Тырналар. Омарғазы АЙТАН

/uploads/thumbnail/20170709212743755_small.jpg

(Поэма)


Кәдімгі Жоңғария -

Құбының бір шетінде

Таныс бізге,

Кәрия жүз жастағы

Жүз бірге айналғанда

Осы күзде,

Тұра алмай төсегінен

Қу сүйек, қардай таза, пәк тәнімен;

Көре алмай шаңырақтан жатқан еді,

Қоштасып атқан таңмен,

Батқан күнмен.

 

Ауаша дем алсын деп,

Отырған шал-кемпірлер қораланып,

Тарасып кеткен еді,

Бір әредік, қалғанда шал оңалып.

Көрінген шаңырақтан кішкене аспан-

Аспаны күзгі күннің

Шайдай ашық,

Кейде-кейде әкетуші ед

Жүз жылғы ескі елеске

Ала қашып.

Мұндайда жақпас еді

Айтсаң да мамырлатып қайсы әніңді.

Немесе домбырада

Шертсең де безілдетіп қай сарынды.

Алыстан естіледі тырна даусы,

Аспанның қоңырауы

Емес пе сол ?!

Басқандай қыл пернесін

Көкпеңбек кеңістікте

Әлде бір қасиетті құпия қол.

Бір шумақ өлең бе әлде,

Айналып жер бетінде ұшып жүрген!

Әлде бір керуен бе,

Шөлде кезіп ,

Аспанның аясына түсірілген.

Недеген ғажап еді

Кәдімгі тырна даусы тыраулаған!

Әлде бір жылқышы ма,

Кең қоныста

Қайырып мың жылқысын

Құраулаған ?

Көрініп шаңырақтан :

Шеп жайып,

Көк жүзінде баяу өтіп ;

Алыстан оралғанда

Сол дауыс

Кейде келіп,

Кейде кетіп;

Іркіліп тыңдарлықтай түйелі көш,

Тоқтатып біз кестесін

Бір сұлу отырардай ойға батып,

Болды екен не сезімде ?

Кәрия төсегінде тыңдап жатып.

Дірілдеп аппақ сақал,

Айтылмай көкіректе жыр қалды ма ?

Үңіліп

Солғын тартқан сол шырайға,

Төрт ұлы-шөбересі

Тұрды алдында.

-мені бір шығарыңдар кең дүниеге!-

Деді қарт

Сонда оларға,

Өзі де осы сәтте

Ұқсап кетті,

Әлде бір ақ сақалды әулиеге.

Көтеріп кілемге сап

Шыққанда үй қасында-

Дөң үстіне,

Тырналар шеру тартып,

Айналып жүрген еді

Өзінің қасиетті кеңісінде.

 

***

Болғанда өлер шағы,

Оңай ма қош айтысу

Көзбен қиып ?!

Жаудырап тұрған осы дүниені,

Толықсып

Күмбезіне әрең сиып.

Адам ба,

Табиғат па ?

Ияи таң самалы,

Құстың үні.

Құбылып мазалайды сондағыдай

Даланың қара барқыт қою түні.

Шымырлап әлсіз толқын,

Ойнаған балық суда жазғы кеште.

Сексен жыл...

Жиырма жыл ...

Бәрі де өтіп кетті,

Қинаған дамыл бермей

Сол елес пе ?!

Қарасаң саудыраған

Бір қу сүйек

Осында жатқызғандай

Жіпке тізіп.

Танбаған бірақ әлі ақылынан,

Жатса да өмірінен күдер үзіп.

Жүз жасқа келсеңдағы

Өмір қымбат

Екен ғой,

Көз алдыңда ойнақ салып,

Секілді бір топ бала

Жүгірген «шыбық ат» ,-қа мініп алып ...

 

Енді мына шалынып көз қырына

Түрлі жас,

Түрлі түсті

Кіиініп адамдар жүр

Ала-құла.

Келеді анадайда бір бойжеткен,

Қасында қатар жүріп

Тең құрбысы.

Жүр екен не жұмыспен

Алыста орағытып атты кісі ?

Әр үйдің есігінде бір тіршілік,

Келіншек моласына шәугім ілген

Көтеріп алды жерден жас сәбиін,

Еңкейіп енді ғана

Оралып етегіне еріп жүрген.

Недеген аяулы еді:

Бір түп терек,

Су қоймасы тоспасында

Отырған сарала қаз

Екі бірдей !

Кетті ме

Бір елестеп

Келер көктем,

Өмірдің шала қалған кетігіндей

Қажыда ма қайран ақыл ?

Кәрия бір арық, өзін саусақтары

Жабырқау тартты ма әлде

Көңіл суып ?

Мүмкін ол кеткен шығар, отыз жыл ...

Тіпті елу жыл ...

Онан да әрі .

Сексен жыл

Бұрын мұнан,

Қайда кетті,

Сондағы ойнап-күлген құрбылары?

Еді ғой ауыл қасы,

Сол жерде,

Айлы кеште

Әлі де отыр ма екен екеу болып ?

Бір тамшы қалмасада

Сондағы сезімдерден,

Осы бір әлсіз тәнде

Табыттай

Енді мына жатқан солып.

Бір сөніп,

Бір үзіліп,

Шынымен шатасты ма

Осы жүйесі?

Секілді қыз ұзатқан

Құбылып

Қызыл-жасыл дүниесі.

Біресе елестейді:

Үстінде көшкен мұнар

Көкшіл киік;

Бейне бір алтын тіреу аяқтары

Дірілдеп көк сағымға тұрған тиіп.

Осы шал емес пе еді

Қос тігіп бір жылдары,

Жағасын «құлан бастау» мекен еткен.

Кәдімгі қарамайлы,

Қақтан өтіп жүйрік атпен

Дағдылы суатына

Бөкеннің текесінен бұрын жеткен.

Екен ғой

Тірлік артық бәрінен де

Жүрседе итқорлықта,

Жетелеп арық атын шөлде қалып.

Болды ма тамсанғандай

Сағынып әлде соны есіне алып ?!

Бір шыны сусын әкеп кенже қызы,

Бір ұлы, бір жиені жақын келіп,

Көз алмай күбірлеген ерінінен

Отырды дем-тынысын тыңдап көріп.

Сәл тынып,

Көзін ашып,

Түйірсіз кеңістікке

Кәрия неге сонша қарады екен ?

Айналып ұшып жүрген

Тырналар қанатынан

Әлде бір жанға шипа таба ма екен ?!

Десеңші қандай тәртіп ,

Қойғандай әтей біреу сапқа тізіп.

Кім қарап қыхықпасын

Қимылсыз сырғығанда

Көкте жүзіп !

Бәлкім бір тасбиық ба,

Жап-жасыл алақанда

Жылжыған

Бір жазылып,

Бір жайылып!

Сонан соң солқылдайды

Жалғыз тал жас шыбықтай

Көкте иіліп,

Өзгеріп бастаушысы,

Біресе оза шығып

Тыңнан бірі,

Адамның сай сүйегін сырқыратып,

Қайтадан басталады ізгі жыры.

Кім білед,

Ғибарат үшін жаратқан ба,

Тәңірім

Қағидалы осы құсын?!

Қайталап жүр ме деп те қаларлықтай

Адамның жер бетінде еткен ісін,

Суға ма,

Топыраққа ма –

Әитеу бір махаббаты барғой

Сүйіп:

Асығып келетұғын

Көктем болса,

Кете алмай жүретұғын

Күзді қиып.

 

***

Жатқанда әл үстінде,

Тиді ме ауыр

Тырналар жүріп алды неге айналып?-

-деді де,

Көзін қайтадан жұмып алды,

Кәрия не сезді екен,

Оны ойға алып,

Жалғаспай онан ары,

Құпия көкіректе не сөз қалды?

Сәл ғана ыңыранып,

Сонан соң үнсіз жатып

Тынышталды .

Жиналып ойдан қырдан,

Адамдар дөң үстіне толды бірден.

Бұл кезде жүзге жақын түтін болған,

Таралып бір өзінің кіндігінен.

Дейтін ол:

«Арманы жоқ,

Толықсып

Жүз жасқа кеп тұрған шағы,

Қондырып ұлын ойға,

Қызын қырға,

Шақырған көлбақадай

Бар ұрпағы!»

Солардың отыр бәрі,

Жаутаңдап құс баласы секілденіп.

Алдында киелі ата,

Ұлы баба,

Қарасаң егілесің,

Көңілің еріп.

Солардың бірі ақын,

Қалада

Театрда бірі биші.

Арбакеш, тракторшы...

Бірнешеуі,

Аз емес тентектер де

Әнші-күйші.

Біреуі бастық дейді

Алыста

Әйтеуір бір облыста.

Бір ұлы құрылтайға барып келген,

Өлкеге уәкіл болып өткен қыста.

Қыз болып  кеткенінше

Жат жұрттық боп,

Жігіт боп томағасы алынғанша;

Қайсысын искемеген

Осы қарт кеңсірігі жарылғанша?!

Дей мекен әлде олар :

«осы адам жасай берсе,

Өлмей тірі?»

Әйтеуір сүйікті осы қамқоршысын

Өлімге қияр емес бірде бірі.

Жаутаңдап әрбір көздер,

 

Әрбір өңнен

Білініп тұр аяулы қимағандық.

Болса да осыншама –

Жүз жыл жасап,

Өмірі бір адамның бұл ғаламдық.

-таңертең тәуір еді!-десті солар,-

Дауысқа тыраулаған еліктіме?

«далаға шығам» депті,

Шаңырақтан

Тізілген тырналарды көріпті де.

-сол дауыс мүмкін ауыр тиді ме екен,

Жетелеп

Талай-талай ойға әкетіп?

Кім білед

Үзілуге апарды ма,

Шаршаған сезімдерді жіңішкертіп.

- Өзі де кірпік қақпай

Ұзақ қарап:

Тырналар жүріп алды неге айналып?»

Деді де,

Шырайлары өшкін тартты,

Қимылсыз

Сонан соң-ақ тілсіз қалып.

Аспанға қарай берді,

Ырымшыл кемпірлерде күдік алып.

Дәл сонда өтіп бара жатқан еді

Тырналар тағы қайта қиқу салып.

Жоқтау ма,

Шаттық ән бе ?

Яки
 «Ойбауырым» сап

Шапқаны ма ?

Бір түрлі үрейлі еді

Асығыс қанаттарын қаққаны да

-Үкі үріп түн ішінде ,

Бейуақыт

Көкке қарапит ұлыса;

Мезгілсіз тауықтың да шақырғаны-

Жақсы емес деуші еді ғой,

Тегін қуса.

-Тырналар осы бүгін,

Расында,

Айналып жүріп алды

Неге мұнша?

Ұстап ап алдағысын

Болар ед

Әттең соның жүнін жұлса!

-тек отыр!-деді бірі,-

Алдағы ең үлкені,

Көпті көрген.

Көзі болса бастап кетіп,

Көктемде сол емес пе ?

Бастап келген .

-тырналар жақсылықтың хабаршыс,-

Деді ақын өз-өзінен елегізіп,-

Секілді ұшып жүрген

Бір шумақ романтика

Көкте жүзіп.

-ұқсайды акордтқада

Тізілген скрипка сымдарына,-

Тұрғандай дір еткелі

Сәл тисе сезіміңнің қылдарына!-

Тоқталып

Осыны айтып.

Әуестеу музикаға

Сонда бірі

Үңіліп бабасына, солғын тартты,

Сынды ма

Жас жапырақ,

Көңіл бүрі.

Шипагер қыз

Бар еді бір жиеншары,

Отырған бағанадан

Тыңдап,көріп,

Деді ол:

-бір қалыпты...

Ештеме етпес,

Дем алсын,

Отырайық

Біраз кеңіп!

Тырналар келген еді

Тағы қайта,

Жебедей

Бірінен соң бірі атылған.

Қайықтай бір сызықпен

Бетінде көк теңіздің шұбатылған.

Әндетіп өткен кезде,

Сиқырлы

Тәңірдің осы құсы,

Намазға ұйығандай

Отырды үнсіз қарап барша кісі.

-былтық боп әттең өзін

Атқылап қуар ма еді осы маңнан!-

Айта алмай әлгі кемпір

Қалды тоқтап

Күдігін көңіліндегі жасырынған.

-Айналып ұшса ұшпай ма,

Құста не тұр?-

Деді де, сәл жымиып қарт мұғалім,

Отырды бір азырақ әңгімелеп,

Кәдімгі құс мінезін

Жұртқа мәлім...

Құс екеш құста болса,

Оның да өзіне ыстық туған жері.

Болса да қамыс-қопа,

Ең алғаш көзін ашып көргендері.

Бойында шалшық сулар

Тырна боп

Бір балапан жетілгенше

Ішкен су.

Ұмытылмас жеген шөптер.

Кәртеиіп

Қанаттары кетілгенше!

Тап-таза бір жұмыртқа.

Түібіне шөп-шалаңның

Тастай салған;

Десеңші

Қандай оның пәк салмағы

Жас дымқыл  топыраққа батып қалған ?!

Жарылып қауызынан

Жаңа ғана,

Шыққандай бір періште;

Шыр етіп дүниеге келгеніндей

Бір нәрсете

Тоғыз ай жүрген іште.

Тазарып қабығынан

Шықпай ма бір балапан

Иір мойын,

Таранып күн нұрында,

Қоғалар саясында түзеп бойын.

Түйедей көк балдырды күртілдетіп,

Сулардың күріш өскен

Тілін ішіп,

Тұрғаны қандай әсем

Жағалауда,

Сериген көлеңкесі көлге түсіп!

Ішінен көк шалғынның

Қылтиса

Жер- өмірден басы шығып,

Біреуі тырауласа,

Қалғаны түсінетін

Тілсіз ұғып.

Көрсең еңғ ұмтылып бір қомданғанын,

Биіктей жөнелгенде

Баяу өрлеп;

Өткендей қанаттары кеңістікте

Аспанның күй табағын

Қолмен тербеп.

Ақсақал кәрі тырна

Емес пе өзі

Бәрін де жетелеген мұрындықтап.

Көндіріп осы әскери қағидаға,

Үйреткен өз өнерін

Күнде ұқыптап.

 

Болар ма ілеспеске,

Қиқулап

Тұра ала жөнелгенде!

Елікпей отыра алған қай балапан,

Сусылдап

Жас қанаты теңелгенде.

Мүмкін ол алдағы ұзақ жорықтардың

Дағдылы манеуыры-

Машық еткен.

Қарт басшы біледі өзі мұның бәрін,

Талай тау,

Талай шөлді басып өткен.

Күз болып

Күн салқындап,

Тауларды

Қалған еді қырау шалып.

Қой өріп жүрген еді аңыздарда,

Шарулар астықтарын жинап алып.

 

Осыдан үш күн бұрын,

Түсінен шошығандай бір топ тырна

Тыраулап,

Кенет ұшып шыға келді,

Хабарлап алды нені

Оймен-қырға.

Мүмкін сол

Сигналы емес пе екен,

Шақырған көк дабылын

Қатты ұрып?!
шығуға

Шеру тартып

Тырналар калоннасы

Сапқа тұрып.

Ойланып,

Деді сонда қарт мұғалім:

Ақылмен істеп жатқан сияқтанып,

Адамға ұқсап кетед

Кей кездері.

 

Тоздырып сыртындағы қатты тонын,

Сол жерде қалдырғандай «итжейде»-сін?

Шиқылдап шыға келген бір балапан

Өзінше түсінеді

Өз дүниесін.

 

Түскен жер

Ақ үрпігі,

Қатқан жер қауырсыны,

Қанат бітіп;

Аунаған топырағы,

Шілдеде ішкен суы

Шөлдеп жұтып.

 

Ол қайтып ұмыта алсын:

Түкпірді

Қурай өскен,

Жалбыз шыққан;

Жаңбырда паналаған бұта түбін,

Жылағаны

Екпетінен жатып бұққан!

 

Туылып осы жерде ,

Осында төгілгендей кіндік қаны,

Емес пе

Қашанда оған

Ыстық қымбат,

Өзінің осы мекен-жәйлі отаны!

 

Ең алғаш топырақ искеп,

Ең алғаш

Ол осында көзін ашқан.

Теңселіп жас ботадай,

Сәбидей

Ол осында тәй-тәй басқан.

Болсада иістенкіт

Қиын ғой

Тастап кету

Оған бәрін-

Жайқалған

Қашқан су мен

Кө шалғынды,

Құлпырған жағалауын тоғандардың.

 

Кәрі тырна қайта-қайта еліктіріп,

Шықсада кеңістікке

Талай алып;

Қиқулап жүргені сол

Ілеспей жас тырналар шыр айналып.

 

Мен өзім көргем талай:

Төмендеп

Жас балапан

Қайта қашып,

Бұғынып отырғанын су бойында,

Сарғайған жапыраққа төсін басып.

 

Ал мына тырналардың,- деді тағы,

Тізілген сол құстарға тынбай қарап,

Бетімен жасыл аспан

Сырғанған,

Біресе шумақталып,

Бірде тарап,-

Ешқандай қатысы жоқ науқаспенен,

Алмаңдар көңілге оны

Ырым етіп»!

Жүрген жоқ

Олар қазір әкеткелі

Сүйікті бабамызды бір жаққа ертіп.

 

-қатқанда шөп буыны,

Құс қайтқанда ...

Бір қатер деуші еді ғой...

Айтқаным...

... тек әншейін...

Кәрі кісіге...-

Деп барып тоқтап қалды

Тағы бірі.

Бұл сөздің түсінікті ед мәнісі де.

 

***

Кәрия сандырақтап:

Ақ шомышы... шөп буыны... құстар қайтқан-...

Деді де қайта үнсіз,

Жым-жырт болды,

Сөздері ұғылмады

Басқа айтқан.

 

Біріне бірі қарап,

Бәрі де жақындасып

Онан ары,

Телміріп отырсада

Бірақта қайтап жауап ала алмады.

 

-«қатқанда шөп буыны» дегені не ?-

Деп сонда жастау біреу қалды сұрап.

 

Мүмкін бұл аят болар,

Яки аты ма бір періштенің?

Жоқ әлде белгі сөз бе,

Арналған тарихына ұлы істердің?

 

Қозғалып қойды орнынан

Ақсақал, үлкен ұлы сексендегі.

Аз емес оның дағы

Басынан

өткен-кеткен –

кешкендері.

«ақ шомшы» деген сөздің мағынасын

Болсада қазір айтар уақыт емес

Тізіліп өте шықты

Бір күңгірт

Күз алдынан

Бұлдыр елес...

 

Емес пе еді осы бір ел

Тау жайлап,

Бір кездерде қыр қыстаған.

Іздейтін тары-талқан күзде ғана

Ойдағы құда, тамыр, туыстардан.

 

Көрініп

Әппақ болып көз ұшынан

Шомдары түйесінің күнге күйген!

Тізіліп қайтқан құстай

Солар ғой

Соларғой

Ен далада ілбіп жүрген.

 

«Ақ шомшы» деген ат та

Қалған сонан,

Сексен жыл

Бұрын шығар

Мүмкін сонан

Кария жүз жастағы

Жатқан мына,

Торығып қайда барса сағы сынған.

 

Ілесіп ақ шомшыға,

Жетелеп

Жалғыз сәтек кәрі інгенін,

Күз болса астық іздеп,

Айтушы ед

Ит өмірден түңілгенін.

Ақыры

Қалған о да жатақ болып,

Қыстақта

Мұнан біраз алысырақ.

Манастың дәриясы

Жүгенсіз кететұғын онда бірақ.

 

Құм көшкен бұл өңірде

Жыңғыл мен тораңғының түбі шіріп,

Тек қана мекен еткен

Астына ұя салып,

Қоян кіріп.

 

Қайда онда су қоймасы

Жататын бүгінгідей толқын атып ?!

Құс қайда жүрген мына

Бетінде бірде қалқып,

Бірде батып?!

 

Тырналар ұшып онда,

Алыс бір шалғай жаққа кететұғын,

Тізіліп сол ізімен,

Қиқулап

Күзде қайта өте тұғын.

 

«Астында қайтқан құстың ақ шөмші жүр,»-

Қалыпты сол заманнан осы өлең.

Далада туып өскен қайсы қазақ

Басынан сол тұрмысты кешірмеген?!

 

Тырналар мың жыл ұшып,

Осында мфң жыл тынбай дауыстаған.

Секілді

Мың жылдардан қалған өлең

Бұл өлең-

Ешкім айтып тауыспаған.

 

Осында жүз жыл жасап,

Жүз бірге айналғанда, 

Сол кәрия астында қайтқан құстың

Шынымен жан үземе,

Уа, дариға?!

 

Қайдасың ұрпақтары,

Кең пейіл,

Жарқын шырай ата қайда?

Иіскеп маңдайынан,

Қол жайған адал, ізігі бата қайда ?

 

Тыңдашы құлақ түріп,

Тырналар неге сонша тыраулайды?

Тізіліп дауыс айтқан

Онысы жоқтау жырдан бір аумайды.

Ширығып

Өздері де

Абыр-сабыр,

Шеп жайып

Болған еді дайындалып.

Түгендеп кәрі тырна

Жүргендей ұрпақтарын тізімге алып.

 

Мүмкін ол келер жылы

Сол жақта қалар бәлкім,

Келмес қайтып!

Тап-таза кеңістікте

Секілді өсиетін жүрген айтып.

 

Біресе ұқсап кетер маршқа да,

Сол ма екен

Жорықтарда айтылған жыр?

Немесе сырнай үні

Толғантып

Салтанатпен тартылған бір.

 

Сол үнге

Ең соңғы рет

Тебіреніп,

Кәрия

Оянар ма бір селт етіп?!

Жүрмесе болар еді-ау,

Сол үнімен жан-рухы бірге кетіп!

 

Оралып өмір қайта,

Шынымен ашқаны ма

Қайта көзін?!

Тырналар қанатына

Оны да байлады ма

Тағдыр сезім?!

Ең ақтық дәрмені ме ?

Қиналды-ау

Ең соңғы рет

Кірпік талып!

Көз алмай қайтақан тырна суреттерін

Жатқандай жанарына жазып алып.

 

Сол ма екен бұл дүниеден

Ең қымбат

Қимағаны,

Таңдағаны

Секілді

Жүз жылғы өмір эпилогы

Сол ма екен

Ең соңғы бір қарманғаны ?

 

Тырна емес, тізбегі ме

Созылған кеңістікке бір ғасырдың ?

Қосар ма сол тізбекке

Кәрия өз тірлігі-ізгі асылын.

 

Қозғалып кетті сонда

Зор калонна,

Бейне бір керуендей

Жүгін артып;

Дағдылы күш басшысы

Жетелеп жөнелгендей

Соза тартып.

Біресе ол шумақталып,

Біресе жалғыз түзу сызық болып;

Немесе бұрыш жасап

Қақ ортадан

Қатарын өзгертеді

Бұзып көріп.

 

Лоблыды ақын қиял,

Елігіп

Сол дүрмекке бірге ілесіп.

Өзінің шипратылған жыр жолдарын

Аспанға лақтырғандай

Жіп қып есіп.

 

Секілді

Бара жатқан

Сұр-жебе ырғақтары

Ұшып алыс.

Күмбірлеп

Көкейінен күй боп тарап,

Қозғалып

Қоңыраулы тұрған дауыс.

 

Барғанша көз ұшына

Қарасы

Қанша өшіп,

Қанша жанды?

Инеден

жіп суырып әкеткендей

суырып әкетер ме ғазез жанды?!

 

Үсімен қарлы таудың

Сырғанап,

Онан әрі мұз бетімен

Тізіліп,

Ғайып болды,

Көк сағым

Ең соңғы сол иретілген.

 

Қалғымай кірпік қалды,

Мәңгілік

Өшті ме шын

Шіркін жанар?

Амал не !

Құс емес қой

Адам жаны,

Көктемде туған жерге қайта оралар!

 

***

Кәрия жүз жастағы,

Осылай

Жүз бір жасқа айналғанда,

Үн-түнсіз

Қайтқан құспен бірге қайтып,

Қош айтты

Қадірменді бұл жалғанға.

 

Бір ғасыр-жүз жыл жасап,

Арман не

Осыншалық өмір көрсе?!

Менің де өлеңімнің арманы жоқ,

Көктемде қабіріне гүл боп өнсе!

 

Отырған ұрпақтары,

Олар да

Талай-талай алар еске,

Қасында зиратының

Көктемде шығып тұрып бір белеске!

 

Дәл сонда ұшып келер,

Тырналар шеру тартып,

Былтыр кеткен

Қайырып көмейінен

Қоңыраулатар,

Секілді

Сағынышын өлеңдеткен!

 

Тізіліп ен даладағ

Қатар-қатар жарқылдаса соқа жүзі.

Қап-қара топырақта

Түп-түзу

Трактордың жатыр ізі.

 

Кәрия жүз жастағы,

Жүз рет көктем көрген!

Амал қанша,

«Көктемде жүз бірінші

Деп ойлап жүруші едік

Бір қуанса!»

 

Өзі де құсқа құмар,

Қай жылы,

Қайсы күні,

Қай тырнаның

Бар дейсің даусыда ол естімеген?

Ұққандай үнсіз тыңдап

Айтылғанын;

Сонан соң ұзақ қарап,

Көз алмай отыратын қанаттардан.

Шұбырып өткен кезде

Астымен әппақ бұлттың

Қабатталған.

Десеңші неткен дауыс ?!

Салар ек сол дауысқа,

Егерде құстар әнін біз де білсек!

Азырақ байыз табар

Ол да тыңдап,

Толғатып бебеулеген бір келіншек!

 

Бір тырна тырауласа,

Бір сәби жаңа туып іңгәлаған

Ұқтырар тіршілігін

Өз тілімен,

Ақыл тап,

Осы үндерді

Тыңда адам!

 

Көктемнің хабаршысы-

Осы бір тәңірінің әсем құсы

Келгенде жыл-жыл сайын,

Білініп тұрады ылғи

Сусылдап қанатының асығысы.

 

Оңай ма ұшқан тырна музыкасын

Түсіру

Ақ қағазға қолмен сызып?

Отырар

Ақын сонда

Ауыр оймен,

Өзінің ұйқастарын

Құс қып тізіп.


Төте жазудан дайындаған: Тілек ЫРЫСБЕК
 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қатысты Мақалалар