(Газеттің 50-інші санынан мұқаба сурет)
Осыдан 104 жыл бұрын, нақтырақ айтсақ, 1913 жылдың 2 ақпанында қазақ даласында тарихи маңызы зор, алаш тарихындағы рухани сілкіністі оқиға орын алды. Дәл осы күні дүниеге алты алаштың жоқтаушысына айналған «Қазақ» газеті келді. Жылдар бойғы езгіден қажып, рухани қалжырай бастаған қазақ даласында ұлттың еңсесін көтеруге үндейтін, ұлттық идеяны насихаттайтын «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі осы күні жарық көрді.
Өткен ХХ ғасыр басында ұлт мұраты, ел мүддесі қатаң сынға түскен кезең болғандықтан, сол тұстағы зиялы қауым өкілі қазақ жұртының да өркениетті елдердегідей сауатты болуын тілеп, ең бастысы ұйқыға кеткен қоғамның саяси сауатын ашуға белсене кіріскен болатын. Осы бағытта ұлттың жоғын жоқтайтын, байтақ далаға қоныстанған ел арасына ендеп кете алатын, сол арқылы ұлттық идеяны, бостандық пен бірлікті насихаттай алатын баспасөздің рөлі ерекше сезілген еді. Мұндай мақсат-мұратты 5 жыл ғұмыр кешіп, 265 нөмірін жарыққа шығарып үлгерген "Қазақ" газеті шебер орындап шықты. Алаштың алғашқы алдаспаны туралы Мұхтар Әуезов: "Қазақ" газеті - ел дертінің себебін ұғып, емін біліп, енді қазақты оятып, күшін бір жерге жинап, патша саясатына қарсылық ойлап, құрғақ уайымнан да бос сөзден де іске қарай аяқ басамыз, деп талап қыла бастаған уақытқа тура келді. Бұл тұтынған жолда "Қазақ" газеті өз міндетін дөп атқарды", - деп жазады.

Шындығында да 1913 жылы ақпанның 2-сінен бастап жарыққа шыққан "Қазақ" газетінің басты мақсаты "есігін тарс бекітіп, қалың ұйқыға кеткен" жұртты түндіктен сәуле болып кіріп, ояту болатын. Бұл жөнінде ұлт газетін шығарушы көсемдер былай деп жазады: "Газет қызметі - халыққа бас, көз, құлақ, тіл болып ұлтының ар‑абыройын күзетіп, жұртын жақсылыққа бастау, жаманшылықтан сақтандыру. Бас‑көз, құлақ, тілдің тәнге істейтін қызметшілігі мен газеттің жұртқа істейтін қызметшілігі бір тәрізді. Бастау, көру, істеу, сөйлеу қуаты баста, көзде, құлақта, тілде болғанда, істеу қуаты жалпы тәнде. Жалпы тәннің күші жетпейтін орында бастың білгенімен, көздің көргенімен, құлақтың естігенімен, тілдің сөйлегенімен еш нәрсе болмайды. Тәннің күшті болуы да, елдің күшті болуы да - екеуі де тәрбиеден. Тәрбиесіз тән қандай азса, тәрбиесіз ел де сондай азбақ. Тәрбиесі аз ел мен тәрбиесі көп елдің күші қандай болатынын көзбен көріп отырғанымыз жоқ па? Бір баланы жасынан тәрбиелеп адам санына жеткізгенше бірталай жылдар керек. Ел тәрбиесі оның қасында зор жұмыс. Ел есейіп жұрт санына кіруіне көп тәрбие, көп тәртіп, көп замандар керек... Газеттің басына ақ орда қондырылып, түндігі жарық көрінуіне еркін ашық қойылып, есігін "Қазақ" күзетуі, сөзсіз‑ақ, газеттің тұтқан жолы мен көздеген мақсаты не екендігін айтып тұр. Мұны жатырқап жат түсінбесе, ғажап емес, бірақ қазақ баласы түсінсе керек".
Ал «Қазақ» газетінің ұстанған бағыт-бағдарына келсек, газет шығарушыларының бірі Міржақып Дулатұлы 1918 жылғы 258-санында жарияланған «Орда гербі (таңбасы)» деген мақаласында тоқталып, былай дейді: «Киіз үй - киіз туырлықты қазақ халқы. Үйдің түндігі ашық, есігі жабық болуындағы мағына: түндік жарық кіретін жол, есік түрлі заттар кіретін жол дегендік. Жарық жолы ашық, еркін болсын, түрлі заттар кіретін жол есігі еркін болмасын делінген еді. Түндіктен түсетін жарыққа өнер-ғылым енгізілген еді. Түндік күнбатыс жағынан ашылуы өнер-ғылым Еуропа жағында күшті болған себепті қазақ ішіне Еуропа ғылым-өнері таралсын деген мағына еді. Үйдің есігі «Қазақ» деген сөзден жасалған. Ондағы мағына «Қазақ» газеті қазақ жұртына әрі мәдениет есігі болсын, әрі жат жұрт жағынан күзетшісі болсын делінген еді. Қазаққа деген игілік нәрсені енгізу жолында газет қызмет етсін, сырттан келетін жамандық болса, күзетші орнында газет қызмет қылсын делінген еді».
Ұлттық‑демократиялық бағыттағы "Қазақ" газетін шығаруға құзырлы патшалық билік тарапынан рұқсат берілгенде, баспасөзде жазылатын арнайы бағдарлама бекітіліп, бұл негізгі он екі бағытты қамтыды. Олар: Үкіметтің бұйрық жарлықтары; Мемлекеттік Дума мен Мемлекеттік Кеңес жұмысы; ішкі және сыртқы хабарлар; қазақтың тарихы мен тұрмыс жайы; этика, тарих, этнография және мәдениет мәселелері; экономика, сауда, кәсіп, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы; халық ағарту, мектеп, медресе, тіл және әдебиет мәселелері; тазалық, денсаулық және малдәрігерлігі жайы; фельетондар; корреспонденциялар мен жеделхаттар; жергілікті хроника; суреттер; пошталар (хаттар); құлақтандырулар. Әрине, газетті шығарушылар аталған бағдарламаны толық орындаумен қатар, әскери цензураның қатаң бақылауына қарамастан қазақ мүддесі үшін күресуден еш тайсалған жоқ.
Алғашқы саны 1913 жылғы ақпанның 2-сiнде жарық көрген "Қазақтың" оқырманы да сол кездегі өлшеммен алсақ зор болды. Газетті көзі ашық Ресей аумағында сауат ашып жүрген студенттерден бөлек, Қазақстанның түкпір-түкпірінен жаздырып алушылар қатары көбейді. Мәселен, 1914 жылғы 45-санында: «Қазақ» газетасын 10 облысқа қараған киіз туырлықты қазақ байдың баласынан 1913 жылдың ішінде алдырып тұрғандардың есебі мынау: Торғай - 694, Семей - 612, Ақмола - 582, Сырдария - 327, Орал - 301, Жетісу - 157, Ішкі ордалық - 136, Ферғана - 30, Самарқан - 8, Закаспий - 5, өзге жерлерден: Орынбор - 37, Уфа -14, Қазан - 13, Қытай қазағы - 10, Петербург - 9, Түркия - 5, Мәскеу - 3, Томск - 3 һәм басқа шаһарлар - 57», - деп көрсетіледі. Бұған тоқтамай, жұрт қалаулылары тарапынан газетті жиі шығаруға деген сұраныстардың болып, газет басшылығының да бұған ұмтылысы да айқын аңғарылады. Аптасына үш рет шығаруға деген қажеттіліктер туралы сөз болады. Алайда, бұған түрлі қолбайлаулар жол бермегені көрінеді. Газеттің алғашқы сандарында басылған Шәкәрім Құдайбердіұлының "Қазақ құтты болсын" атты өлеңі де сол кездегі ұлт баспасөзінің беделін шын айғақтаса керек. Бұл жырында ақын Шәкәрім: "Дүниеге келді бір талапты ұл, Ержетсе бар қазақтың басшысы бұл. Бөгеттен ауру-сырқау аман сақтап, А, Құдай, Құтты өмірлі, бақытты қыл"- деп бата береді. 1915 жылдан аптасына екi рет шыға бастады. Алғашында 3 мың дана таралыммен шыққан газетті кей тарихшылар таралымының 8 мың данадан асып жығылғанын алға тартады. Шындығында бұның өзі сол кездегі ұлт баспасөзі үшін зор жетістік еді. Дегенмен, бодан елдің керегіне қызмет ететін газет шығару ісі оңай болған жоқ. Мәселен, 1913 жылдың ақпанынан 1918 жылдың 16 қыркүйегіне дейінгі аралықта әскери цензураға сәйкес бірқатар мақалалар жарияланбай қалған болса, енді бір жағдайлар себебінен "Қазақтың" бас редакторы Ахмет Байтұрсынұлы бірнеше рет қатарынан тұтқынға алынып, әртүрлі мерзімге абақтыға жабылды, айыппұл төлеу секiлдi түрлi жазаға тартылды. Алайда ұлт зиялылары өздері арқалаған тарихи маңызы зор жүкті жетер-жеріне дейін жеткізуден еш танған емес.
Түптеп айтқанда, "Қазақ" газеті жарық көрген уақыт ішінде өзі көтерген міндетті аса табысты орындап, ұлттық-демократиялық даму жолындағы алға қойған өз мақсатын ғаламат орындап шыға алды. Сол кездің өзінде тәуелсіз ел болуға үндеген, ұлт мұратын ұрпаққа аманат еткен алаш баспасөзінің атасы өзінен кейінгі баспасөз қадіріне қатысты үлкен даңғыл ашты. "Қазақтың" әр сөзіне үңіліп, әр парағын қайта-қайта ақтаруға келешек ұрпақты мәжбүр етті. Ондағы айтылған ойдың, ұлттық, алаштық идеяның әлі күнге өзегін жоймай келе жатқаны да соның жарқын айғағы. Өзі айтпақшы "Халықтың көзі, құлағы һәм тілі" бола алған алаштың алдаспан газеті халық жадында ұдайы жаңғырып, тәуелсіз елдің тірлігімен қазіргі таңда да сабақтасып тұратынына еш дау жоқ.
«ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІНІҢ ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ «ҮСТЕМДІГІ»
Тарихи деректерге қарағанда, «Қазақ» деген атаумен қазақ газетін шығаруға ресми рұқсат Ахмет Байтұрсынұлына 1905 жылғы желтоқсанның 9-ы берілген. Ал апталық «Қазақ» газетінің алғашқы саны 1913 жылғы ақпанның 2-сінде жарық көрді де, 1915 жылдан аптасына екі рет шығатын болды.
Газет қолдан қолға, ауылдан ауылға өтіп, тозып жетіп жыртылғанша оқылды. Оны сол заманда Дала және Түркістан уалаяттарына немесе 9 облыс және 1 губернияға бөлінген (Қыр баласы. Қазақ. «Қазақ» газеті, 1913 жыл, № 8) Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі жұрт жаздырып алды.
«Қазақ» газетін метрополияның Киевтен Қазанға, Санкт-Петербургтен Томскіге дейінгі университеттерінде білім қуып жүрген қазақ студенттері жаздырып оқығаны туралы деректер кездеседі. Аз уақыт ішінде «Қазақ» 5 миллионға жуық көшпенді халықтың көпшілігі білетін басылымға айналды. Алғаш жарық көрген күнінен бастап «Қазақ» газеті қазақ даласының қоғамдық-саяси және мәдени өміріне бес жылдан ұзақ жападан-жалғыз қызмет етті. Оған қоса өзінен бұрынғы басылымдардың бірі де жаңа газетпен не сапасы, не көтерген тақырыптарының сан-салалығы, не таралымы жағынан тең келе алмады. Бірінші жылы 3 мың таралыммен шығып тұрған «Қазақтың» таралымы, Оксфорд университеті зерттеушілерінің мәліметіне қарағанда, көп кешікпей 8 мыңнан асып жығылды. Бұл өзінен бұрынғы басылымдардың бәрін қосқанда да көп болады. Егер «Серке» мен «Қазақ газеті» немесе «Айқап» журналы оқыған және қалталы қазақтардың арасынан шыққан бір азаматтың немесе санаулы халықшыл азаматтың кездейсоқ және жеке бастамасымен пайда болса, «Қазақ» газеті тиянақты мақсат-мүддені көздеп, тұрақты қаржыландыру көзіне сүйенген ұжым еді.
«ҚАЗАҚТЫҢ» ҚҰРЫЛТАЙШЫЛАРЫ
Әлихан Бөкейхан 1910 жылы Санкт-Петербургта жарық көрген «Қазақтар» атты тарихи очеркінде атап көрсеткендей, 1917 жылғы дейін қазақ арасында қалыптаса бастаған екі саяси толқынның бірін «ұлттық-діни қозғалыс» деп атауға болады.
Екінші саяси қозғалысты Бөкейхан «батысшыл» деп атайды және «ол қазақ даласының келешегін – ең кең мағынада айтқанда – саналы түрде Батыс мәдениетін жүзеге асыру арқылы көреді».
Егер де алдыңғы мерзімді басылымдарды негізінен ұлттық-діни қозғалыстың өкілдері ашқан болса, «Қазақ» газетінің құрылтайшылары - Әлихан Бөкейханның өзі мен оның сенімді үзеңгілестері Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлы сынды «батысшылдар» болатын.
Оксфорд университетіндегі Орталық Азияны зерттеу қоғамының пікірінше, «Қазақтың барлық маңдайалды жетекшілері оның [«Қазақ» газетінің] қызметкерлерінің арасында жүрді, оның ішінде М.Жұмабайұлы, М.Дулатұлы, Х.Досмұхамедұлы, Е.Омарұлы, А.-Х.Жүндібайұлы, М.Тынышбайұлы және тағы басқалар бар...». Біздің қазақ өзінің атынан айрылып, қырғыз атанып жүрмекші емес. Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ. «А.Байтұрсынұлы және басқалар өздерінің қазақ тарихы, қазақ фольклоры және лингвистикасы туралы зерттеулерін жариялады. Жалпы «Қазақ» газеті өте жоғары ғылыми деңгейге жетті» деп есептейді Оксфорд университетінің зерттеушілері.
Әйтсе де «Қазақ» газетінің құрылтайшылары ағартушылықпен қатар, негізі 1905 жылғы «Қарқаралы петициясына» жазылған саяси мақсаттар мен мүдделерді де, оның ішінде стратегиялық мақсаттарды жүзеге асырғысы келді. Петицияда көрсетілмеген маңызды мүдденің бірі - газеттің атауы. Ол туралы «Түрік баласы» газеттің екінші санынан бастап «Қазақ тарихы» айдарымен жарияланған тізбекті мақаласында былай деп жазды: «...Біздің қазақ өзінің атынан айрылып, қырғыз атанып жүрмекші емес. Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ. Осы ғасырдағы әлем жарығына қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай, және өзіміздің шарқ әдетіне ыңғайлы қылып «Қазақ мәдениеті» (Казакская культура) құрып, бір жағынан «Қазақ әдебиеті» (Казакская литература) тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы» (Түрік баласы. Қазақ тарихы. «Қазақ» газеті, 16 ақпан, 1913 жыл, № 3).