«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы Ұлттық ұланның 25 жылдығын атап өтті

/uploads/thumbnail/20170709193718610_small.JPG

Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында құқықтық тәртіп әскері-Ұлттық ұланның құрылғанына 25 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті. Бұл туралы Қамшы порталы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының Баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ел Тәуелсіздімен бірге Күштік құрылымдар ішінде алғаш құрылған бұрынғы Ішкі әскер, қазіргі Ұлттық ұланның төл мерекесін «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының жеке құрамы ерекше атап өтті. Салтанатты жиынға өңірлік қолбасшылық әскери бөлімдерінің жеке құрамы, сондай-ақ,  бірлесе әрекет етуші және жергілікті басқару органдарының өкілдерімен қатар Ұлттық ұлан ардагерлері де қатысты.

Салтанатты жиын ашық деп жарияланысымен, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Сабыржан Сүлейменов баяндама жасады. Ол өз баяндамасында Ұлттық ұлан әскерінің қалыптасу, даму тарихы, қызметтік-жауынгерлік жұмысына кеңінен тоқталды. Әскер тарихындағы маңызды оқиғаларды, Отан алдындағы борышын адал атқарған қызмет үздіктерін атап өтті.

Іс-шара барысында жауынгерлік қызмет атқаруда қырағылығымен көзге түсіп ерекшеленген әскери қызметшілер, өзара әрекеттестіктегі орган қызметкерлері және Ұлттық ұлан ардагерлері Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының және өңірлік қолбасшылық қолбасшысының грамоталарымен, «Құқық қорғау әскеріне 25 жыл» кеуде белгілермен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ұландықтарды төл мерекелерімен құттықтауға Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Альберт Маткаримов, Алматы гарнизонының прокуроры Тлекжан Сәткен, бұрын Қорғаныс министрінің орынбасары қызметін атқарған  отставкадағы генерал-майор Әмірбек Тогусов және басқа да ел азаматтары арнайы келді. Құқық қорғау әскерінің әскери қызметшілеріне жалынды тілектері мен жылы лебіздерін арнаған олар, Отан қорғау жолындағы жас жауынгерлердің жігерлі жолына сәттіліктер тілеп, мерекелерімен құттықтады. Өз сөзінде генерал-майор Әмірбек Тогусов: «Бұрынғы Ішкі әскер, қазіргі Ұлттық ұлан қатарында қызмет ету – үлкен мәртебе. Ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен тыныштық жолында жан аямай күресе білу – ерлікке тән игі іс. Сондықтан да жас сардарлар мен сарбаздарға айтарым, анттарыңа адал, қызметтеріңе берік, істеріңе мығым болыңдар. Өйткені Отан қорғау жолындағы қызмет қашан да абыройлы және абыройлы болып қала бермек! Ұландықтар мерекелерің құтты болсын!» - деп ағынан жарылды.

Еліміз Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін Қазақстан Қарулы Күштерінің ішінде алғаш болып Қазақстан Ішкі әскері құрылды. 1992 жылдың 10 қаңтарында Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасының Ішкі әскерлерін құру туралы Жарлыққа қол қойды. 1992 жылдың маусым айында «Қазақстан Республикасының Ішкі әскерлері туралы» Заң қабылданды. Әскерлер құрамына маңызды мемлекеттік нысандарды күзететін арнайы бөлімдер енді. 2014 жылғы 21 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлері Ұлттық ұлан болып қайта құрылды.

25 жыл бойы бұрынғы Ішкі әскер, қазіргі Ұлттық ұланның әскери қызметшілері Отан алдындағы міндеттерін атқаруда сенімге селкеу түсірген емес. Ұлттық ұлан атқаратын барлық тапсырмалар жауынгерлік сипатқа ие. Жылдар бойына Ұлттық ұланда Отанға адалдық, оны қорғауға әрқашан дайын болу, жоғары жауынгерлік әзірлік, әскери антқа адалдық, қырағылық, сатылмаушылық, жауынгерлік шеберлікті үнемі жетілдіру, тәртіп пен әскери достықты нығайту сынды өзіндік дәстүрлер қалыптасты.

Құқықтық тәртіп әскерлері жауынгерлік дайындық әзірлігі артылған барлық қызметтік-жауынгерлік тапсырмаларды өз уақытында атқаруға мүмкіндік жасады. Ұйымдастыру және тәжірибелік шаралар бөлімдер мен басқару органдарының жауынгерлік жағдайын, олардың азаматтарға, қоғам мен мемлекетке қылмыстық және басқа да қол сұғушылықтардан, төнген қауіпті дер кезінде еңсеру мүмкіндіктерін арттырды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының құрамына Алматы, Шымкент, Қызылорда, Тараз және Талдықорған қалаларында орналасқан, түзеу мекемелерін күзету, сотталғандарды және қамауға алынғандарды айдауылдау, мемлекеттік ерекше маңызды нысандарды күзету, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сонымен қатар табиғи, техногенді және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою бойынша  қызметтік-жауынгерлік тапсырмалар орындайтын 11 әскери бөлімі кіреді.  

Өткенге көз жүгірте отырып, Қазақстанның Республикасының Тәуелсіз, егеменді ел ретінде қалыптасуы мен дамуы жолында Ұлттық ұлан әскерінің лайықты орын алатынын және әлеуметтік-саяси тұрақтылықтың бірден-бір кепілі екендігін зор сеніммен айтуға болады. Өйткені құқық қорғау әскерлері қашан да өздеріне артылған міндеттерді табандылықпен орындап, күнделікті қырағы қызмет атқарады. Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында да өздерінің ерліктерімен көзге түскен бейбіт күннің батырлары да баршылық. Олар – 3 дәрежелі «Айбын» орденінің иегерлері  лейтенант Жандос Баянбаев, пен  лейтенант Ербол Отарбаев, өздерінің қырағы іс-әрекеттерінің арқасында Жетіген кентінде жоғалған Айзада Авлатарованы тауып, отбасына аман-есен жеткізген 5571 әскери бөлімі әскери қызметшісі аға лейтенант Рустам Сердалинов, Алматы қаласы Жетісу ауданында қарақшыны қолға түсірген қолбасшылық офицерлері майор Исмайыл Қадыров пен капитан Павел Фещенко, Тараз қаласында төтенше жағдайда адамдардың жаның арашалап қалған 5513 әскери бөлімінің жауынгерлері қатардағы жауыынгерлер Аман Әженов, Юрий Бажин, Юрий Дылюк, 9 жасар баланы ажалдан арашалап қалған әскери жасақ құрамы қатардағы жауынгер Аманжол Абзамов, Досбол Аяпбергенов, Ізбасар Сатыбалдиев және күні кеше ғана Шымкент қаласындағы төтенше жағдай салдарынан бір үйдің отбасын опырылып құлаған үйіндінің ішінен аман-есен алып шыққан старшина Руслан Бахрамов. Барлығы да өз ерліктерімен Отанға қалтқысыз қызметтің үлгісін көрсетуде.

Атап өткіміз келетіні, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері жақында өтетін 28-ші Қысқы Универсиада ойындары  кезінде қоғамдық қауіпсіздік пен ел тыныштығын қамтамасыз ететін болады.

ҚР Ұлттық ұланы  ҚР Ішкі істер органдарының бірыңғай жүйесіне кіретін құқық қорғау функциялары бар әскери құрылым. Құқық қорғау әскерлері мемлекеттің, қоғамның, азаматтардың қауіпсіздігін, сондай-ақ адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық және өзге де құқық бұзушылық іс-әрекеттерден қорғайтын және қауіпсіздігін қамтамасыз ететін әскери құрылым. Қолданыстағы Әскери доктринаға сәйкес ҚР Ұлттық ұланы мобильді, ұдайы әзірліктегі кәсіптік деңгейдегі әзірліктегі әскер болып құрылды.

    Шара соңы Ұлттық ұланның 25 жылдығына орай запастағы майор Елена Евстратенконың көркемдік жетекшілігімен «Генерал» тобының арнайы әзірленген  концерттік бағдарламасымен ұласты.

Қатысты Мақалалар