Қытайда «Singer 2017» ән додасында өнер көрсетіп жатқан қазақстандық әнші Димаш Құдайберген байқаудың жетінші кезеңінде үшінші орын алды.
Жобаның жетінші кезеңінің түсірілім жұмыстары бүгін таңға жақын аяқталып, әншілер өз өнердерін көрсеткен. Нәтижесінде, қазақтың «Дайдидау» әнімен көрермен жүрегінен орын алған отандасымыз үздік үштіктен көрінді. Гонконг қаласының тумасы Sandy бас жүлдені, жобаға жаңа қосылған Ли Цзянь екінші орынды иеленді. Айта кетерлігі, жобаның он кезеңнен тұратын іріктеу бәсекесінде алғашқы жеті әншіден тек төртеуі қалды. Димаш жалпы есепте үшінші орыннан түскен жоқ. Еске сала кетейік, «Singer 2017» байқауының алтыншы кезеңі эфирден 25 ақпан күні көрсетілетін болады.
Естеріңізге салсақ, Димаш 1, 2 және 6 кезеңде бірінші орын, 3, 4 кезеңде үшінші орын, 5 кезеңде 5 орын алған болатын.
Айта кетсек, Димаш Құдайбергенов Витебскте өткен "Славян базары-2015" халықаралық байқауында жеңімпаз атанған еді. Ол, сонымен қатар, "Шығыс базары" және "Мейкин Азия" байқауларының Гран-при иегері.
Ол қатысып жатқан байқау аясында Қытайда аса танымал болды деуге болады. Әлемге әйгілі актер Джеки Чанның өзі Димашпен арнайы танысқан болатын. Сондай-ақ Димаш пандалармен кездескен ресми бірінші елші атанды.