Ресей президенті Владимир Путин жұмадағы бүкілресейлік «Селигер-2014» жастар форумы кезінде Мәскеудің ядролық арсеналдарға ие әскери күштері сырттан келетін кез-келген шабуылдарға сақадай сай тұрғандығын мәлімдеп, «Шет мемлекеттердің бізді мазаламағандары ең дұрыс талғам»,- деп Еуропа мен АҚШ-қа сес көрсеткендей болды деп хабарлайды Рейтер агенттігі. Рейтер агенттігінің айтуынша, Ресей қарулы күштерінің Украина территориясына көпе-көрнеу басып кіруінен кейін НАТО, Еуроодақ елдері және АҚШ тараптың қатал мәлімдемелер жасауына тұспа-тұс келген Владимир Путиннің бұл сөздері халықаралық үлкен қауіптің төніп келе жатқандығын аңғартады. Олардың пайымдауынша, ядролық соғыс қаупі төніп келеді.
«Ресей ірі көлемді қайшылықтардан қашық. Біз ондайды қалап та, жоспарлап та отырмыз жоқ. Алайда, біз, әрине, Ресейге төнген кез-келген агрессияға жауап қайтаруға дайынбыз»,- деген Ресей президенті форумда. « Құдайға шүкір, Ешкім де Ресеймен ірі көлемді қайшылыққа барғысы келмейді. Ресейдің әлемдегі озық ядролық күштерге ие ел екендігін естеріңізге салғым келеді»,- деп сұр свитер мен жасыл джинсы киген Ресей басшысының студенттерге жауап бергенін айтады аталмыш Ағылшын ақпарат көзі.

«Владимир Путин осылай сес көрсетіп жатқанда, Еуропа мен АҚШ тарапы Мәскеуге ендігәрі жұмсақтық істемеуге тиіс екендіктерін ашық айтуда»,- дейді Reuters. Кешенді қаруланған Ресейдің 1000 әскері мен жүздеген танктері Украина территориясына басып кіргендігін хабарлаған НАТО жағы да Мәскеуге қатал жауап қайтару керек екендігін айтуда. Британия премьері Дэвид Кэмерон Мәскеу күштерін шегіндіріп әкетпесе, « салдарының» қиын болатынын айтып отыр. Украина жағдайына қатысты қатты алаңдаушылығын білдірген ол бұл заңсыз әрекетті жедел тоқтату керектігін айтады. Келер аптада Уэльста өтетін НАТО-ның саммитында өзінің одақтастарымен осы мәселе төңірегінде шешім қабылдайтынын мәлімдеген. Ал, АҚШ президенті Барак Обама жұмадағы Ақ үйде айтқан сөзінде Владимир Путинге қарата енді Ресейге көрші Балтық елдеріне қысым жасамауды ескерткен. Келер аптада Уэльстағы НАТО лидерлерінің кездесуіне дайындалып жатқан Барак Обама Эстония, Латвия және Литва елдерімен Ресейдің Украинаға шапқыншылығына қарсы одақтастығын нығайта түсетінін, одаққа мүше елдің біреуіне қауіп төнген жағдайда, НАТО-ға мүше елдердің де бекер қарап жатпайтындығы туралы келісімдерін тіпті де пысықтай түсетіндігін жеткізген.
Ал, Киев осы жолғы шұғыл жағдай туралы Еуроодақ елдерінен «зор көлемді» әскери қолдау сұрап отыр.
*** *** ***

Соңғы ақпараттарға негізделгенде, сенбіде Еуроодақ елдері Украинаға Ресей қарулы күштерінің кіруіне байланысты Мәскеуге бір апталық ультиматум жариялағандығын мәлімдеп отыр. Еуроодақ лидерлері Мәскеуге бір апта ішінде « Украинадағы әскери күштерін жедел шегіндіріп әкетуін» ескертті. Еуроодақ президенті Херман Ван Ромпей 28 елдің лидерлерінің Брюссельдегі кездесуінде, Ресейге « тіпті де ауыр қадамдарға» баруға келіскендерін жария етті. Ал, АҚШ сенаторы Роберт Менендес президент Барак Обаманың Украинаға көмек беруді ұйымдастыратын уақыты жетті деп отыр. «Біз Украинаға өздерін қорғау үшін соғысуына мүмкіндік беруіміз керек»,- деген АҚШ сенаторы CNN берген сұқпатында.
Дайындаған: Санат Наққазақ.