Универсиада еріктілерінің бірінің анасы тамаққа байланысты арызданыпты. Еріктілер күніне 12 сағат жұмыс істейді. Көбісі студенттер. Олар универсиаданың жоғары деңгейде өткізілуіне мемлекетке көмектесіп жүр. Тіпті кейбірі түнге дейін қалып жұмыс жасап, ұйықтауға ғана үйіне барады. Еріктінің анасының айтуынша, негізгі жұмыс таза ауада, тау жақта өтеді. Ендеше мемлекетке тегін қызметін ұсынып жүрген еріктілерге қандай тамақ берілетіндігін көрейік.


Ананың айтуынша, мұны жеу мүмкін емес. «Ұлым тамақты үйден алып кетеді. Мен оған дайындап қоямын. Алайда үйлерінен тамақ әкелуге мүмкіндігі жоқ қыз-жігіттер де баршылық. Сондайда менің ұлым достарыммен бөліседі» дейді ол.
Әйелдің шағымына универсиада ұйымдастырушылары бірден жауап беруге асықты. Берген жауаптары мынандай:
«Жұмыс күні сегіз сағаттан тұрады. Кейде он сағатқа дейін созылуы мүмкін. Еріктілерге алдын-ала бәрі ескертіледі. Олар үшін бір реттік тегін тамақ қарастырылған. Сегіз сағаттық жұмыс күні үшін бұл қалыпты. Тамақты ланч-боксқа салып береміз. Ішінде міндетті түрде болуы қажет: салат (150 грамм), ет қосылған ыстық тамақ (150 грамм), гарнир (150 грамм). Сонымен қатар еріктілерге ақысыз түрде ыстық сусын, кәмпит және печенье беріледі. Тамақпен мердігер айналысып жатыр. Егер нормаға сай емес жағдай анықталған күнде міндетті түрде шара қолданылады».
Айта кетерлігі, универсиада деп талмай еңбек етіп жүрген еріктілердің саны 3000.
Илья Королевтің жеке блогынан