(Ақын Серікбай Қосанның поэзиясы туралы)
Қоғамның өзі күнделікті дамып отыратын қозғалыс болса, қазақ әдебиеті де сол өмір секілді күннен-күнге өсіп-өркендеп отырады. Оған жыл сайын шығып жатқан көркем шығармалар мен сол туындыларды саралап көрсете білетін ғылыми зерттеулер мысал бола алады. Олай болса, бүгінгі қазақ поэзиясының да күн санап өсіп отырғанына тәуелсіздік тұсында жарияланып жүрген жыр жолдары куә.
Соңғы жылдары белгілі ақын Серікбай Қосанның «Жүрегімде жүз өлең» атты жыр жинағы жарық көрді. Бұған дейін ол жыр сүйер қауымға «Аралды аңсауымен» (1997) таныс болса, бұл ақынның көпшілік оқырманға ұсынып отырған екінші жыр кітабы. Үш бөлімнен тұратын кітаптың бірінші бөлімі «Жыр-дұға» деп аталады. Мұндағы өлеңдердің бәрі де қазақ поэзиясының соңғы жылдары жаңа тақырып, жаңа мазмұнмен толыққандығын көрсетеді. «Құдай», «Құран сөзі», «Мұхаммед пайғамбар», «Иасауи хикметтерін оқығанда», «Үмбетке», «Жыр-сүннет», «Рухыма», «Жыр-Дұға» сынды өлеңдердің кеңестік дәуір тұсында жазылмақ түгілі, Құдай, Құран, Мұхаммед Пайғамбар сынды сөздерді ауызға алуға болмайтыны тарихтан мәлім. Соңғы жылдары қазақ халқы имандылыққа жаппай бет бұра бастаған тұста мұндай киелі сөздердің қазақ поэзиясына келе бастауы да заман талабынан болса керек.
Кітаптың беташары ретінде берілген «Шабыт шақыру» өлеңінде лирикалық кейіпкер «Ей, Тәңірім, шабыт беріп шайырға, Көңілімнің құсын көкке өрлетші!» деп ақындықтың өзін бір Алладан ғана келетін үлкен құдіретті күш екендігін, оған тек жаратқан иемнен ғана көмек боларын ескертеді. «Құдай» өлеңінде «Күпі киген қазақтың қара өлеңін шекпен жауып өзіне қайтарамын» дегендей ақын «Аққа Құдай жақ» деген халық даналығын қайта жаңғыртып, оқырманын адамдыққа, адалдыққа шақырады. Поэзия жанрындағы дәстүр мен жаңашылдық проблемасын жете зерттеген ғалым: «Дәстүр мен жаңашылдықтың өзін тек уақыт өлшеміне қарай ғана ажыратуға болғандай. Өйткені, бір енген жаңалық, мейлі форма жағынан болсын әдебиеттің қаны мен жанына дөп келсе, дәстүрге айналып кетуі де мүмкін» деген болатын. Осы қағидаға сүйене отырып, Қазақтың белгілі жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Дүние ғапыл» жинағына енген «Таңғы кәлима», «Түнгі кәлима» өлеңдері қазақ поэзиясына қасылған жаңалық екенін айта келіп: «Ә.Кекілбаевтың біз көрсеткен жаңалығы болашақта поэзияның дәстүріне айналуы да мүмкін» деген болатынбыз. Серікбай Қосанның «Тілек» өлеңінің «Бисмиллаһи рахмани-р рахим деп» басталуы осы ойымызды айғақтай түсті. Ендеше кешегі жаңалық деп отырғанымыз бүгін дәстүрге айналуы осыған дәлел. Осы өлеңінде ақын сырт көзге иманды болып көрінгісі келетіндердің өзін алдағанмен, Құдайды алдай алмайтындығын ескерте отырып, оларды қатты сынайды. Түні бойы қызойнақ салып, күнәсін жуу үшін таңертең Алла үйіне дәретсіз келетіндерден безінген лирикалық кейіпкер Жаратқан иемнен дүние, асыл бұйым сұрамай халық игілігіне жарайтын жыр сұрайды. Мұндай қасиет тек өнерді шын құрметтеген жандарда ғана тән. «Құран сөзі» өлеңін:
Құдай – жалғыз,
Тумайды,
Туылмайды,
Жаратқаннан жақсылық туындайды.
«Құран сөз – Құдайдың әмірі» деп,
Періштелер тәу етіп дуылдайды-
деп бастаған ақын кешегі атеистерді Құдайдың бар екендігіне иландырып, оған құлшылық жасауға шақырады. Алланың ақ жолы адасып, шайтанның суымен сусындап, дүние қуып төңірегіне кері әсер беретін жандардан безінген лирикалық кейіпкер сөзін:
Алланың ақ жолынан адаспаңдар,
Құранның хақ сөзіне таласпаңдар.
«Ағузу биллаһи мин-аш-шайтани рәжим» деп,
Ібілісті інге тығып аластаңдар!
деп түйіндейді.
Оқырманын жаратқан кім, сені не үшін жаратты, адам болған соң не істеу керек, қандай болу керек деген сауалдардың жауабымен сусындатқан ақын ендігі кезекте Мұхаммед (С.Ғ.С) Пайғамбардың кім екендігін түсіндіреді. Кеңес дәуірінде жетім-жесір мен еңбекшінің жанашыры, көсеміміз – В.И.Ленин десек, ақын оны басқаша түсіндіреді. «Қысылғанды демеген, мүміндерді жебеген, Қалаулысы Құдайдың – Жүректердің емшісі» - Мұхаммед Пайғамбар. Бұдан шығатын түйін – қоғам өзгерге заманда адам да. адамның ой-санасы да өзгеру керек. Ендеше, біздің сүйенеріміз де, сүйеушіміз де бір Алла мен оның сүйікті құлы Мұхаммед Пайғамбар! Сондықтан қамшының сабындай қысқа ғұмырыңды текке өткізбей, «Құран – Кәлем Шәріфті» қолыңа ал, сонда бәрі де жазылған дегенге мегзесе, «Үмбетке» өлеңінде:
Есіңе ал, елім, Алланың досын –
Мұхаммед пайғамбарыңды.
Рахым етіп құтқарар сосын,
Ақ жолдан тайғандарыңды..
Берік бол, бауырым, тіл мен дінге,
Басқанша қадам бейітке.
Жатарсың сонда иманы бірге
Айналып жаның шейітке
деп, тіл мен дінді қатар алып жүру керектігін ескертеді. Ақын ойы дінсіз елдің тілі де, жері де болмайды дегенге саяды.
Осы бөлімнің үлкен жүгін көтеріп тұрған өлеңнің бірі – «Жыр - Дұға». Бұл өлеңді әлемге аты белгілі Арал өңірінде туып, балықшылардың бел ортасынан шыққан ақынның сол елге, жерге деген құрметі деп ұққан жөн. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дейді атам қазақ, олай болса, бұл өлеңді бүгін о дүниелік болып кеткен ауыл азаматтарының атына жырмен оқылған дұға деп ұққан жөн. Себебі, «Жыр – Дұға» кешегі Кеңес одағының түкпір-түкпіріне балық жөнелтуде ерен еңбек еткен балықшы ауылдың бір кездегі толқынмен арпалысқан балықшыларын еске алу ғана емес, олардың еңбегін жастарға үлгі етіп, артында қалған ұрпаққа ата аманатын жеткізу тәрізді:
Мұны жазған мен де сенің жұратың –
Ұлың едім бір қиырда тұратын.
Ей, бауырым, жырымды оқы, ашырқан
Ішкендей боп нар түйенің шұбатын...
Ақын қаламына көп ілінген тақырыптың бірі – туған жер. Кіндік қаны тамған жерін жырға қоспайтын ақын жоқ та болар. С.Қосанның да бір топ өлеңдері сол туған жер жайында. Алғашында өзі туған ауылға деген құштарлық, оған деген сағыныш сезім келе-келе Отан, Қазақстан деген ұғымдарға ауысуынан оның жалқыдан жалпыға өтуін көреміз. «Ескі жұрт жатыр ел көшкен», «Ауылым – отаным», «Теңіз», «Сағыныш», «Ата жұртым», «Теңіз жатыр...», «Аралды аңсау» сынды өлеңдерінде теңіздің кешегі буырқанған толқынын іздеген ақын оның бүгінгі күйін көріп күйзеледі.
Мұңаясың, қайда тентек толқының,
Қайта айналып келмес пе екен сол күнің?
Қайда кеткен шөп-шөп сүйер ғашығын,
Сылқым суың сиқырындай шолпының.
Шөп-шөп сүйіп жатушы едің жиекті,
Кербез шыңдар көтеретін иекті.
Ақ сазаның –арулардай аяулы,
Бекірелер – батыр еді сүйекті!-
деген жолдарға жанды сурет берген ол табиғаттың, теңіздің мұңды бейнесін жасауда жансызға жан бітіре отырып, тың образдық ізденістерге барған. Қазақ поэзиясындағы Абай қалыптастырған кейіптеу де ақын жырларынан молынан ұшырасады. Осы жолдардағы «шөп-шөп сүйіп» тіркесінің екі рет қайталануы ақынның кешегі арнасына сыймай, буырқанып тасыған Аралдың сол күйін аңсауын аңғартады. Қазақ поэзиясындағы сөз қайталауының да өзіндік атқарар жүгі бар. Бір сөзді бірнеше рет қайталау арқылы сол сөзге көңіл аударуды қалаған ақын 14 шумақтьы «Теңіз жатыр» өлеңінің әрбір шумағын «Теңіз жатыр...» деп бастайды да оның бүгінгі күнінен хабар береді. Теңіздің ерні кеуіп кезеруі, көні кеуіп шөлдеуі, көзін ашпай жабырқауы, томсаруы, тебіренуі, толғануы, жабырқауы, өзегі өртенуі, тербелмеуі, туламауы сынды кейіптер адам баласына ғана тән болса, осындай сезімдерді теңізге телуі – ақынның бүгінгі қазақ поэзиясына қосқан көркемдік ізденісі. Отанды «Ана» деп қабылдаған лирикалық кейіпкерді ана тілінің бүгіні алаңдатады. Оның назарынан ана тіліміздің жай-күйі де тыс қалмаған. Өз тілін білмейтін мәңгүрттердің ел басында отыруы да бүгінгі заман шындығы. Оның «Күлтегіннен қалған күндей тіліңді, «Күлтөбеге» тастағаның нең, Елім?!» деген ақын жүрегінің зары қазақ тілінің бүгінгі аянышты ахуалына ұрпақ назарын аударады.
Оның қаламына тән ерекшеліктің бірі – ұлттық өрнектер. Жаһандану заманына келдік деп біздің қазақ кешегі қалыптасқан әдет-ғұрып, ұлттық дәстүрлерімізді ұмыта бастағаны ащы болса да шындық. Ата-бабларымыздан қалған ұлттық нақыштарымызды Еуропа елінің сән үлгісіне айырбастағанымыз да бүгінгі күннің белгісі. Осындай келеңсіздіктер жаны нәзік ақынды бей-жай қалдыра алмасы анық. «Бөрік және басқалар», «Желмая мінген ер қайда?» өлеңдерінен қазақы қалыпты, қазақы мінезді, ұлттық әдет-ғұрыпты аңсау мен мұндалайды. Алғашқы өлеңдегі айыр қалпақ, төбетей, шоң бөрік, түйе шекпен, шапан, күрте, кимешек, қарқара, сәукеле, ақ жаулық, ақ шәлі, ақ шаршы, ақ орамал, камзол, құлын жарғақ, тұлып пен тон сынды ұлттық киімдерімізді музей мен көрмеден ғана көріп жүргеніміз - өмір шындығы. Осындай асылдарымыздың шынымен-ақ келмеске кеткені ме? деген сауал мазалаған ақын:
Құлын жарғақ, тұлып пенен тон қайда,
Шыныменен біздің халық тоңбай ма?
Бабаларым балаларға қалдырған
Ата кәсіп енді бізге қонбай ма?..
деп күрсінеді, күйзеледі.
«Желмая мінген ер қайда?» өлеңінде қасиетті жеті санынан тұратын ұғымдарды еске алған ақын бүгінгі жоғалтқан асылдарымызға іздеу салады. Жетіқарақшы, жетіқат көк, жеті жыл, жеті мүше, жеті түн, жеті күн, жеті нан, жеті ата, жеті ықылым, жеті жұрт, қасиетті ұғымдарды түсіндіре келіп, оларды жоғалтуымыздың себебін іздейді. Сөзін: «Жеріңді сатқан жебірлер еріңді атыпты-ау, Жел беріп жүрген бұларға айтшы, қай Құдай?!» деп түйіндеп, оқырманға салмақты сауал тастайды.
Қазақ поэзиясынан үлкен орын алатын тақырыптың бірі - ел өміріндегі ірілі-ұсақты оқиғалар. Бұл тақырып та ақын назарынан тыс қалмаған. Отарлау саясатының неше түрткісіне төзген көнтері халқымыздың тәуелсіздікті аңсаған жастары бір-ақ күнде «Қазақ» деген халық барын әлемге танытса, олардың бейнесі бүгінгі ұлт поэзиясына арқау болды. 1986 жылғы «Желтоқсан» көтерілісіне арналған «Желтоқсан жырында» ит жетектеп, бес қаруын асынған қалың әскер мен өрт сөндіргіш машиналардан суық ызғар есіп тұрса, желтоқсанның бет қарыған аязы да денеңді түршіктірері даусыз.
Дегені сол.. дәлдеп ұрған сойылдан,
Жер құшты ұлан қарақұсы ойылған.
Қандыкөйлек, қанды көздер, қанды жас...
Қанды сурет кетпейді әлі ойымнан.
Қанға бөкті қан жамылған қырларың,
Дегеннен соң: «қазақ болса, қыр бәрін!»
Солып жатты, өліп жатты жас ұлан –
Жазғы гүлдей жазығы жоқ құрбаның...
деген жолдар кешегі Желтоқсан көтерілісінің шынайы суретін бейнелеген. Осы екі шумақта «қан» сөзінің бес рет қайталануы да тегін емес. Бұл – қазақ поэзиясындағы қайталаудың бір түрі болса, ақын «қан» сөзіне көңіл аудару арқылы кешегі қанды оқиғаны еске түсіреді.
Жинақтың «Жыр – сезім» деп аталатын екінші бөліміне негізінен махаббат лирикасы топтастырылған. Бірде, «Қайың – қыз, терек – жігіт жарасқандай» деп, енді бірде «Мен – құланы, сен – киігі даланың» дейтін жігіттің қазақ қыздарына, сүйген сұлуларына жыр арнауы табиғи заңдылық.
Күн батқанда арайланып қызыл жүз,
Көкжиектен қасын керіп ай туар.
Көкте – жұлдыз, қолштығында сұлу қыз,
Мұндай түні бозбалаға қайту - ар
деген шумақты шынайы суретбар. «Елдің көркі – қыз» әрдайым - ақын назарында. 8 шумақты «Қыздарға» өлеңінің тек «қ» дыбысымен басталуы ғылым тілінде – аллитерация деп аталса, «қыз» сөзінің бірнеше рет қайталануы – лексикалық анафора деп аталады. Осындағы айшықтау құралдары өлеңнің нәрін кіргізіп, шырайландырып тұр. Өмірдің мәні де сәні де «қыз» деп ұққан ақын оны қызғалдаққа, қызыл түлкіге, күннің нұрына, қызыл алмаға, қызыл-жасыл түймеге, құмшекерге, тау елігіне, теңіз балығына теңейді. Сондай қылықты да нәзік жандардың көңілі мен сезімін «Қыз көңілі – домбыраның пернесі, Қыз сезімі – қобызыңның қылындай» деп дерексіз ұғымдарды деректі заттарға теңей білген. Қайталаудың әдемі мысалын «Сағыныш патшалығы» деген өлеңнен де көруге болады. Сарғайған сағынышты ақын бір «сағыныш» сөзімен сан құбылта жырлаған.
Лермонтовтың ізімен жазылған «Асау терек» өлеңінде елең еткізген ақынның батыс, шығыс поэзиясымен бірдей сусындағанына оның аудармалары куә. Шығыстан Омар Һаямның рубайларын, Хафиздың ғазалдарын, батыстан М.Ю.Лермонтовтың «Қызықсыз... әрі көңілсіз...», В.Высоцкийдің «Ақырет үйі» өлеңдерін тәржімалап, оларды қазақша сөйлеткен. Көркем шығармаға қойылатын талаптарды толық игерген бұл аудармалар ақын талантының жаңа бір қырын танытары анық.
Кітаптың «Жыр – лебіз» атты үшінші бөліміне негізінен арнаулар топтастырылған. Мұндағы өлеңдердің біразы туған-туыстарға, енді бірсыпырасы қазақ халқының біртуар перзентттеріне арналған. Қазақ поэзиясының арғы-бергі тарихында қазақ халқына еңбегі сіңген үлкен қайраткерлерге, тұлғаларға өлең арнау қалыптасқан дәстүр. Ақын жырларының бір тобы осы дәстүрдің бүгінгі заңды жалғасы болып саналмақ. Аталған бөлім:
Тойларың тойға ұлассын, туысқандар,
Жырымен жақсылардың тыныстаңдар.
Ұрпағың ұлтын сүйіп, жұртын ойлап,
Қашанда ел басқарып, ту ұстаңдар
-деген беташармен басталады. Мәселен мерейтой тұсында талай ақын жыр толғаса, қасиетті Түркістанның 1500 жылдығын түркі тектес туысқандар ғана емес ЮНЕСКО бойынша тойлаған үлкен мерекеге орай Серікбай өзінің жыр шашуын арнаған.
Құдай сүйген ұл да берген,
Қожа Ахметтей тұлға берген.
Арыстанбаб бұл да келген,
Йасауиге құрма берген –
Қасиетті Түркістан!-
деп жалғасатын жыр жолдарынан Түркістанның барлық айшықты қасиетін табуға болады. Әлеуметтік мәні бар өлеңдердің қатарында «Кітапхана – ақыл елі, ми елі» мен «Кітапханашы аруларға» атты толғауларды атауға болады. Бұлар – Орталық ғылыми кітапхананың 70 жылдық мерейтойына арналған жыр-шашу.
Кітапхана – құтты мекен, киелі,
Ғылым елі, Ақыл елі, Ми елі.
Абыздар мен аңыздарды жинаған,
Көкірегі күмбірлеген күй елі –
деп басталатын жырға кітапхананың қадір-қасиетімен бірге сол жерде қызмет ететін қыз-келіншектердің мінез-құлқы мен көпшілікке қызмет етудегі ілтипаттары мен үлкен еңбектері арқау болған. Бұл өлеңді нар көтерер жүкті көтеріп, үлкен орталықты басқаруда іскерлігімен танылып жүрген Гүлжиһан, Райса сынды апаларымыздың тынымсыз тірлігіне берілген баға деп ұққан жөн. Қазақ халқы қыз балаға ерекше құрмет жасаса, ел игілігі үшін азаматтарға бергісіз қызмет етіп жүрген қайраткер қыздарымыз қаншама! Бұл арулар оқырмандардың ғана емес, қазақ халқының аяулы да ардақты жандары екендігі өмірден мәлім. Қазақ қыздарының бейнесін толықтырар жырдың бірі – «Шәмшә ханым». Ұлтымыздың біртуар қыздарының бірі Шәмшә Беркімбаева қазақ халқы үшін қызмет етіп жүрген үлкен қоғам қайраткері. Кешегі күні үлкен ғылым ордасын басқарған ол бүгіндері Қыздар педагогикалық институтын басқарып отыр. «Шыққан тауым биік болсын» дейтін апамыздың барған жері көріктеп өсіп отырғанына оның жүрген жолдары куә болады.
Алғысын арқаладың қанша ағаның,
Арманын аяладың қанша ананың.
Биікке ұлт мектебін көтерем деп,
Бір кісідей жүгірдің, Шәмшә ханым!
Ұрпақтың ұлағаты аңсағаның,
Сол үшін көз ілмедің қаншама түн.
Іздеген ізгілікті білімдіден,
Сенатор – Сіз едіңіз, Шәмшә ханым!
-деп келетін жыр жолдары оның өмірі мен қызметінен хабар берері анық. Ақын мүшел той иесінің халқына сіңірген еңбегін дәріптей келіп, оның жасаған игілікті істерінен оқырманын хабардар етіп отырған. Аталған өлеңдер бүгінг Тәуелсіз елдің іскер қыздарының бейнесін толықтырары даусыз.
Ақынның бір топ өлеңдері ғылым ордасында қызмет етіп жүрген бір топ ғалымдарға арналады. Кейбір адамдар оны дұрыс түсінбеуі де мүмкін. Бірақ бұл шын мәнісінде «Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат» дегендей елдің зиялы қауымының арасында жүріп, солардың үлгі-өнеге алып жүрген жанның аға буынға, үлкенге жасаған құрметі деп ұққан жөн. Осы қатарды «Ғылым бағбандары», «Сын серісі – Сераға!», «Бабаларға сөз бердің», «Жайық мінез Әбекең», «Әбжан Әл – Қыпшақиға», «Махамбеттен аумаған ұл», «Тасжарған», «Марғасқа», «Сексендегі сер», «Амангелдіге арнау», «Алпысыңды азат елің тойласын», «Мақамы бөлек ұл» сында өлеңдер толтырса, ендігі бір топ өлеңдер қазақтың белгілі ақын-жазушыларына арналған. Олар «Жыр жұлдызы» (Сүйінбай Аронұлының 190 жылдығына), «Партизан жазушы» (Әди Шәріпұлына), «Махаббат жыршысы» (Халық жазушысы Ә.Нұршайықовқа), «Селеу шашты сері жігіт көрсеңіз» (Ақселеу Сейдімбековке).
Ақын қаламына тән бір шеберлік – аз сөзге көп мағына сыйғызу. Әдетте үлкен ғалымдардың белгілі ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылығына не әдеби мұрасына арналған кең көлемді ғылыми зерттеу еңбектері жазылып жатады. Ақынның арнау өлеңдеріне бірсыпыра ғалымдар мен ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылығы арқау болған. Ардақты ағаларын Ұлы Жеңіс мейрамымен:
Жастай сезіп соғыстың бар ызғарын,
Жұрт алдында өтеген парыздарын.
Сіздер жайлы білеміз аңыз барын,
Ғазиз ғалым ағалар – нағыз дарын!
деп, құттықтаған ақын олардың әрқайсысына жеке-жеке жыр арнаған. «Сын серісі – Сераға» атты 11 шумақ өлеңге қазақ әдебиеттануының көшбасшысы Серік Қирабаевтың бүкіл өмірі мен шығармашылығы сыйып тұр. Ғалымның туған жерінен білім іздеп астанамыз Алматыға келгенінен:
Жаңарқаны жарып шыққан бұлақ ең,
Атасудан атқа мінген ұлан ең.
Алатауға жеткеніңде алдыңнан,
Қол бұлғады Ғылым атты бір әлем
деп сөз еткен ақын оның әрбір еңбегін сығымдап, түйіп-түйіп беруге тырысқан. Мәселен Спандияр Көбеевтің мұраларын жинап-теріп, оны бастыруға атсалысумен бірге ғылыми айналымға алғаш түсіріп, сол жөнінде кандидаттық диссертация қорғағанын «Орда бұзып отызында Серағаң, Сыйлады елге Спандияр Көбейді» деп екі жолға сыйғызса ұстаздық ету мен ғылымды қатар алып жүргендігін:
Білімді де, ғылымды да басқардың,
ҚазПИ-дегі ұстазы боп жастардың.
Басшы болдың Әдебиет пен өнерге,
Бедерінде алпыс деген асқардың
деп жырлай отырып, 1988 жылы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институның директор болып келгендігін де айта кеткен. «Ғылымдағы жолыңды ертегіден бастадың... Қыз Жібектей сұлумен Төлеген боп табыстың, Баянменен бір тауда Қозы болып таныстың... Бабаларға сөз беріп, мерейіңді көтердің...» деген жолдар ғылымдағы үлкен жолын ертегілерді зерттеуден бастаған академик С.Қасқабасовтың «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша 10 томдық «Бабалар сөзін» шығарып жатқанын осылайша ғалым бір тармаққа сыйғыза білген. 7 шумақтан тұратын «Жайық мінез Әбекең» өлеңіне әдебиеттің ардагері Ә.Нарымбетовтың өмірі мен шығармашылығы арқау болған.
Жайық мінез тебіренсе, теңіздей-ақ,
Өрге тарттың өнерді өгіздей-ақ.
Демеп жүрдің көп жасты қолтығынан,
Біреулерге «бірдеңе» дегізбей-ақ
деген жолдардың алғашқы екі тармағы оның әдебиетке сіңірген еңбегін көрсетсе, кейінгі екі тармаққа ғалымның мінезінің ерекше жаратылысы сөз болған.
Әдебиеттің тарихын зерлегенсіз,
Танытам деп Ғабеңді терлегенсіз.
Кітаптану ғылымында дара шауып,
Библиограф атанып ерлегенсіз
деп оның бүкіл өміріне арқау болған шығармашылығын жеткізе білген. Ғабит Мүсірепов пен Қ.Бекхожин мұраларын жинап, зерттеп, ғұмыр бойы айналысып жүрген ғалымның негізгі еңбектері де осы тараптардан көрінері даусыз. Ғұмырын ақындардың поэмасын зерттеуге арнаған ғалымға ендігі кезекте ақындардың жыр арнауы әбден орынды. Арнау өлеңдер негізінде белгілі бір адамның бейнесін, мінез-құлқын сипаттау мақсатында жазылатын болса, Серікбай өлеңдерінің бір ерекшелігі – сол адамдардың өмірі мен шығармашылығы, мінез-сипаты жинала келіп оның толық әдеби портреті жасалуында. Ендеше, арнаудың бұл түрі шығармашылық портет тәрізді поэзия жанрына қосылған соны ізденіс деп айтуымызға негіз бар.
Поэзиядағы айшықтаудың тағы бір түрі – анафора. Ол негізінде өлең жолдарының шумақтың басында бірыңғай қайталану ретінде кездеседі. Оның Әуендік, лексикалық, синтаксистік, т.б. түрлері болады. Осы секілді шумақ басында бірыңғай дауыссыздардың кездесуі де шығарма шырайын келтіре түседі. Оған ақынның академик З.Ахметовпен бақұлдасуындағы:
Жетпістен жасың өткенде,
Жетпіс беске жеткенде,
Жемісін жылдар төккенде...
Жазғаның қалды жиюлы...
не болмаса:
Жүзі жарық нұр еді,
Жүзден озған ірі еді,
Жас ғалымға пір еді,
Жанымызда жүр еді.
деген жолдар мысал бола алады. Қазақ поэзиясындағы Қатуған, Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберді, Үмбетай, Бұхар сынды жыраулар негізін салған толғаудың да заңды жалғасы кездеседі. Оны жоғарыдағы «Бақұл болыңыз, жан аға!» мен академик Зейнолла Қабдоловқа арнаған «Махамбеттен аумаған ұл» өлеңдерінен келтіруге болады:
Жайықтың бойын жайлаған –
Жағасы құрақ қаулаған.
Құрағын қыздар баулаған,
Балығын ұлдар аулаған,
Билері дауын даулаған,
Батыры жауын жаулаған.
Атыраудай алыпқа атасы су жалдап,
Анасы тұнығына шомылып,
Құмында сәбиі аунаған –
Байұлының кәрі жерінде,
Исатайдың елінде,
Бір ұл туды тұлғасы
Махамбеттен аумаған.
Алты жасқа келгенде Алқалы топта жүгініп,
Аузынан аталы сөзі саулаған.
Он бесіне келгенде, Атына қамшы салмаған,
Сөйлейтін жерде заулаған...
Көркемдік айшықтың бірі – «Ассонанс». Ол – өлең сөзде бірыңғай дауыстылардың қайталануы. Ақын өлеңдерінен мұндай көркемдік құралдар да молынан ұшырасады:
Әди аға, аяулымыз, тектіміз,
Ә дегенше сексенге де жеттіңіз.
Әдебиетте майдандағы секілді,
Әлдеқашан партизан боп кеттіңіз!
Сөз қадірін білген ақын әрбір сөзін орынды пайдалана білген. Оның қаламына тән негізі жетістік – лирикасының көркемдік кестесі. Поэзияда дауысты дыбыстардың үндесе қайталануын ақын жырларынан молынан келтіруге болады:
Ардағым ең, асау теңіз – ұлы айдын,
Арысым-ау, мұнша неге мұңайдың?
Аңсап, шөлдеп келгенімде алыстан,
Ақ төсіңді қимағаны-ай Құдайдың?
Қазақ поэзиясындағы айшықтаудың бір түрі – бір-біріне кереғар ұғымдарды қатар алу арқылы ойды әсерлі жеткізу. Ақын шығармаларынан мұндай көркемдік ізденістер де тыс қалмаған. «Бір жағы – от, бір жағы – мұз қарыған», «Бұл пәни басы – күлкі, аяғы – мұң», «Дүние басы – жалған, аяғы – мұң», «Жақсыны жүндей түткен жамандардың», «Мен өтермін, өмірден надандықпен, Жақсылықпен алысып, жамандықпен», т.б. тармақтардағы кереғар ұғымдар бірін-бірі толықтыру үшін қолданылған. Алогизмнің орынды пайдаланылуы шығарма шырайын келтірері анық.
Соңғы жылдары ұлттық поэзиямызға жаңа серпін, жаңа леп келгені баршаға аян. Жетпіс жылдан аса атеистік тәрбиемен баулынған кеңестік дәуір ұрпағы бүгінгі күні етек-жеңін жиып, жаратқан иенің бар екенін мойындап, оған құлшылық жасауға бет алғаны да Егеменді еліміздің рухани байлығы. Ел ішіндегі осындай соны жаңалықты қашан-да жауынгер жанр болып саналатын поэзияның көрсете білуі де орынды.
Аталған жыр жинағы қазақ поэзиясына не қосты? деген сауал туындары анық. Бұл – біріншіден, ұлттық поэзиямызды тақырып, мазмұн жағынан байытса, екіншіден, ақын алып келген жаңа тіркестер, жаңа теңеулер мен эпитеттер түрі жағынан қосылған жаңалық болып табылмақ. «Оян, жұртым, ойлан бүгін, қалғыма!» деп елін оятуды көздеген ақын өлеңдерінің лейтмотиві (өзегі) – тәуелсіз елдің бақытты өмір сүруі. ХХІ ғасырдың басында Ахмет, Міржақыптарша жар салған ақын адамдыққа апарар жол имандылық деп түсіндіреді. Оның жырларындағы «Құдай – жалғыз Жар деймін», «Құдай – нұрлы иманың», «Құдай деген бір Алла – Ислам атты дін деймін», «Құран сөзі – Құдайдың сәлемі» деген тіркестер Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген ұлттық өрнегінің дәстүрлі жалғасы. «Жігітке жеті өнер де аз» дейді дана халқымыз, бұл ұсынылып отырған жинақ соңғы жылдары өзінің біліктілігімен, білімділігімен көзге түсіп жүрген әдебиеттанушы ғалымның екінші қырын аша түскені даусыз. Алдағы уақытта «Мен – Құдайдың құлымын құлдыраған, Менің құлым секілді қалам біткен...» деп жырлаған замандасымыздың қаламынан ел игілігіне жарар жыр шумақтары төгіліп, ұлттық рухани қорымызды байыта берсін деген тілек айтамыз.
Гүлжаһан ОРДА М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филол.ғ.д. "Қамшы" сілтейді