АҚШ Президенті Барак Обама өзінің қоштасу сөзінде американдықтарды демократияны қорғауға шақырды. Сөзінің соңына қарай көз жасына ерік берді деп хабарлайды bbc.com.
Өз сөзінде нәсілшілдік пен экономикалық теңсіздікті АҚШ демократиясының ең басты қаупі екенін айтты.
Американың демократиясына қауіп төндіретін тағы бірнеше факторларды атап өтті. Оның ішінде Обама әкімшілігі белсенді жұмыс істеп, орнатқан ережелеріне Дональд Трамптың бейжай қарауы да бар екенін айтты.
Барак Обама әлемдік тәртіпке діни фанаттар мен шет елдік автократия қауіп төндіретінін алға тартты.
«Ресей мен Қытай секілді бәсекелестер дәл осындай ықпалға ие болмауы үшін, біз өз сенімдерімізге сатқындық жасамауымыз керек. Сол кезде кішкентей көрші елдерге тыныштық бермейтін елге айналмаймыз» дейді Обама.
АҚШ Президенті Барак Обама Чикагодағы «Маккормик-плейс» конгресс-орталығында өзінің қоштасу сөзін айтты. Ол соңғы сөзін Ақ үйде емес, 2008 жылы президент сайлауы кезіндегі алғашқы жеңістерінің куәсі болған Чикагодағы орталықта айтқысы келгенін айтты.
Конгресс-орталыққа Барак Обамамен бірге әйелі Мишель Обама және вице-президент Джо Байден жұбайымен келді.
Залға 20 мыңға жуық адам жиналды. Бастапқы кезде іс-шараға билеттер тегін таратылған. Алайда оған сұраныс артып, алыпсатарлардың ғаламтордағы бағасы мың доллардан асып кеткен.
Барак Обама 2008 және 2012 жылғы президент сайлауында жеңіске жеткенде Чикагода сөз сөйлеген.
Обама мінберден әйелі Мишельге қарата сөйлеп тұрып, көз жасына ерік берді: «Соңғы 25 жылда сен тек менің жұбайым, балаларымның анасы ғана емес, менің ең жақын досым болдың...Және мен сені мақтан тұтамын. Ел мақтан тұтады».
АҚШ-тың алғашқы қара нәсілді 55 жасар президенті 2008 жылы сайланды. Оның ізбасары Дональд Трамп Обаманың кейбір реформаларын жоятынына уәде берді.
2017 жылдың 20 қаңтарында сайланған президенттің инаугурациясы өткеннен кейін ресми түрде қызметіне кіріседі.