Павлодар облысындағы балабақшалардың барлығын мемлекеттік тілде білім мен тәрбиеге көшіруді қолға алу. Осындай ұсынысты аймақ басшысы Болат Бақауов облыстың идеологиялық активінің отырысы барысында жасады, деп хабарлайды Baq.kz агенттігі.
Жиын барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының басымдықтары талқыланды.
«Адами капиталдың дамуы - экономикалық өсімнің негізгі факторы. Оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету салаларына баса назар аударылып отыр. Елбасымыз, ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлін өзгертуді атап өтті. Бұл бағытта оқушылардың өз бетімен іздену қабілеттерін арттырып, IT білімді, қаржылық сауаттылықты, ұлтжандылықты дамыту бойынша жұмыс жасау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, үш тілде оқытуды кезең-кезеңімен жүзеге асыру бойынша ұсыныстар дайындауды тапсырды», - деп атап өтті Болат Бақауов.
Аймақ басшысы үш тілде оқыту жүйесі Ертіс өңірінде жүйелі түрде, біртіндеп жалғасатынын жеткізіп, бұл бағыттағы жұмысты балабақша қабырғасынан бастау қажеттілігін тілге тиек етті.
«Жеті түрлі ілім біл, жеті жұрттың тілін біл» деген қазақтың мақалы бар. Сондықтан, әлемдік деңгейдегі ағылшын тіліндегі қарым-қатынас - еліміздің жағдайын жақсартуға жұмыс жасау керек. Ал қазақ тілінің басымдығы сақталып, оның дамуы бойынша нақты шаралар жүзеге асатын болады. Мен, Павлодар өңіріндегі балабақшаларды мемлекеттік тілге көшіруді қолға алу туралы ұсынысты облыстың білім беру басқармасына жан-жақты қарастыруды тапсырған едім. Ал кейін мектепке бергенде, ата-аналар өздері таңдау жасайтын болады. Бұл өз кезегінде, мектеп жасына дейінгі балаларға мемлекеттік тілді үйренуге мүмкіндік береді. Ал орыс, ағылшын тілдерін әрбір оқушы мектеп жасында, кез келген уақытта игеріп алады», - дейді облыс әкімі.
Айта кетейік, Тәуелсіздік жылдары ішінде облыста 93 мектепке дейінгі білім беру ұйымы қайта қалпына келтіріліп салынды, 261 мектепке дейінгі шағын орталық ашылды. Қазіргі таңда өңірде 168 балабақша жұмыс істейді. 3-6 жас аралығындағы балғындардың барлығы мектепке дейінгі біліммен толық қамтылған.