«Өтеуов хаты» бойынша сотталған полицейлер қамаудан босатылды

/uploads/thumbnail/20170709211218193_small.jpg

Атырау облыстық сотында Манарбек Утеуовтің хатына қатысты төрт экс-полицейдің апеляциялық шағымы қаралды. Полиция мекемелерінің бұрынғы жедел уәкілдері Азамат Достанов, Ілияс Стамғалиев, экс-тергеуші Ернар Іздібаев және аға анықтаушы Нұржан Оразғалиев «өкініп», амнистияға ілігуге өтініш сұрады, деп хабарлайды «Ақ жайық» газеті.

Сотталушылардың өздерін сот процесіне әкелмеді. Адвокаттар сот үстінде өз қорғалушыларының әлі жас екенін, қызмет орындарындағы оларға қатысты оң пікірлерді және отбасындағы жайсыз жағдайларды ескеруін сұрады. Мәселен, Ілияс Стамғалиевтің кәмелет жасқа толмаған екі баласы бар, ал Нұржан Оразғалиев – өз отбасында жалғыз бала екен.

Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы төрт сотталушының бас бостандығынан айыру жазасын бас бостандығын шектеу жазасына өзгертті. Қаулы жарияланған күннен бастап күшіне енді.

Еске сала кетейік, 2016 жылдың 28 желтоқсанында экс-полицейлерді 3 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Оларды "дәлелді қолдан жасау", "кінәсіз адамды көпе-көрінеу қылмыстық жауапқа тарту", "қызмет бабын асыра пайдалану" және "қызмет бабында жалған құжат жасау" баптары бойынша айыпты деп тапқан.

Полиция қызметкерлері бұрынғы полицей, жергілікті тұрғын Дмитрий Кимді ұрлап әкетіп, өлтірді деген айыптармен сотталған Манарбек Өтеуовтің "өкіну хатынан" соң ұсталған.

Өтеуов хатында бұрынғы басшылығын өзінің қылмысына және басқа да қылмыстарға қатысы барын айтып, Атырау полициясының жоғары шенді бірнеше шенеунігінің атын атаған. Өткен жылы мамыр айында сот оны 22 жылға соттаған. 

Қатысты Мақалалар