Еліміздегі көп баланы дүниеге әкелген ең жас ана – Ақтөбелік Айсәуле Сатыбалдиева. Бұл жайында ақпарат «Диапазон» газетінде берілген.
Серік Байдешев пен Айсәуле Сатыбалдиева 3 жыл бұрын Қайындысай ауылынан Алға ауданына көшіп келген. 8 баласымен сусыз, отынсыз кішігірім ғана үйде күн кешті. Бүгінгі күні отбасы Жаңақоныста тұрады. Серік Байдашев қоғамдық көліктің жүргізушісі болып жұмыс атқатрады. Айсәуле жұмыссыз. Көпбалалы ана мемлекеттің назары өздеріне ауып, күндердің бірінде өзіміздің жеке үйімізге көшерміз деп сенеді.
Отбасында 6 ұл мен 4 қыз бар. Кішісі 1 жасқа да толмапты. Айсәуленің айтуы бойынша, таңғы 4-те дүние есігін 3800 грамм болып ашқан бүлдіршінді босану қиынға соғыпты. Ұлдарының есімін Сәулет деп атапты.
«Біздің балаларымыздың есімін осы уақытқа дейін туған-туыстарымыз қойып келген. Ал, 10-шы баламның есімін күйеуім өзі қойды. Көпбалалы ана дегенде билік тұрмақ, халықтың өзі үрке қарайды. Теріс пікірлер естіп жатамыз. Бірақ мен ондайларға көңіл аударғым келмейді. Мақсатым – балаларымды аяғынан тік тұрғызу».
Айта кетейік, 10-шы баласын дүниеге әкелсе де, мемлекет тарапынан ешқандай көмек көрсетілмеген ана: «Алтын алқа» медалі тек көпбалалы ана екенімнің белгісі ғана», - деп күйінеді.