«ҚАМШЫ» ПОРТАЛЫ КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕГЕ ИМАНҒАЛИ ТАСМАҒАМБЕТОВ ҚОЛДАУ КӨРСЕТТІ

/uploads/thumbnail/20170821113412549_small.jpg

Қазақтың тұңғыш Республикасы Алашорданың құрылғанына 99 жыл толған күнінде «Қамшы» порталында «МЕМЛЕКЕТ ҚАРАУЫНСЫЗ ҚАЛҒАН ІРІ МЕМЛЕКЕТ ҚАЙРАТКЕРІНІҢ ҮЙІ»  атты мақала жарияланған болатын. Онда, Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлының өзі тұрған музей үйі төңірегіндегі мәселе көтерілген. Музей директоры Райхан Сахыбекқызы Алаштың алыбы Ахмет Байтұрсынұлының музей үйі әлі күнге мемлекет қамқорлығында емес екенін, насихаттадың кемшіл түсіп жатқанын жеткізген.

Ахмет Байтұрсынұлының ұрпақтары әупірімдеп ашқалы бері 20 жылға жуық уақыт халыққа қызмет көрсетіп келе жатқан Музей үйі талай рет жабыла жаздаған. Музейді «Ахметтің қызы Шолпан апамның аманаты еді» деп көзінің қарашығындай қорғайтын Райхан Имаханбет Музейге тек Алматы әкімі болып тұрғанда Иманғали Тасмағамбетов қамқор болғанын айтқан еді.

«Мұражай үйдің жаңаруына үлесін қосқан, үлкен азаматтық жасаған Иманғали Тасмағамбетов болатын. Ол басқа әкімдер сияқты «Хат жазыңыз ресми, қазынада ақша қарастырылмаған» деп құтылған жоқ. 2005 жылы музей жабылады, сүріледі деп жүргенде келіп, жақсылап бір аралап шығып, далада тұрды да «бұны ұстап тұру үшін сізге не керек?» деп сұрады. Сосын бір уақытта телефон шалды. Көп өтпей жетіп келген құрылысшыларға «мына кісі не айтады соны істеңдер, өзім бақылаймын» деген бір-ақ ауыз сөз айтты да кетті. Сол сөзінде тұрды, ол құрылысшылар осы үйді 8 ай бойы жөндесе, Иманғали екі-үш аптада бір келіп, тексеріп кетіп тұрды», - деп еске алған болатын Музейдің коммуналды төлемін келушілерден түскен ақшамен төлеп жүрген Райхан Сахыбекқызы.

«Қамшы» порталында жарияланған мақала елеусіз қалған жоқ. Бірнеше күннен кейін «Қамшы» тілшісіне ҚР Премьер министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетовтің көмекшісі хабарласып, Иманғали Нұрғалиұлының өзі мақаланы оқығанын, көп өтпей Музейге арнаулы ат басын бұратынын жеткізген болатын.

Қашанда іскерлігімен, ұлтшылдығымен, мемлекетшілігімен халық алқауына бөленіп жүрген Иманғали Нұрғалиұлы бүгін, 27 қаңтар күні ресми түрде  Музейге келіп, жағдаймен танысты. Мәдениет Министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Алматы әкімі Бауыржан Байбек қатарлы әкімшілік қосынмен музейге келген Тасмағамбетовті музей директоры Райхан Сахыбекқызымен бірге академик Кенжеғали Сағадиев, Ахмет Байтұрсынұлының ұрпағы Серік Самыратұлы қарсы алды.

Экскурсиядан соң Музей жұмысын жоғары бағалаған Иманғали Нұрғалиұлы музейге қандай көмек қажет екенін сұрады.

Музейді Тасмағамбетов жасатып кеткен 2006 жылдан кейін ішін түрлі экспонаттармен толықтырып, Ахмет Байтұрсынұлының он томға жетерлік шығармаларын жинап осы күнге жеткізгенін айтқан Райхан Сахыбекқызы Музейді тек бір ғана қоғамдық қорға қаратып қоймай, Мұражайдың дербес Мұражай ретінде мемлекеттік статус алуы қажет екенін айтты.

Иманғали Нұрғалиұлы дереу Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлынан Мұражайға мемлекеттік статус берудің қаншалықты жұмыс екенін сұрады. Мәдениет министрінің «Оншалықты қиын жұмыс емес, бізге қажетті құжатты өткізсе болғаны» деген жауабынан кейін Иманғали Нұрғалиұлы:

«Ұзын сөздің қысқасы, былай жасайық: істі ұзатпай келесі аптада сейсенбі күні түстен кейін министрлікте жиналыс өткізіп, мәселені түбегейлі шешіп тастайық, нақты қандай мәселелер бар?», -  деді.

Ахмет Байтұрсынұлы туралы деректі және көркем фильм түсіргіміз келеді деген музей директорының сөзінен соң Иманғали Нұрғалиұлы «Сценарий мен режиссер дайын ба? Алдымен деректі фильм түсіріп алайық. Ахаңның өмір деректері туралы фильм түсіріп алғаннан кейін соның негізінде көркем фильм жасауға болады емес пе? Құнанбай қалай жақсы фильм болды, сондай бір көркем фильм түсірілетін шығар, қолға алыңдар» деп Мәдениет министріне тапсырма берді.

Мәдениет министрі өз кезегінде «Алашорданың 100 жылдығын жоғары деңгейде атап өту қажеттігін, осыған байланысты Алаш арыстары да министрлік көлемінде дәріптелетінін» айтты.

Сөз соңында Иманғали Тасмағамбетов:

«Бұл мәселе расында да өте үлкен мәселе, бұл Мұражайға мемлекеттік статус бермей мәселе шешілмейді.

Жаңағы айтқандай, біріншіден 10 томдық дайын болатын болса уақытты өткізбей шығаруға кірісіп кету керек.

Екіншіден, фильм жөнінде, жақсылап тұрып деректі фильм шығару керек. Деректі фильмді түсіргеннен кейін мемлекеттік телеарналар арқылы насихаттап, мектептерге де диск ретінде тарату қажет. Әрине, болашақта көркем фильм түсіріліп жатса құба-құп.

Мәселенің бәрін дұрыс көтеріп отырсыздар, мемлекеттік статус болатын болса шаруалар ары қарай жүріп кетеді. Керек болатын болса Ресейге экспедиция жіберуге де ықпал етеді.

31-і күні Астанада жиналыс өткізейік. Сіздер де келіңіздер», - деп аяқтады өз сөзін.

Иманғали Нұрғалиұлының қарбалас қызметі арасында уақыт тауып музейдің жағдайын білуге келгеніне алғыс айтқан Райхан Имаханбет Алматы әкімдігіне де алғысын айтты.

Сөз алған Алматы әкімі Бауыржан Байбек:

«Осы жылы музейге Ішкі саясат басқармасы тарапынан және Мәдениет басқармасы тарапынан 10 миллион теңге бөлдік», -  деп қуантты Музей ұжымын.

Сөйтіп, Қашан да мемлекетшілдігімен көрініп жүрген Тасмағамбетов Алаш Арыстарын ардақтауға тағы да ат салысты. Ол Қазақ зиялыларын дәріптеуге барынша қолдау көрсетіп жүрген жан. Оған, бүгінгі азаматтығы ғана емес ЮНЕСКО қамқорлығымен қазаққа танымал мәдениет және ғылым саласының адамдарының мерейтойын өткізгені; Абай Құнанбаев пен Жамбыл Жабаевтың — 150 жылдығын, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Ғабит Мүсірепов, Әлкей Марғұланның ғасыр тойларын өткізгені дәлел. 

Қамшыгер Нұрғали НҰРТАЙ

Қатысты Мақалалар