(Поэма )
I
От,
Қызыл от,
Жасыл от,
Жирен от.
Суынып өшейді-
Жай отының жасыл алауы.
Ақ бояу,
Көк бояу,
Сары бояу,
Тозып жыртылмайды,
Табиғаттың алтын жалауы.
Найзағай!
Найзағай!
Батыс тауының пышақтай арқасы,
Көкжиек бетіне қызарып сүйкелді.
Бұлт маржаны саудырап төгілген,
Аспан әлемі дірілдеп жиіркенеді.
Шулайды,
Жыртылады,
Қап-қара теңіз,
Жер шұғыласы үзіліп кетеді.
Шұбырған көлеңке-
Қорқыныш көлеңкесі,
Дөңбекшіп өтеді.
Ақырып айдағар,
Өкіріп арыстан,
Бейуақыт-
Өңім бе, түсім бе ?
Қара көк бұлт бар,
Қара көк жауын бар,
Дүние үстінде, әлем үстінде.
Күркіре бұлт бураларының
буда-буда ашулы шудасы!
Жер, тәңірісі,
Көк тәңірісі,
Сілкін жер бұддасы!
Лақтыр аспанға,
Алтын садағыңның жүйрік жебесін!
Зуылдат
Аспан қанына малып
Өткір қанжарыңның мүйіз көбесін.
Жарқылдайды жәй отынындай қара ала
Ай нұрына малынған.
Түн кірпігін турайды,
Көк шапаны сыпырылып алынған.
От, от,
Ақ от,
Көк от!
Түсір кудеме
Жер жүзінің ашуын!
Қайда қу шөмшектер
Өртеп жағайын.
Жәй отындай күркіреп
Жер құдайының сүйегін шағайын.
Ақ бояу,
Көк бояу,
Қызыл бояу...
Мен сол бояуларға тойғанша қанайын.
Сорғала музыка,
Сорғала живопись!
Табиғат қанымен шұғыладай жанайын.
Әкел ақ ала семсеріңді,
Жұлдыздар жалынына суарып,
Метеориттар тасына сүйкейін.
Неге қоймайды аспан тітіреуін,
Ұшықтап,
Өз демімді мұзды бұршақтармен бүркейін.
Бер маған жыланбауыр бишігіңді,
Ақ басты генералдарды айдап шықпыртайын.
Оқалы капитандарды
Сыбап сықпыртайын.
Бармысың?
Есірке мені
Рим мен Ромулды емізген
Италияның қаншық бөрісі!
Қолдайгөр өзің
Жер Мәдісі
Исос-Христос,
Ата-баба әруақтар перісі!
Салақтап түссеңші
Жәй отының жасылы,
Көтерілейін бұлт қанатына.
Шығайын ғарыш-ағылаға,
Ұқсайын әулиелер санатына!
Жарқылда жанымның найзағайы,
Көрінсін жеті басты самұрық!
Ысқырсын аспан айдағары,
Дүркіресін, мейлі,
Жын шайтандар сабылып.
Қорықпаймын,
Саспаймын,
Сатырласын дүние,
Көтерілсін сүйегім.
Менің денем- от дене,
Менің кеудем адам кеудесі,
Сақылдасын иегім.
Ұр!
Сынбаймын,
Шағылмаймын,
От боп өртенем
Жалын болып лауылдаймын.
Желпілдет бейіс самалы,
Жет атмосферасы
Қаракөк шашымды,
Көріңдер, қуаныңдар
Барша қарланғандар- ашулы.
Адам!
Барша жер адамы,
Жаратылғансың жер затынан,
Қызықтыра алмас әлем венерасы,
Айырылма жер махаббатынан.
Жер, Жер!
Жер- менің жасыл төсегім,
Сағынамын, жер сені,
Жұқтырмаймын пәк тәніме аспан өсегін.
Ай сұлу,
Күн сұлу,
Хор қыздары көзін қыспасын!
Он екі мүше- аяқ-қол...
Таза сақтасын бақи дүние
Менің нұсқамды- адам нұсқасын!
Жер жынысы, жапырақтар нілінен,
Тау өзендерінің мөлдір тұнығынан,
Жаратылғанмын,
Адамзаттың асыл сынығынан.
Кимеймін сатурынның алтын шлиапасын,
Айырмасын, тәңірім,
Өз аулымның айыр қалпағынан!
Өз планетам- өз мекенім,
таулар- зәулім,
жатсын далалар жалпағынан.
Сүйемін күн күркірін,
Дүрілдесін періштелердің от арбасы,
Зуылдасын жай отының қара-ала шалмасы!
Қайда атом бомбасы,
Допша қағып.
Батырайын теңіздер тереңіне
Кетсін су боп ағып.
Көрініп тұр көк күмбезі,
Ашайық аспан есігін.
Шыңдар бұлт үстіне,
Жазыңдар ең биікке адам есімін!
Барша тыныштық кептерлері,
жын-перілер сарайын таспен ұрайық,
Азияның үстінде,
Европаның үстінде...
Қол ұстасып қатар тұрайық!
Баста, найзағай,
Алтын мүйізіңді алысқа көтеріп,
Африка- жер өкпесі,
Бұл ентігеді, жер жөтеліп.
Ұста ұлы құрлық өң етегіңді,
Жаңбыр маржаны төгілсін.
Жер көгерсін,
Әкел сахарайкабр құм дастарханыңды,
Бақыт егілсін, ниғымет егілсін.
Бар палнета,
Қағып ал адам жанының найзағайын,
Лирика жартасы, музыка жартасы,
Дауыл симфониясы!
Түссін жылтыр кенебіңе-
Живопись бояуы,
Живопись сиясы.
Жарқылда найзағай лентасы,
Түсір менің суретімді- адам суретін.
Искусство картасы, жер картасы,
Көрсет жер құдіретін!
Жер- менің қара топырағым,
Айтшы, планетам,
Неше атомоңнан мен сенің?
Тіршілік етеді менің сәби тәнімде
Сенің қанша клетка-қанша бөлшегің?
Жер,
Жер!
Сағынамын жер сені,
Азық етіп ақ сүтіңді маған берген,
Қалықтаймын
Ұшып келемін міне мен
Ең пәк сезіммен саған деген.
II
Найзағай,
Найзағай!
Лақтырма мені,
Түсір жер кратерінің ең шұңқыр ойаңына!
Орнайын,
Шомылайын ең ыстық қан қызыл бояуыңа.
Жер қабығын мың қабат тесіп өтіп,
Мың қабат құлайын
Күркіре лаула тасқыны,
Соқ,
Ұдай соқ- іләйім!
Әйда, Алға!
Жер жапсарымен құлдилап кетейін.
Мезазой,
Архиазой,
Онан да өтейін.
Күркіре окианкүркіре от теңіз,
Жер ядросын барып құшайын.
Өртенейін- күйейін
Менде жер отына ұсайын.
Бөлінейін магманың миллион моллекуласына,
Қосылайын ең ұзақ тозаңына.
Ериін, балқиын,
Планета пешінде, ланета қазанында.
Жер денесі- өз денем,
Атым менің- найзағай.
Анам мені от туған,
Туған бойым- жасыл жай.
Суымаймын, сөнбеймін,
энергия- нағашым,
энергия- жиенім.
Таусылмаймын, бітпеймін,
Өлмеймін,
Шірімейді сүйегім.
Арқыра асау тасқын- алаула тасқыны,
Жер қабығы кірлеп барады.
Тау тағыдай бүктелген,
Ұшқан құстың қанаты талады.
Ата мекен- ана бесік,
Қара жер қандай аңқаусың,
Өз қолың өз денеңе өлім егіп жүр.
Әлде кімдер
Қайда, бір жақта
Теңіз суына бірдеңе төгіп жүр.
Шынжыр табандар ізінен қан тамшылап,
Жер маңдайына қарайып кір жұққан,
Апелсин жапырағы отқа қақталып,
Зеңбірек заводы қызарып булыққан.
Жер денесі тіксінер,
Тау арғымағы пысқырып сілкінер.
Бұлт найзағайы қамшысын үйіріп
Алаула тасқыны долданып күркірер.
Жер денесі- от дене,
Атым менің найзағай.
Мен ақылды- топырақ,
Тұла бойым- жасыл жай.
Атыламын жер бетіне,
Ғасырлар жапсарымен өрлеп өтейін.
Ералар кітабымен санап тауысып,
жап-жасыл топыраққа кешікпей жетейін.
Зүлқарнайынды мүйізінен,
Шыңғысханды сақалынан алып,
Жылдар жақпарын ақтарып сілкемін,
Тарихтың ақ бетіне аят оқып,
Қара бетіне қарғыс отын бүркемін.
Перғауын бейтін түбінен тесіп,
Саламон сарайының іргесінен шығамын.
дию-перілерді сиқырмен буып,
көрсетемін оларға,
не шарафатын тілсім- дұғаның.
Өз денемнен электр,
Өз қанымнан магнит,
Бабалар қабырына посфор лампасы,
Даналар мазарына метро соғамын,
Жай оғындай жасыл із қалдырып,
Әулиелер әруағын іздеп табамын.
Ләйлі кірпігі махаббат- найзағайы,
Мен сонан Мәжнүн кеудесіне атыламын,
Қайда Мәжнүн?
Қайда Ләйлі?
Махаббат төгінің
От сымы болып тартыламын.
Қайда тоғыз муза афеллоны,
Үйрет маған ақындық арыныңды!
Қайда арфа ион сазы,
Бер маған қасиетті сарыныңды!
Ерейін, балқиын,
Планета пешінде, жер пешінде,
Қозғалайын, тірлік етейін
Жер жынысының өз денесінде.
Тау болып көтерілейін,
Темір болып өтелейін,
От,
Қызыл от,
Жасыл от!
Барша оттар бояуынан
Жаллын атамыз.
Кім адамзат промейін
Қара тасқа байлмақ ?
Біз саған, зевс құдайы,
Осылай тіл қатамыз.
Жер үстінде қылмыс көп,
Жер ашуы- от ашу,
Жуп кетірер.
Прометей рухы мәңгі өшпейді.
Адамзат жарақаты отпен жетілер.
Алаула, алаула тасқыны-
Ақ от, сары от, жирен от
Тас ғасыры білмеген,
От ғасыры- менің ғасырым,
Темірлер ғасырының алып көркін
Менің кеудем үрлеген.
Менің қолым- ұзын қол,
Әкел, найзағай,
Ала жолақ шыныр арқаныңды,
Өрмелейін.
Жер менің бесігім,
Мен сол бесігімде тербелейін.
Аралдардан аттайын,
Теңіздерден өтейін.
Шалқиын, шалықтайын,
Мұқиттарға кетейін.
Асығамын,
Атыл тез найзағай,
Жарып өт жанар таулардың
Жартас сауырын.
Тіреп қой ыйығымды көк күмбезіңе,
Арқалат маған
Жер қасіретінің ең ауырын!
Аспан бейнеті- атылас көтерген,
Жер бейнеті- мен көтерген.
Жер борышы әлі көп,
Жер ашуы менің ашуыммен өтелген.
От, от!
Қызыл от,
Жасыл от,
Жирен от,
От сөнбейді,
От ұшқыны төгілер.
Найзағай сынбайды,
Аспан сынып іргесі сөгілер.
Жер,
Жер!
Жер суынып өшерме ?
Жер денесі- от дене,
Атым менің найзағай,
Мен- ақылды топырақ,
Тұла бойым жасыл жай.
От,
Ақ от,
Көк от!
От суынып солар ма ?
От біздің өзімізде,
От денесі тоңар ма ?
Бұлт булары күркіреп келеді,
Күркіреп арыстан,
Тез бол,
Тік тұрғыз жер бетіне.
Мен- жер адамды,
Қараңдар сол жер адамның келбетіне.
Құшақтаймын, Аймалаймын,
Жер менің алтын бесігім.
Анам мені от туған,
От- менің есімім.
От, от!
От- мәңгілік,
От болып жанып тұрар,
Адамзат ақылы,
Бейуақыт,
Қара көк бұлт, қара көк жауын бар,
Найзағай,
Найзағай!
Сағынамын,
Қайда, найзғай, сенің
Жай отыңның сол жасыл жарқылы!
1957жылы жазылып, 1991жылы қайта өңделген.
Төте жазудан дайындаған: Тілек ЫРЫСБЕК