Асановқа ашық хат! Қашанғы «бетпақ жеңді, бейбақ көнді» деп жүре береміз?

/uploads/thumbnail/20170709204251667_small.jpg

Қазақстан Республикасының

Бас Прокуроры Ж.Асановқа

 

Ашық хат

Құрметті Жақып Қажыманұлы!

 

    Мен республикалық басылымның ардагер журналисі ретінде Сізді жақсы білемін. Мұның алдындағы қызметтеріңізбен халық үшін атқарған игі істеріңізге қанықпын. Ел өмірінің тіршілік тынысын терең білетіндігіңізге Сыр халқы риза. Демек, еліміздің Бас Прокуроры ретінде қолға алып жатқан жұмыстарыңыз бұқараның көңілінен шығу үстінде. Өйткені сіз сала тізгінін қолыңызға ала салысымен барша жұртты алаңдатып, бірақ тиесілі шешімін түбегейлі таппай жүрген өткір мәселелерді орынды көтердіңіз. Сөйтіп  прокуратура саласының көптің көкейіндегі сұрақтың бәріне қатысы бар екендігін айқын аңғартып, олардың басты мақсаты адамның құқықтары мен бостандықтарын қроғау екенін дәлелдей түстіңіз.

Осы ретте  төмендегі мәселелерді тікелей өзіңізге жазу себебім Қызылорда облысының прокуроры Х.Д.Дәуешовтың өзіне хат жазып, жеке қабылдауында болып, мән-жайды түсіндіргенмен нәтиже шыққан жоқ. Ондағылардың сөзіне де, ісіне де көңіл толмайды. Сенімсіздік орын алғаны рас. Сондықтан да Сіз Бас Прокурор ретінде әділетті шешім шығарады деп ойлаймын.

    Қызылорда облыстық сотының азаматтық істері жөніндегі сот алқасы ҚР денсаулық сақтау және әлеуметті даму министрлігі еңбек, әлеуметік қорғау және көші-қон комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің немерем Жаннұр Ерболқызын мүгедектікке шығарудан бас тарту туралы әрекетін заңсыз деп таныды. Қызылорда қалалық сотының шешімінің күшін жойды.  Апелляциялық шағым қанағаттандырылды. Әйтсе де жанға бататыны заң талабының түсініксіз жағдайда орындалмай департаменттің мемлекеттік қызметшілерінің құйтырқы әрекеттері арқылы, өздерінің айтқандарынан шықпайтын кісілерді және әдіснеме, бақылау бөлімінің басшысы Бердікешованы құрамына енгізіп, бала құқын шектегендігі. Медициналық әлеуметтік сараптама жасаған комиссия шешімі заңнан үстем болып тұрғанын осы хат арқылы  сіздің назарыңызға жеткізгім келді. Мемлекеттік мекемедегі мұндай сорақылықты заң талабы тұрғысында зерттеп, зерделеуіңізді сол арқылы тиісті шешім қабылдауыңызды сұраймын.

    Ата заңымызда жазылғанындай «Ең қымбат қазына – адам және адамның өмірі, құқытары мен бостандықтары» болса Жаннұр баламыз неге егемен елдің заңдары бойынша қорғалмай келеді? Қашанғы «бетпақ жеңді, бейбақ көнді» деп жүре береміз?

    Мәселеге мән берсек шешім өткен жылдың  20 желтоқсанынан бастап заңды күшіне енген.  Ал, АПК-нің 21 бабының 2-ші тармағына сәйкес заңды күшіне енген сот актлері барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды тұлғалар, лауазымды адамдар мен азаматтар үшін міндетті және ҚР бүкіл аумағында орындалуға жатады. Солай бола тұрса да Қызылорда облысындағы департамент басшысы Т.Жолымбетов апелляциялық алқа төрағасының жауап хатына сілтеме жасаған сыңай танытып, лауазымын асыра пайдаланып отыр.  Ұжымдағы мемлекеттік қызметшілер өзара бірімен-бірі келісіп, сөз байласып бізден кек алу мақсатында өшігіп, осындай қысастыққа бару үстінде. Өйткені облыстық сот алқасы мамандармен 6 жасар баланың бүйрек қызметі деңгейінің төмендігі, динамикасының тұрақсыздығы, бала бүйрегінің қалыптан тыс жасанды жолмен қызмет жасап тұрғаны ескерілмеген деп тайға таңба басқандай атап көрсетсе де әрекетін заңсыз деп таныған департаменттің МӘС бөлімі сараптама жүргізетін комиссия құрамында бұрынғы адамдары бар №5   МӘС бөлімі қайтадан мүгедектік белгілеуден бас тартып отыр. Ал жоғарыдағы аталған қаулыда 16.05.2016 жылғы     №5 МӘС бөлімі қорытындысына күмән келтірілген. Апелляциялық алқаның сот процесінде департамент қызметкерлері бастан аяқ қатысты. Пікір айтты. Шешімді тік тұрып тыңдады. Сонда бұл қалай? Бұл департамент басшысынан бастап не істей аласың бізге деген оймен ұйымдастырылып жасалған қысастық әрекет емес пе?

Жанға бататыны департамент басшысы Т.Жолымбетов, оның орынбасары Ж.Ділжанова, №5 МӘС бөлімі басшысы Мырзахметова өзара топ болып, бірігіп өз өкілеттігімен лауазымды міндеттерін өз мүдделеріне орайластырып, соттың заңды шешімін орындауға кедергі келтіріп отырғандығы. Ең сорақысы Атыраудан бала нефролыгы А.Шымырғалиеваны шақырып, қорытынды алуы. Осындай оқиғалардан соң мүгедектікке өтуге пара беруге мәжбүр болатындығымыз шындық. Расында пара бермесең соттың шешімі де орындалмайтын сияқты.

Осы ретте Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына жолдауында «сот жүйесіне деген сенімнің артуына қол жеткізу қажет» деп атап көрсетуі тектен-тек айтылмаса керек. Сондықтан бұл орындалуға тиісті міндет. Айдың күннің аманында 6 жасар баланы туа бітті сырқатына да 4 жыл қатарынан өткен мүгедектігіне де һәм көз жасына да қарамастан департамент басшысы Т.Жолымбетов бастаған мемлекеттік қызметшілердің бірін-бірі қолдап, қорғап сот шешімін орындауға деген ынта-ықылас танытпауы, қайта оның орындалуына қарсы шығуы Елбасы саясатына дақ түсіріп отырғандығы деуге болады. Өйткені сотқа деген сенімнің жоғалуына бірден-бір кінәлі департамент басшысы екені айдан анық. Олай болса Т.Жолымбетов мырза  сот билігіне де саясатқа да түсіріп отырған дақ, әрине қара дақ.  Астанаға тікелей бағынатын Қызылордадағы бұл департаменттің төңірегіндегі жағдай әзірше осындай болып тұр. Сот шешімімен департаменттің әрекеті заңсыз деп танылса да мұндағы басшыға және мемлекеттік қызметшілерге ешкім ешқандай шара көрген жоқ.

Өткен жылы осы департаменттің МӘС бөлімінің бір  басшысы пара алу және жетекші маманы пара беруге азғыру бойынша қылмыстық істерге тартылды. Адамның өмірі мен денсаулығын ақшаға тәуелді етіп қойған мұндай мемлекеттік қызметшілерден  не күтуге болады? Оқиға болған кезеңде департамент басшысының медициналық әлеуметтік сараптамаға жауапты орынбасары Е.Пернеқұлов министрліктің жауапты хатшысы А.Құрманғалиеваның бұйрығы бойынша түк болмағандай өз арызымен жұмыстан шығып кетті. Сөйтіп  жауапкершілікке тартылмай құтылды. Осының тігісін жатқыза білген департамент басшысы Т.Жолымбетов болса мұртын балта шаппастан, міз қақпаған қалпы жұмсақ креслода әлі отыр. Сыйынғанынан сүйенгені мықты болса керек. Өйткені Астанада отырған министрліктің   комитет төрағасы А.Сарбасов пен оның орынбасары Г.Тоқсейтовалар оған шық жуытпай қорғаштаумен әлек. Олар заңның сөзін емес, Т.Жолымбетовтың сөзін сөйлеп жүр.  

Халқымыз «Адам ақылымен сымбатты, ұрпағымен қымбатты» десе, дана Абай «Бала адамның бауыр еті» дейді. Ал Елбасымыз биылғы жолдауында «Қазақстанды кейінгі ұрпақ үшін бұдан да өсіп, өркендеген елге айналдырамыз» деп міндет қойып отыр. Демек  ұрпағымыз басты құндылық болғандықтан бала Жаннұрдың да жұрт қатарлы білімді, дені сау болып, тәуелсіз еліміздің гүлденуіне үлес қосса екен деп күні-түні бір Алладан тілек тілейміз. Бірақ ол бесіктен белі енді шыққан кезде жең ұшынан жалғасқан  топтың озбырлығы мен қиянатына һәм әділетсіздігіне тап болып жатса, оның қоғамға деген ой-пікірі қандай болып қалыптасар екен?

    Құрметті Жақып Қажыманұлы! Осы хатты Сіздің өзіңізге жолдай отырып, ҚР Конституциясының 83-бабы 1-ші тармағында атап көрсетілген міндеттер тұрғысында өзіңіз жеке бақылауға алып, ҚР ӘДМ еңбек әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Қызылорда облысы  бойынша департаментінің төңірегінде қордаланған мәселелердің ақ қарасын әділдікпен шешеді деп үміттенемін.

 

Құрметпен Бейбітбек Бүркітбайұлы,

ҚР мәдениет қайраткері, ҚР ақпарат саласының үздігі,

Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты.

Қызылорда қаласы

Қатысты Мақалалар