Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі қызметін атқарып, екі апта бұрын қызметтен кеткен Қуандық Бишімбаев тұтқындалды. Бұл туралы Жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро хабарлады.
Мәлімдемеде экс-министрдің қомақты көлемде пара алып, жеке мақсатқа жұмсағаны үшін тұтқындалғаны айтылған.
Бишімбаев ҚР ҚПК 128-бабына сәйкес, Астана қалалық ІІД уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.
Ол, 28 желтоқсан күні қызметтен босатылды. Ол бұл қызметте 8 ай ғана болған. Қуандық Бишімбаев ұлттық экономика министрі қызметіне дейін "Бәйтерек" холдингін басқарған.
17 қарашада "Бәйтерек DEVELOPMENT" АҚ басшылары ұсталған болатын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы "Бәйтерек DEVELOPMENT" АҚ басшысының пара алу дерегіне қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізген еді. Тергеу барысында "Бәйтерек DEVELOPMENT" АҚ лауазымды Жақыпов А. (Басқарма төрағасының орынбасары), Айтымбетов Б. (мемлекеттік-жекеменшік серіктестік дирекциясы департаментінің басшысы) және Сариев Ғ. (басқарушы директор) есімді лауазымды тұлғалар жүйелі түрде "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы аясында жалдамалы тұрғын үй кешенін сату қызметтерін көрсететін құрылыс компанияларынан ірі көлемде пара алғаны анықталды.
Айта кетер болсақ, 30 желтоқсан күні президент Назарбаев бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты тергеу шаралары жүргізіліп жатқанын айтқан еді.
Еске салсақ, 1980 жылдың тумасы, жас кадрлар өкілі болған Бишімбаев «Болашақ» бағдарламасы бойынша Дж. Вашингтон Университетін бітірген.