Қазақ эстрадасының 99 пайызы фонограммаменен ән салып, той бизнеспен жан бағады. Шындықты сайратсақ, өн бойы шындықтан ада қалған біздің қоғам жалғандықтар мен өтіріктің отанына айналған. Өзімізді-өзіміз өтірік қамшылап, жалғандықтарымызға жанталаса жүгіреміз де жүгінеміз. Сақылдап жүріп тұрған уақыт машинасы адам, қоғам, заман деген сияқты өлшемдерді жүктеп алып зырлап барады. Соған ілесеміз деп біз не істемей жатырмыз. Біз бәрін істеп жатыр екенбіз. Өтірік еңбек етеді екенбіз, өтірік атақ алады екенбіз, өтірік конкурс өткізеді екенбіз, өтірік өнер көрсетіп, өтірік ән айтады екенбіз. Өтірік мүшайра өткізіп, өтірік ақындар айтысын өткізеді екенбіз. Өтірік сайлауды бастап, өтірік ұтады екенбіз... Өтірік, өтірік... Осылай өтірік өріп тұрған ортада жүріп «91» деген топ шығып еді, «Ойбай, құртты бізді деп» жаңағы өтірікшілер жапа тармағай ұлтшыл, салтшыл, діншіл бола қалыпты. Салтын сақырлатып ұстап жүрген қазақты көрмедім. Салт деген қазаққа тойда ғана керек. Дін болса өлгенде ғана керек. Ұлтшылдық намыс бар ма бізде?!
Ей, дұрыстап бір ән тыңдай алмайтын болдық қой! Фонограмистерден жүрек айныйды. Қалай десеңдер де «91» заманымен келген үздік топ. Жүректі тербеген өнер, өнер болмағаны ма қазақ үшін. «91» бізде бостықты толтырды. Біздің қызар шетелдің сондай алба-жұлба жігіттеріне «өлгенше», өзіміздің ауылдың сар бастары мен тесік құлақтарына «өлсін»! Обал-сауабы болса, күнә-азабы болса әркім өзі тартар. «91» деген топ келіпті деп, соншама өтірік пен жалғандықтан азбаған халық, енді аза қала ма? Қалай десек те 2016-ның үздік әні де, орындаушыларды да осылар. Өтірік патриот бола қалғанды қояйық. Өз басым намаз оқитын адаммын, бірақ бұл топты қолдаймын!
Жақсыбек ҚАҚАН