Қазақстан Республикасы Конституциясының 58-бабы, 4-тармағының 2) тармақшасына сәйкес, бүгін Астанада Қазақстан Республикасы парламенті палаталарының бірлескен отырысы өтуде. Жиынға ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып отыр.
Еліміздің ең жоғарғы өкілді органы болып табылатын заң шығарушы Парламент - тұрақты негізде жұмыс істейтін екі палатадан, яғни Сенат және Мәжілістен тұрады.
Сенат әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан, тиісінше облыстық, республикалық маңызы бар қаланың және республика астанасының барлық өкілді органдары депутаттарының бірлескен отырысында сайланатын депутаттардан құралады. Сенатта қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулі мүдделерінің білдірілуін қамтамасыз ету қажеттілігі ескеріліп, оның он бес депутатын Республика Президенті тағайындайды. Сайланған Сенат депутаттарының жартысы әрбір үш жыл сайын қайта сайланып отырады. Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі – алты жыл.
Мәжіліс жүз жеті депутаттан тұрады. Мәжілістің тоқсан сегіз депутаты саяси партиялардан партиялық тізімдер бойынша жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Мәжілістің тоғыз депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауы Парламенттің жұмыс істеп тұрған сайланымы өкілеттігінің мерзімі аяқталардан кемінде екі ай бұрын өткізіледі. Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі –бес жыл.
Бүгін бесінші шақырылымдағы депутаттардың 4 сессиясы өтіп жатыр. Қамшы-ақпарат