұдан, Қазақ жер мәселесінде қалай көтерілсе, ұлттың ары мәселесінде де солай көтерілетінін көре аласыз. Рас, өтке жылы «жер шетелдікке сатылады, ұзақ жылға жалға беріледі» дегенде тұтас Қазақстан өре түрегелген. Енді, «қыз саудасы» қазақты тағы көтерейін деп отыр.  

Қазақстанның ішкі тұрақтылығы мен ұлттардың ынтымағы сынға түсейін деп тұрған мәселенің салмағы ауыр. Қазақ қоғамында келеңсіздік пен бүлінушілік тууы мүмкін. Қазақстан мен Қытайдың арасында дипломатиялық қатынасты да өткір ұстараның түзіне жығып беріп отырмыз. EXPO сияқты халықаралық көрме өткізейін деп отырғанымызда мемлекетке қара күйе жағар қандай бір әрекеттің алдын алуға тиіспіз. 

Елбасымыз ылғи да дәріптеп келе жатқан Қазақстандағы бейбітшілік пен тұрақтылық бұзылар болса оған кім жауап береді? Агенттік пе? 

Еліміздің тұрақтылығы мен тыныштығын сақтап келе жатқан күштік құрылымдар мен қауіпсіздік органдары мұндайға жол бермейді деп сенеміз.

Қазақтың қыздарын қытайға саудалау біздің ұлттық намысымызға қарсы келетінін, ұлт араздықты тудырып отырғанын ескере отырып, құзырлы орындардың тез арада агенттік ісіне тосқауыл болуын, әлеуметтік араздықтың алдын алуын талап етеміз.

Нұрғали Нұртай

Қатысты Мақалалар