Кеше, 28 тамыз, Алматыдағы жазушылар одағының әдебиетшілер үйінде Қазақстан Жазушылар одағы мен Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен белгілі жазушы, этнограф, тарихшы, ғалым Зейнолла Сәнікті еске алуға арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Ғылыми конференцияға сенатор, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, тарихшы, ғалым Тұрсын Жұртбай, Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан, «Ұлы дала қырандары» қозғалысының жетекшісі Сәдібек Түгел, Қаламгерлер Берік Шаханов, Ғалым Жайлыбай, Маралтай Райымбек және Зекеңнің ұрпағы Қанат Зейнолла қатысып, ғалымның ғылыми еңбектері мен шығармашылығы турасында сүбелі ойлар айтты және көлемді баяндамалар жасады. Қайрат Құл-Мұхаммедұлы бастаған өнер қайраткерлері өлеңнен шашу шашты. Назарларыңызға Уәлихан Қалижанның "ЕЛІНЕ ҚҰТ БОЛҒАН..." атты конференцияда оқылған баяндамасын ұсынамыз.
*** *** ***
Қадірлі зиялы қауым!
Еліміз тәуелсіздік алған күннен бастап Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев әлемнің түкпір-түкпірінде шашырап жүрген ағайындардың басын қосып, атажұртқа көшіріп әкелуге ерекше көңіл бөлді. Алыс-жақын шетелдерден бір миллиондай қандастарымыз байырғы Отанына біржолата қоныс аударды. Бұл егемен елімізге қосылған адам ресурстары ғана емес, сонымен бірге мемлекетімізге құйылып жатқан әдеби, мәдени және ғылыми күш болды.
Алыстан келген ағайындармен бірге елге жетіп жатқан мәдени бұлақтар отандық ұлы мәдениет айдынын толықтырып, деңгейін өсіре түсуде. Бұл ретте қазақтың қаймағы бұзылмаған шұрайлы тілі мен баға жетпес фольклорлық мұрасы, құнды көркем шығармалары, дәстүрлі діні мен тұрмыс-салты, ұлттық рух пен мінез-құлқы, халқымыздың ұмыт болып бара жатқан ән-күйлері мен билері шетелдік қандастарымыздың атажұртқа оралуы арқылы соңғы жиырма жылда отандық мәдениет игілігіне айналды. Ұлттың рухани қазына қорына қосылды. Бұл құндылықтардың барлығы шөліркеген жұртымыздың шөліне сусын болғандай ыстық ықыласпен қабылданды. Бұлай болуы заңды да. Қазақ мәдениеті қайда жаратылып, қайда сақталсын, олардың барлығы да ұлттық мәдениетіміздің ұлттық құндылығы екенін естен шығармау керек.
Қазақтың бай салт-дәстүріне, әдет-ғұрпы мен ұлттық өнеріне де қандастарымыз зор үлестерін қосты. Оны өзіндік төл көркем туындыларымен кемелдендірді. Осы ретте бүгінгі келелі ғылыми мәслихатқа себепкер болып отырған, кеше ғана арамызда жүрген, бүгін көзі тірі болса сексеніне аяқ басатын аяулы ағамыз, халқымыздың ардақ тұтар перзенттерінің бірі, көрнекті жазушы, шежіреші, әдебиет пен тарихты зерттеген кең құлашты қаламгер, Қытай Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Зейнолла Сәнік есімін құрметпен атаймыз, мақтанамыз...
Тәуелсіздіктің алғашқы жиырма жылы қасиетті қарашаңырағымызға жарты ғасырдан астам уақыт бойы қалам тарта жүріп, бар қазаққа ортақ бір әдебиеттің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап келген, бұрын да, елге келгеннен кейін де қазақ әдебиеті мен мәдениеті үшін елеулі қызмет еткен осындай тағдырлы ағамызды енді сағынышпен еске аламыз. Ата қонысына келген соң Зейнолла Сәнік ағамыз рухани жаңарды.
Қазақ бір дүниесімен мақтанар болса – ол ұлттық фольклордың ерек үлгілерімен мақтанары сөзсіз. Осы ретте Елбасының бастамасымен жүзеге асқан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2013 жылы толық жарыққа шығып аяқталған жүзтомдық «Бабалар сөзі» сериясы – әлемде теңдесі жоқ, бірегей жоба. Бізден бұрын әлем халықтары фольклорында мұндай ауқымда жарыққа шыққан ғылыми басылымдардың тәжірбиесі болған емес. Осы баға жетпес басылымның он томын Қытай қазақтарының фольклорлық мұралары құрады. Міне, осы туындылардың, әсіресе Қабанбай, Ер Жәнібек батырлар туралы тарихи жырлардың жиналып, «Бабалар сөзіне» енуінде Зейнолла ағамыздың зерттеушілік қарымы мен ғылыми ұсыныстарын ерекше атап өткім келеді.
Осындайда еліміздегі мәтінтану саласының қалыптасып дамуына елеулі үлес қосқан фольклор зерттеуші-ғалым Мақсұт Шафиғи ағамыздың замандас досы туралы айтқан мына пікірі еске түседі: «Қабанбай туралы жырдың бізде 6 нұсқасы бар екені анық болып, соны жырға кіргізетін болғанбыз. Алты адам жырлады, айналып келгенде, бір мазмұнды, тек қырғыз батырымен соғыс. Басқа мағлұмат, материал жоқ. Дәл осы кезде Зейнолла Сәніктің «Қаракерей Қабанбайы» шығуы бізге мұра болды. Бізге көмегі тиді. Зекең тек Қабанбаймен шектелген жоқ, тарихи тақырып, Қабанбай батырдан бастап өз заманында өмір сүрген билер, батырлар, шешендер, өнер қайраткерлері, ақындар туралы көптеген зерттеулер жазды. Әр тарихи тұлға жайлы» дегеніЗекеңнің азаматтық тұлғасын көтере түседі.
Расы сол. Зейнолла ағамыз Қабанбай батыр туралы зерттеуін 1990 жылдар басында Алматыда шығарып, елімізде ұлт тарихына деген үлкен серпіліс туғызды. Ғалым ағамыздың бұл іргелі еңбегі көптеген шығармаларға негіз болып, «Бабалар сөзі» сериясына енген атақты қазақ батырлары туралы тарихи жырларға байланысты томдардың сапалы дайындалып, ғылыми түсініктердің дұрыс жазылуына жаңа көзқарас қалыптастырды. Тарихи сабақтастық деген осы.
Жазушының көп жылғы ізденістерінен өмірге келген «Хан батыр Қабанбай», «Тұғырыл хан», «Демежан батыр», «Сүлеймен би» және т.б. айта берсек, сырттағы алаш жұртына аңызбен жеткен тарихи тұлғалар әдеби шығарма болып өрілді. Жазушы шығармаларын Алтайдағы ағайын да, атажұрттағы қандастар да жарыса оқыды.
Зейнолла ағамыздың Қытай қазақтары арасында аты үш аймаққа мәлім болған атақты Қайрақбай күйшінің сыбызғышылық өнерін дүйім жұртқа кеңінен танытудағы еңбегі ұшан-теңіз. Ел ішінен тірнектеп жиналған материалдары негізінде жазған «Халық күйшісі Қайрақбай» атты кітабында 19 ғасырда өмір сүрген әйгілі күйшінің өнер жолы, Алтай, Тарбағатай, Баянөлгий аймақтарындағы күйшілік мектептің орнығып қалыптасуына ықпал еткен біртуар дарын иесінің дәулескер домбырашы, даңғыл сыбызғышы ретіндегі талант қырлары кеңінен сөз болады. Адамзат тарихында қаншама алапат оқиғалар өтпеді десеңізші! Бұл пәниден азуын айға білеген талай батырлар мен әлемнің жартысын билеген патшалар да өткен. Бірақ өлмейтін, өшпейтін бір-ақ нәрсе бар, ол – өнер екендігі осы Қайрақбай күйші тағдыры арқылы дәлелденеді.
Қазақ әдебиетін алып теңіз десек, алыстан келген ағайындардың сөз мұрасын мөлдір бұлақ деуге болар. Осылайша ұлы көшпен бірге көркем қазына да көшіп келді. Соның айқын айғағы – қажырлы қаламгер Зейнолла ағамыздың сан қырлы таланты. Біздің М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты 2012-2014 жылдарға жоспарланған «Шет елдердегі қазақ әдебиеті» атты ғылыми бағдарламасы бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп, осы тақырыпта ұжымдық монографиялық еңбек дайындау үстінде. Міне, осы үлкен еңбектің бір тарауы Зейнолла Сәніктің шығармашылық мұрасын зерттеуге арналған.
Сан қырлы жазушы, шежіреші, этнограф, тарихшы, ғалым... Зейнолла ағамыздың тамаша таланты осыншама кәсіп, осыншама ой мен сезімді бағындырған. Атамекенін аңсап жетіп, ұлт мерейін асыру жолында қалам қайратымен тер төккен қажырлы қарт қаламгер отандық мәдениеттің дамуына өзіндік үлес қосты. Мұның өзі Елбасының шет елдерде тұратын ағайындарға байланысты саясатының өміршеңдігін және нәтижелі екендігін айғақтайды.
Қазақстанды тарихи Отаны деп санайтын, атажұртқа оралуға ниетті әр қазақ қасиетті атамекенде бас қосып, ұлттық мүдде, ел игілігі үшін бір кісідей біріккенде ғана тәуелсіздігіміз тұғырлы, ұлтымыз мәңгі жасайтын болады. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың кеше ғана Ұлытау төрінде сұхбатында айтылған ойлары да осыған саяды. «Елге ел қосылса, құт болады» деп халық мақалы бекер айтылмаған. Атамекеніне оралып, еліне құт болған аяулы ағамыз Зейнолла Сәніктің өмірі және шығармашылығымен жақынырақ танысу арқылы жастар адам өмірінің мән-мағынасы ізгілікті ісімен ғана есте қалатындығын қапысыз түсінетін болады. Жас ұрпаққа адамның өз өмірінде істеген жақсылығы, оның көзі тірі кезіндегі абырой-беделінің ғана кепілі емес, оның рухының да мәңгілік кепіл екендігін ұғынуға мүмкіндік береді.
Қазағымыз рухты, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
Зейнолла Сәнік ағамыз қазақ әдебиетінің тұнық тұмасы болып халық рухының жарқын көрінісі болып қала береді.
Рахмет!

Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры,
ҚР ҰҒА-ның мүше-корреспонденті,
филология ғылымдарының докторы,
Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері.