"Өзге Алматы" , "Тіл сақшысы", "Тарих таразысы", "Тағдыр мен Тұлға", "Болмыс", "Пікірлер пирамидасы" сынды бірегей бағдарламаларымен жұрт көңілінен шыққан «Алматы» телеарнасы алатайдай бүлініп жатыр. Осы күнге дейін ірілі-ұсақты 22 жобаны іске асырып, қазақтың қамын күйттеген білікті басшы, қарымды журналист Серік Әбікенұлының да арнадан алыстап жатқанын естідік. Досан Қызайбекұлы, Шынар Сағындықова, Назым Стамбекова, Мақсат Ержанұлы, Нұрбек Түсіпхан, Жарас Ниязбек сынды «ақмылтық» журналистердің басын қосып, «Алматының» деңгейін алты қырдан асырған Серік Әбікенұлын сыйдырмай жатса, онда телеарнада «тереңдеген» саясаттың жүріліп бастағаны. Біз әріптесіміз Жарас Ниязбекті телеарнада болып жатқан осы жағдаяттар турасында әңгімеге тартқан едік.
– Бұл – битке өкпелеп, тонды отқа жағу емес. Ұлт мүддесі мен қазақ мәселесі таразыға тартылған жерде қарап қалу ездік, өліммен тең. Қазақ журналистері қашанғы қолжаулық болады? Қазақтың қазыналы тарихын айта алмасақ, туған тілімізді тұғырына қондыра алмасақ, ұлтымыздың ұлықтығын көрсете алмасақ, несіне қалам алып, жұрт алдында жарқылдап жүрміз?! Куяновтай баз біреулердің айтқанына көніп, айдауына жүре бергіміз келмеді. Жұмыстан босаған 50-60 адам бірден жұмыс тауып, жақсы орындарға жайғаса кетеді деп ойламаймын. Бір адам емес, бес адам емес, бүкіл қазақ бөлімінің жұмыстан кетуі ұлтжанды әріптестерді бей-жай қалдыра қоймас. Мәселе бір адамның артынан еріп кетуде емес, әр қызметкер бұл қадамға саналы түрде, кесіп-пішіп, өз еркімен барып отыр.
– Бұл уәжіңізді тек қазақ журналистерінің атынан айтылған әңгіме деп қабылдаймыз ба?
– Иә, дегенмен кетіп жатқандардың ішінде тек қазақтілділер емес, орыс бөлімінің журналистері де бар. Оны Куянов айтпай отыр...
– Орыс журналистері жұмыстан не үшін кетіп жатыр?
– Оларға да қысым болған. Үш апта бұрын Куянов Байзақ деген біреуді орыс жаңалықтарының редакторы етіп отырғызды. Естуімізше, ол телеарнаның басқан-тұрған тіршілігін әкімшілікке жеткізіп отырған көрінеді. Мұндай жағдай, әрине, журналистерге ұнамайды.
– Ұзынқұлақтан естуімізше, Ресей билігі Қазақстандағы баспасөзді бақылауға алып отыру үшін, ұлттық құндылықтардың кең қанат жайып кетпеуі үшін миллиондаған қаржы бөліп жатыр-мыс. Сіздердің "Алматы" телеарнасында болып жатқан жағдай соның тікелей көрінісі емес пе? қалай ойлайсыз?
– Ол туралы нақты ешнәрсе айта алмаймын, бірақ Ұлтқа қарсы, тілге қарсы, қазақи құндылықтарға қарсы мүдделі топ бар. Солар Куяновтардың қолымен от көсеп отыр.
Пікір қалдыру