Қазіргі таңда жерді жалға беру мәселесі өте өзекті. Осыған орай Qamshy.kz порталы кәсіпкер Жолдыбай Ошырбайұлының өз жерімізді өзіміз игеру, ауылшаруашылығын дамыту, экспортты арттыру және Қытайға жерді неліктен жалға беруге болмайтыны турасында айтқан дәйектерін назарларыңызға ұсынамыз.
Нұрсұлтан Назарбаев азық-түлік экспортын 40% арттыруға тапсырма берді деп жазады matritca.kz. Қазақстандық кәсіпкер, ауылшаруашылық өнімдерін өндіруші Жолдыбай Ошырбайұлы Елбасының тапсырмасын орындау үшін ресейлік бағыттан бас тартуды ұсынады. Себебі шығысымызда азық-түлік тапшылығын көріп отырған Қытай бар.
Ол өз ұсынысының тиімділігін дәлелдейтін салмақты дәйектер келтіреді.
«Мен қытайлық бағытпен белсенді түрде айналысып жүрген кәсіпкермін. Толық сеніммен Қытай азық-түлік тапшылығын бастан өткеріп отыр деп айта аламын. Онда барлығы химияға негізделген. Адам тұтынатын барлық өсімдіктер химиялық жолмен өңделетіндіктен өзінін табиғи тазалығын жоғалтып алған» дейді Жолдыбай Ошырбайұлы.
Табиғи таза өнім
Қытайлықтар Қазақстаннан импортталған азық-түліктерді өте жоғары бағалайды. «Бұл табиғи таза тағам ғой» дейді қазақстандық азық-түлікті тұтына отыра. Кәсіпкердің айтуынша, Қытай плантациялары химиясыз егін бере алмайтын мүшкіл халге жеткен.
«Қытай ауылшаруашылық өнімін көбейту мақсатында егістік алаңдарын түрлі химиялық тыңайтқыштармен «байытады». Мәселен, осы жылы 1 гектар жерге 100 келі тыңайтқышты сепсе, ендігі жылы оны одан да көбейту қажет. Өйтпеген жағдайда түсімділгі азаяды. Соңғы 30 жылда егістік алаңдары түрлі химиямен уланғаны соншалық «тыңайтқышсыз» өсімдік өспейтін жағдайға жеткен. Одан табиғи таза өнім шықпайтыны анық. Дәл осы жағдай Қазақстан үшін өте үлкен қауіп төндіріп отыр» деп есептейді кәсіпкер.
«Біз өз мүмкіндіктерімізді толық пайдаланбаймыз»
Елбасы азық-түлік экспортын көбейтуге тапсырма берген екен, енді барлық күшті қытайлық бағытқа жұмсау керек деп есептейді сарапшы. Ол үшін не істеу керек?
Біріншіден, Еуразиялық одақ аясында экспорттың өсуін тежеп отырған кейбір келісімдердегі шарттары қайта қарау керек.
«Одаққа мүше елдерге азық-түлікті жеткізуден ешқандай пайда түспейді. Бірнеше жыл бұрын біз Ресейге 60 мың тонна етті жыл сайын экспорттауды жоспарладық. Орындадық па? Жоқ. Бір ғана Белорусь бүкіл Ресейді азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр...» дейді кәсіпкер.
Латифундистер мемлекет есебінен өмір сүре ме?
Тағы бір ұысыныс: Қазақстан жерін монополияндырған ірі жер иелерінің жұмысын бақылауға алу керек. Егер мемлекеттік субсидиялар есебінен жұмыс істеп жүрген және еңбектері тиімсіз болса, жерлерін алу керек. Ауылшаруашылығына арналған жерлер ел игілігіне жұмыс істеп, табыс алып келу керек.
Қытай несімен қауіпті?
Бұл сұрақ әрдайым қазақтарды мазалап келеді. Қытай фобиясы бізді барлығына күмәнмен қарауды үйретті. Олар ертең жерімізге көз тіксе не істейміз?
Кәсіпкердің ойынша қытайларға жерді жалға беруден ешқандай пайда таппаймыз. Өз жерімізді өзіміз көркейткеніміз абзал. Сонымен қатар, халықтың көбі қытайларға жерді жалға беруге қарсы болды.
«Егер қарапайым халық жерді өңдеуді үйреніп алса, олардың жер туралы ұрандары өз мүддесін қорғауға негізделген болар еді. Дәлелді қарсылық эмоцианалды келіспеушілікке қарағанда мықтырақ болады».
Халық осындай деңгейге жеткенде ешкімнің бізге көз алартып қаруға дәті бармайды. Керісінше олар сапалы өнімдерді сатып алуға мүдделі болады. Бізбен тең деңгейде қызмет ететініне сенімді кәсіпкер.
«Қытайларға жерді беруге болмайды. Олар өз жерлерін құртқандай, біздікінде бүлдіреді. Олардың бақасының өзі мутант».
Ұлттық кәсіпкерліктің ерекшелігінен құтыла аламыз ба?
Жолдыбай Ошырбайұлының сөзінше, аталған салада кәсіпкерлер арасында бәсекелестік жоқ. Ауқатты кәсіпкерлер ауылшаруашылығына инвестиция құйғысы келмейді. Себебі одан түсетін қаржы олардың сұраныстарына жауап бермейді...
Елбасы ауыл мен қала тұрғындары өз кәсібін ашу үшін 16 миллион теңгеге дейін қаржы ала алатынын айтқан. Мәселе ол қаражатты біз қаншалықты тиімді пайдалана аламыз. Әлде бұрынғысынша мейрамхана мен дүкен ашумен ғана шектелеміз бе? Үміттен күмән басым дейді Жолдыбай Ошырбайұлы.
Аударған: Әсем Әлмұханбет