2017 жылдың 21 ақпанында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне Қырғыз Республикасының Уақытша сенімді өкілі Қайнарбек Токтомушев шақыртылған. Өткен кездесуде Қазақстанның сыртқы істер министрінің орынбасары Ғалымжан Қойшыбаев қырғыз дипломатына «Қырғызстан Президентінің Euronews телеарна эфирінде 2017 жылдың 17 ақпанындағы мәлімдемесімен келіспеушілік және таңғалу» білдірілген нота тапсырған.
Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың 17 ақпанда Евроньюс арнасына берген Қазақстанды айыптаған сұхбатына қатысты Қырғыз Республикасының Сыртқы істер вице-министрі Динара Кемелова өз түсініктемесін берген болатын.
«Сәуірдегі оқиғаларға байланысты Қазақстанмен шекараны жабу адамдар үшін қиындықтар тудырған. Соның ішінде адам өліміне әкелген оқиғалар да болған. Атап айтқанда шекарадан заңды түрде өте алмаған бір топ жігіт Шу өзенінен жүзіп өтпек болған. Ата-аналары медициналық жәрдем алу үшін шекарадан өткізе алмаған балалардың көз жұмып жатқаны туралы хабарламалар да келген», - деген болатын Кемалова.
Динара Кемелова атап өткендей, расымен де, 2010 жылы Қырғызстан азаматтарының қазасына әкеліп соққан оқиғалар болған. Сол жылы азаматтар заңды жолмен шекарадан аса алмаған соң, жас жігіттер Шу өзенінен жүзіп өтпек болған. Ауырып жатқан баласын шекарадан асыра алмаған ата-ананың баласы қайтыс болған. Сол бір жарым айға созылған шектеу кезінде қатты сырқат адамдарға дәрі жеткізу мүмкін болмаған соң, науқастар көз жұмған. Қырғыз Республикасына аса қажетті дәрі-дәрмек жетпей қалған соң, мыңдаған адамның өміріне қауіп төнген. Шекара жабылған соң, қырғыз халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайы нашарлап, шиеленіс өрши түскен.
Елдің сыртқы істер вице-министрі Динара Кемелова мен Бішкектегі ҚР Төтенше және Өкілетті елшісі Айымдос Бозжігітовтың кездесуінде де қырғызстандық тарап Қазақстанның «көршілерді оқшаулап тастады» деген сөзге қатысты дау туғызбауды ұсынған еді.
Еске салсақ, Euronews телеарнасына берген сұхбатында Алмазбек Атамбаев журналистің «Бұл одақ (ЕАЭО-ны айтып отыр - ред.) көп жағдайда Ресейдің мүддесін елеп-ескереді деп санайсыз ба? (...) деген сұрағына былай деп жауап берді: «Біз сауда-саттық жүргізіп, көршілермен жұмыс жасауымыз қажет. Егер біз Еуразиялық экономикалық одаққа кірмесек, бізге шектеу қаупі төнер еді. 2010 жылы Қазақстан бізге 1,5 айға шектеу қойғанда, бізде тіпті адам құрбандары да болды. Иә солай болды, себебі шектеу деген жақсы нәрсе емес. (...)».
Пікір қалдыру