Ит асырағанша, бала асыра!

/uploads/thumbnail/20170708150753254_small.jpg

Бұдан 16 жыл бұрын, нақтырақ айтсам,   1996 жылы құлжа қаласында университетте оқып жүрген кезімде,«Нұртай қажы » атанған ұйғыр кәсіпкер 60 мың доллар қаржы шығарып, «Нұртай қажы жетімдер мектебін» ашқандығы  қоғамда күшті аңыс қозғаған еді. Бұл жақсылықты  жерлік ақбарат көздері жарыса жазды. Сол бейбақ балалардың барлығы Нұртай қажыны «әке» деп атайтындығын бірге оқитын ұйғыр сабақтастарымыздан жиі еститінбіз. Еуропа үлгісіндегі екі қабатты оқыту үйі, екі қабатты жатақханасы, арнайы асханасы мен көлемді спорт кешені бар осындай құтты мекенді көріп қайтуға бәріміз құштар едік. Сонда ойлайтынмын: «Шіркін, қазақта да осындай миллионер көптеп туса екен» деп.

Құдайға шүкір, Қытайдағы қазақтарда жетімдер мәселесі қазірге басты мәселеге айналған жоқ. Бірақ бар қазақтың атажұрты Қазақстанда бұл мәселенің өзекті болып тұрғандығын құлағымыз шалады. Ертеректе Мейрамбек Бесбаев шырқайтын «Бозторғай» әні де талай жайтты ұғындырғандай болып еді. Кейде Қазақ еліндегі әртрүрлі телеарналарда жетімдер жайында түсірілген бейнебаяндарды көріп  ет жүрегім езіледі.

Атажұртқа барып келген көршім мынадай әңгіме айтып еді: «Ол жақтағы туыстарымыз шалқыған бай екен. Қарапайым ғана бір мысал айтайын, шетелден екі ит сатып алыпты. Оларды арнайы қарап-баптайтын қызметкерлер бар. Иттер жуынды-шайынды ішпейді, әдейі әзірленген тамақтары, жуынуыға арналған бөлмелері бар. Қызметкерлер «айым», «күнім» деп мейірін төгіп, аяулы баласындай мәпелейді.

–  Сонда бір иттің бағасы қанша тұрады екен?

– Оны қайтесің? Шетелдегі бір қазақ отбасының атажұртына барып, орналасып, шаңырақ көтеруіне жететін ақша...

Иа, Қазақ елінде миллионер атанған қаракөз аға-әпкелеріміздің көп екендігін, тіпті кейбірі Халықаралық байлардың қатарынан табылып жатқанын күнделікті ақпарат көздерінен біліп жүрміз. Жоғарыда атаған Нұртай қажы деген ұйғыр азаматтың байлығы олардың байлығының жанында түкке де тұмауы мүмкін. Бірақ атқарған жұмысын айтсаңызшы! Соған қарап еріксіз ойға батасың: Біздің Алаштың байлары миллиондап ақша шығарып, мектеп салдырып, неше жүздеп жетім асырамаса да, сілекейімен ауру әкелетін ит асырағанша, отбасы мейірне мұқтаж жетім балаларды асыраса.    Ондай азаматты құдіреті күшті Алла Тағала сауапқа жазары сөзсіз. Өйткені, қасиетті Құран кәрімде: «Жетімдерге жақсылық қылыңдар» делінген.

Шалқар Қаниатбекұлы, ҚХР

Сурет: funzoo.ru

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар