Ерғали Бақаш. «Іштегі өлең тіл қатар...»

/uploads/thumbnail/20170708150751927_small.jpg
Ерғали Бақаш,1982-жылы Шығыс Түркістанның Іле облысы, Нылқы ауданы, Ластай ауылында дүниеге келген. 2003-жылы атажұртқа оралған. ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің түлегі. «Дала», «Жұрағат», «Алаш», «Дарабоз» журналдарында жауапты хатшы болып қызмет атқарған. Бұл күнде «Бөбек» Ұлттық орталығында редакциялық-баспа бөлімінің жетекшісі. «Жастық жалыны» жыр жинағының авторы.                   Алғашқы ақынның үнiндей

  Жаза алмай жүрген жырымды, Жазыпты құстар тiлiмен. Айта алмай жүрген сырымды, Жеткiздiм желге түнiмен.   Бар мұңнан қалдым шеттелiп, Бақ тауып бiрақ, кетпедiм. Алқымға бiр сөз кептелiп, Жетер жерiме жетпедiм.   Құстар-ай, құстар қанаттым, Қонбашы жерге, ұша бер. Пырақ жырымды жараттым, Сендерге арнап, құша бер.   Алғашқы ақынның үнiндей, Құстардың сайраған дауысы. Жұмақтың нұрланған күнiндей, Құс бiткен оралса тау iшi.   Бағзы бiр ғасырдан қалықтап, Қанатың қайырылмай жеттiң бе? Азат бұл аспанда шарықтап, Еркiңе тағы да кеттiң бе?   Құстар-ай, құстар бауырмал, Жыр болып түске енесiң. Iздемей кеткен бауырлар, Құс болып қашан келесiң?..  

Сәуле

  Бiр сәуленiң ерiп келем соңынан, Мүмкiн жолым ашылар, деп оңынан. Таң алдында ағып түскен жұлдызды, Мейiрлi күн аттандырды қолынан.   Ақиқаттың ерiп жүрiп қасына, Кейде оның қамшы ұрамыз басына. Әлдеқашан өлiп кеткен ақынның, Бiр топ әкiм гүл қойып жүр тасына.   Мақсатына жете алмаса көздеген, Пенде шiркiн мiн iздейдi өзгеден. Бiр сұрақтың барын бiлiп жүрсек те, Жайшылықта боламыз бiз сезбеген.   Өмiр ғой бұл аққа күйе жағатын, Сабырлылар тауыспайды тағатын. Ақын досым күдер үзбей iздеп жүр, Бауы үзiлiп түсiп қалған сағатын.   Сапардамыз, жылжи берер көшi алға, Сұлуларды жаралдық па құшарға?! Бiр сәуленiң жетегiнде келемiн, Қанатым жоқ, аспан жаққа ұшарға.  

Топырақ

  Топыраққа жазсам деймiн бiр өлең, Аспан асты дүрлiгетiн таңғалып. Содан кенет сөйлеп кетсе бiр тiлде, Әлемдегi бар халық.   Неге дерсiң, ойланбастан таңырқап, Iркiлместен келдi дер ем кезегiм. Тәңiр өзi сүйген құлын жарылқап, Өлтiрмесiн сеземiн.   Келер күннен бiр ұлы той күтемiн, Пенде бiткен шаттанар. Күншiл досты жүндей ғылып түтемiн, Өтiрiгiне мақтанар.   Жазылған жыр, кемелдiкке барар жол, Жетермiз не жетпеспiз. Ақын болмай адам болып өтсек те, Қап арқалап кетпеспiз.   Барлық шайыр бiр арманның соңында, Музасының жетегiне байланар. Сам жамырап қағаз, қалам қолында, Туған жердiң топырағына айналар.  

Ынтызарлық

  Орақ ай бұлтқа тығылды, Көздегі мұңын жасырып. Бұршақтар жерге жығылды, Алапамызды қашырып.   Жұлдыздар сіңіп түнекке, Санамды уайым жалмады. Дақ түсіп еді жүрекке, Қасымда бірі қалмады.   Қап-қара түннің ажарын, Көргенде кеттім шалқалап. Жартыкеш айдың назарын, Ақ бұлттар кетті арқалап.   Бұрымын өрген сұлудай, Түннің де сырын түсінем. Теңізден шыққан ұлудай, Өткенімді еске түсірем.   Жұлдыздар сапқа тізіліп, Күтеді түннен жаңалық. Өзіне бізді баурайды, Екі ортадағы аралық.  

 Іштегі өлең

  Бір өлеңім ішімде, Көрем оны түсімде. Тек ақиқат біледі, Не мән барын ісімде.   Бағытым бар, бағымда, Арбаламын сағымға. Қарсы жүзіп келемін, Өткел бермес ағымға.   Жақын тартса ажалым, Көкке кетер ғазалым. Гүлге оранып жатады, Кіп-кішкентай мазарым.   Шыр-пыр болып ақталмай, Өтіріктен мақтанбай. Бір-ақ сәтте өзіңді, Көрсетесің ақтармай...   Іштегі өлең тіл қатар, Көздің жасын құрғатар. Кең дүниең тарайып, Тар дүниең жырғатар.  

Жүрегiм

  Мауқымды басар сағынышым болшы, Қаласаң күнде барайын. Мұңая қалсам, қуанышым болшы, Жар ғылып сенi алайын.   Жүрегiмдi өртер шабытым болшы, Дүниенi жырлап өтейiн. Келмеске кетсем, табытым болшы, Құшақтап сенi кетейiн.   Қайта оралмайтын жастығым болшы, Есiме ап күнде күлейiн. Жана алмай жатсам, оттығым болшы, Лапылдап, өшпей жүрейiн.   Асқақтап кетсем, ақылым болшы, Сабама түсiп ойланар. Бұл өмiрдегi жақыным болшы, Көңiлiм сонда жайланар.   Алтыннан құнды жақұтым болшы, Тек өзiң ғана тiрегiм. Бәрiнен бұрын бақытым болшы, Кеудемде соққан жүрегiм.  

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар