А.Мұхамедиұлы: Сарайшық қалашығы ашық аспан астындағы музейге айналуы мүмкін

/uploads/thumbnail/20170709214239596_small.JPG

23 ақпан, 2017. Атырау. Атырау облысына жұмыс сапары барысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Сарайшық қалашығын сақтау мәселесі бойынша кеңейтілген отырыс өткізді.  

    Кеңейтілген отырысты Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев ашты. Отырысқа депутаттар, танымал қоғам қайраткерлері, жергілікті атқарушы билік өкілдері, жетекші тарихшылар мен археологтар, атап айтқанда ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Енсегенов, ғалымдар Зейнолла Самашев, Карл Байпақов, Бүркітбай Аяған, Берекет Кәрібаев, философ Ғарифолла Есім, зиялы қауым өкілдері Есенғали Раушанов, Мереке Құлкенов және т.б. қатысты.

    Басты тақырып Атырау қаласынан 55 шақырым жерде, Жайық өзенінің оң жағасында орналасқан көне Сарайшық қалашығын сақтау мәселесіне арналды.   

    Ескерткіштің құжатына сәйкес, оның ауданы 100 га. құрайды, алайда ескерткіштің аумағы Жайық (Орал) өзені шаюының әсерінен жылдан жылға азайып келеді. Қазіргі таңда қалашықтың басым бөлігі Жайық (Орал) өзенінің әсерінен бұзылған.  

    Атырау облысының әкімдігі 2013 жылы ҚР Үкіметінің тапсырмасына сәйкес  құрылған «Сарайшық» қалашығын сақтап қалу мәселесін талқылау жөніндегі ведомствоаралық комиссия шешімі бойынша Жайық өзенінің жағалауын бекіту бойынша жұмыстарды жүзеге асырған.

    Сарайшық қалашығын сақтап қалу мәселесіне қатысты кеңейтілген кеңесте аталмыш мәселеге жүйелі, бірізді қарау есебімен бірегей тарихи ескеркерткішті сақтаудың алдағы қабылданатын шаралары талқыланды.

    Отырыс барысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ведомстваның республика аумағында тарихи және мәдениет ескерткіштерін сақтап қалу бойынша мақсатты жұмыс жүргізіп жатқандығын атап өтті. Қазіргі таңда Қазақстанда 220 тарих және мәдениет, археология, архитектура және монументалдық өнер ескерткіштері бар.    

    «Біздің басты мақсатымыз – көне Сарайшық қалашығының табиғи бұзылуын тоқтату. Біз бұл бірегей мәдени ескерткішті сақтап қалып, болашақ өскелең ұрпаққа табыстау үшін бар күшімізді салуымыз қажет. Бұл жерде әкімдікке жағалауды бекіту жұмыстары бойынша қабылданған шаралар үшін алғысымды білдіргім келеді. Бекіту жұмыстарын жүргізгеннен кейін археологиялық зерттеулер өз жалғасын табатын болады. Археологиялық қазбалардан кейін бірден реставрациялық жұмыстарға көшетін боламыз» - деп атап өтті Арыстанбек Мұхамедиұлы.

    Жоғарыда аталғандай, Мәдениет және спорт министрлігі көне Сарайшық қалашығында ғылыми-реставрациялық және консервациялау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, бұл жерде туристерді тарту үшін көне Тараз қалашығы үлгісінде ашық аспан астында музей ашу қолға алынатын болады.  

 

Айта кетсек,  Сарайшық қалашығы 100 га көлемі бар, XIII-XVI ғғ. жатады. Жайық өзенінің оң жақ жағалауында, Атырау қаласынан 55 шақырым жерде орналасқан. Археологиялық зерттеулер нәтижесінде Сарайшықтан Шығыс пен Батыстың ортағасырлық өркениетті орталықтармен сауда-экономикалық және мәдени байланысы туралы ақпарат беретін және Алтын Орда дәуірінің қалалық мәдениетінің бай материалдары табылды. «Хан» қоғамдық құрлысының архитектуралық орналасуының кезеңдеріне зерттеу жүргізілді. Зерттеу барысында «ханның» салу ерекшеліктері анықталды. Сонымен бірге, өткен маусымда бес құрылыс кезеңін анықтауға мүмкіндік алынды. Археологиялық зерттеу барысында қалашықта нумизматикалық материалдардан басқа қалалықтардың көптеген күнделікті қолданыс заттары табылды: қыштан жасалған заттар (құман, құмшы, шығыр, құмыралар, көзелер, шырақтар, түбектер, кесе, пияла ) өсімдіктер мен зооморфты өрнектер және түрлі араб шрифтімен, сонымен бірге, трапезундық және қырым амфораларыныњ бөлшектері, қытай фарфорынан жасалған табақтың бөліктерімен безендірілген. Қазбалар барысында көптеген сүйектен, темір мен қоладан жасалған бұйымдар кездеседі. Одан басқа, ортағасырлық моншаның қалдығы табылып, зерттелді. Сарайшықта салтанатты сәулетті сарайлар, керуен-сарайлар, моншалар, мешіт-медреселер және басқа да ғаламат ғимараттар салынған. Оларды атақты сәулет өнері мектептерінен өткен дарынды шеберлер тұрғызған қаланың өте тамаша жобаланып салынған түзу де кең көшелері мен алаңдары болған. Қаланың келбетінен шығыстың әсері айрықша байқалды.

Қатысты Мақалалар