Ақордада елбасының қатысуымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқының және өз атынан әскери жаттығуды орындау барысында қаза тапқан 7 әскери қызметкердің отбасы, туған-туыстарына көңіл айтты. Бұл туралы Қамшы порталы akorda.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
- Жамбыл облысында қар көшкіні салдарынан болған қайғылы оқиға туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдадым. Олардың әрқайсысы елінің нағыз патриоты болып, өз әскери міндетін соңына дейін атқарды. Қорғаныс министрлігіне қаза тапқан сарбаздардың отбасыларының бәріне жан-жақты көмек пен қолдау көрсетуді тапсырамын. Мемлекеттік комиссия болған оқиғаның себептерін анықтауда. Мұндай қайғылы жағдай болашақта қайталанбау үшін барлық қажетті шараларды қабылдаймыз, - деді Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұдан бөлек, жиналыста Қауіпсіздік кеңесінің күн тәртібіне шығарылған мәселелер жайында айтылды. Қазіргі кезде ел үшін аса қауіпті болып тұрған экстремистік және террористік әрекеттерге қарсы тұру ең әуелгі міндет болып табылатынын айтты.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы мемлекеттік органдарға басқа да салалар мен бағыттарға қатысты ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде бірқатар міндет қойды.