22 қаңтар күні «Қамшы» порталында Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Головатюк Владимир Михайловичтің Ресейдің де азаматы болуы мүмкін екені туралы дабыл көтерген мақала шыққан болатын.
«ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ РЕСЕЙ АЗАМАТЫНЫҢ ҚОЛАСТЫНДА МА?» атты мақалада Ресей Федерациясы Федералдық миграциялық қызетінің элекронды базасынан көшірілген тәрізді құжат та бар болатын. Онда В. М. Головатюктың 1998 жылдан бастап көрші елге жылына бірнеше рет баратыны көрсетілген. Дәл осы қағазда 1998 жылдың 12 тамызында В.М.Головатюкке Ресей азаматтығын беру туралы шешім қабылданғаны жазылған. ШҚО облыстық мәслихаты хатшысының Ресей азаматы ретіндегі жеке іс-құжатының нөмірі де анықталған – 170309960.
Сол мәліметке сенсек, 1998 жылдың 12 тамызында Головатюк Владимир Михайлович есімді азамат Ресей Федерациясының «Азаматтық туралы» заңының 3 бабының негізінде Астанадағы Ресей елшілігінің консулдығында Ресей азаматтығын алады. Тиісінше паспорт рәсімдемеген, тек өзге елдің азаматтығын алған, сөйте тұра Қазақстан азаматтығынан бас тартпаған.
Аталған мақаладан соң «Қамшы» поштасына Облыс әкімдігінен хат келді. Онда В. М. Головатюк туралы фактілер тексерілетіні жазылған.
«Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы В.М. Головатюкте Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының қос азаматтығы бар болуы туралы қазақстандық Интернет-ресурстарда орналастырылған ақпарат бойынша 2017 жылдың 25 қаңтарында облыс әкімдігінде өңірдің құқық қорғау органдарының қатысуымен кеңес өтіп, онда аталмыш мәселе бойынша бұрынғы жұмыс туралы ақпарат тыңдалды.
Кеңестің қорытындысы бойынша көрсетілген фактілерді тексеруді жалғастыру туралы шешім қабылданды», - делінген Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі жіберген мәлімдемеде.