Калачиде кесел қайта өршіп жатыр. Себебі белгісіз ұйқы ауруымен танылған Ақмола облысындағы бұл елді мекенде тағы 8 адам қалың ұйқыға кеткен. Оның үшеуі – оқушы екен. Бұл туралы Bnews.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлады.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, балалар алғашқы қоңырау мерекесінен соң үйлеріне қайтып бара жатқанда жарты жолда талып қалыпты. Табан асты ұйқы қысқан жасөспірімдерді көшеде жатқан жерінен өз сыныптастары тауып алған. Қазір балалардың барлығы ауруханада. Палаталарда ұйықтап жатыр. Өткен аптада Калачи ауылының 5 ересек тұрғыны да дәл осылай есінен танып құлаған көрінеді. Осылайша белгісіз сырқат калачилықтардың әлі де есін жиғызар емес. Былтыр наурыздан басталған ұйқышылдық дерттен ауылдың 50-ден астам тұрғыны аяқтан құлаған. Ал мамандар сырқаттың нақты себебін әлі күнге анықтай алмай отыр.
Қамшы-ақпарат