( Дастан )
Хұннан туған, Гүннен туған - Күн Елі,
Еділ батыр Күн Елінің ұлы еді.
Көкбөрідей қайратты еді, ірі еді,
Арыстандай айбатты еді жүрегі.
Бүкіл Түрік сарбазының сәні еді,
Бүкіл Батыс аруының әні еді.
Ер Тарғытай, Мөде салған іргесін
Хұн елінің Батыстағы Ханы еді.
"Атилла!" деп жырлар Батыс таң құсы,
Мөлдірлігі - мөлдір көздің тамшысы.
Бүкіл Батыс құдайдайын табынып,
Деп атаған: "Тәңірінің қамшысы!"
Ат үстінде алмаған бір тынымды,
Түрік Еліне берген Тәңір бір ұлды.
Күн Еліне қойды бәрін табынтып,
Годтықтарды, Визиантия, Римді.

Ескен желдей әскерінің шабысы,
Жер-әлемді тітіреткен дабысы.
Заманынан озып туған жан еді,
Ер Түріктің Атилладай арысы.
Қанша сауыт, кисін құрыш, темірден,
Хас дұшпаны Ер Түріктен жеңілген.
Батыс елі - қырық пышақ өзара,
Бұл ақиқат - пана тапқан Еділден.
Ер даңқы үшін күлімде Күн, күлімде!
Көк байрағым - көк төсінде дүрілде!
Сол Батыстан бізге жеткен аңыз көп,
Мәртебе етер ұрпағы оны бүгінде!
Даңықты еді - Еділдейін Еріміз,
Болған онда ұлан-байтақ жеріміз.
Хұн, Сақ, Скиф - Ер Түріктің тамыры,
Біздің арғы қасиетті Тегіміз!
Біз анығы о бастан-ақ Текті едік,
Қызу шоқтай қызу едік, отты едік.
Қадым, қадым, сансыз мың-мың жылдардан
Біз бүгінге жеттік, біраз жетпедік.
Көк сауыттың көбесі сан сөгілді,
Қаншама рет жау сиретті тобымды.
Ұлы дүбір, ұлы жорық кезінде
Қисабы жоқ қанымыз да төгілді..
Ұлы Мақсат! Ұлы Мұрат жолында,
Жығылмаған ұлы байрақ қолымда!
"Бірлік!" деген бір ұғымда келеді,
Маңдайдағы - Бақытым да, Сорым да!
Оны бүгін: ұқпаған бар, ұққан бар,
Бір тырнағын білдірместен тыққан бар.
Арам ойлы зымиян бар дәмелі,
Менің ұлы айбатымнан ыққан бар.
Байрағына бүркіт салған қонатын,
Қарап тұрып орта көңілім толатын.
Азия мен Еуропаны жалғаған,
Еділ батыр - Алтын Көпір болатын.
Көк найзаны көктей жауға сермедік,
Қолымыздан біз Намысты бермедік!
Айтқандайын бір сәуегей батыстық:
"Варвар да" емес, "Жауыз да" емес, Пенде едік!
Жауласа да: Қырым менен Румды,
Еділ батыр қиратпаған Римді.
Бас ұрғанда ежелгі Рим Папасы
Сырт айналып, Ол қаладан бұрылды.
…... 451-дің жазы аптап-ты,
Шалон жері ... Жау қапысыз жатпапты.
Теодорис - Годт королі тұтқиыл,
Атиллаға ұлы жорық бастапты.

Жойқын соғыс - Каталаун өңірі,
Шақұр-шұқыр найза-сауыт темірі.
Ұлы қырғын! Ұлы шайқас басталған,
Бүкіл әлем көз көрмеген өмірі.. .
Қалың әскер қаталаған ындыны,
Өмір-Өлім! Бір-біріне жылжыды!
Қан мен шаңнан көрінбеген алапат
Басталған-ды Каталаун қырғыны!
Қан мен шөлге қаталаған адамдар,
Тау-тау өлік! Қан сасыған алаңдар!
Кілең тұлпар: шоқ шайнайды, от тістеп,
Кісінесе делдиеді танаулар.
Қойны-қоныш сорғалаған аш тері,
Жеңу ғана - бұл қырғынның басты емі!
Зор ерлікпен Жеңіп шықты ақыры
Атилланың - Ер Түріктің әскері!
Айғай-сүрең!Үсті-басты шаң көмді!
Жауып кетті жаңбырдайын қан жерді!
Хұн әскері қылышының астында
Годт королі - Теодорис жан берді.
Ол заманда батыр болған - нағыздар,
Нағыз ғана - Ел ерлігін уағыздар!
Бүкіл Батыс сілекейі шұбырып,
Жазып кеткен бізге жеткен аңыз бар.
Ұмытпаған Еуропа құрлығы,
Аңыз болған Каталаун қырғыны.
Ол жайында әлі күнге сөз етер,
Тәнті болған сол өңірдің тұрғыны.
Із қалдырған Еділдейін бабамыз,
Еуропада Атилладай бар аңыз.
Сенбесеңіз мұрағатты ақтарып,
Тасқа жазған тарихыма қараңыз?..
Күндер батып, атар қанша таң күліп,
Бір пенде жоқ бұ Жалғанда мәңгілік!
Еділ батыр Ол да өткен өмірден,
Бүкіл әлем жырға қосқан ән ғылып.
Атасақ та бұ Жалғанды Жалған деп,
Ешкім мәңгі Әмірші боп қалған жоқ.
Хұн Елінің атын жайған әлемге
Еділдейін бабамызда арман жоқ!
Десек тағы бұл адамда арман көп,
Жермен жексен болмайтұғын таулар жоқ!
Ержүректі бабамызды аңсаған
Бір қиырда кісінейді Тарланкөк…...
Аяу бар ма, хас дұшпанның сұмында,
Білу қиын жат жұрттықтың сырын да?..
Ол көз жұмды үйленген түн Корольдың
Жалғыз қызы - Иедика сұлуға.
Ол белгісіз: кімдер, қашан у берді?
Ол белгісіз: ханум берді, күң берді?
Әлі білмес құпияны жан адам,
Жалғыз ғана қарғыс атқан түн көрді…...

Өтті өмірден Еділдейін бабамыз,
Қалды шөгіп Ер Түріктей данамыз.
Жоқтауменен Атилладай арысын
Тек соңында қалды аңырап даламыз!
Бұл ақиқат - біздің асыл Тегіміз,
Жаны сірі ел екенбіз тегі біз.
Туды талай оңымыздан күніміз,
Кетті талай хас дұшпанға кегіміз.
Біз бәріміз - ежелден Ер Түрікпіз,
Жер-әлемді шарлап-кезіп жүріппіз.
Тоз-тоз ғылып, шашыратпай тарыдай,
О Тәңірім, бар түрікті біріккіз!
Бұл ақиқат - "Тірлік түбі - Бірлікте!"
Байланғамыз бәріміз бір кіндікке.
Бостандықты сүйгіш елдің ұрпағы
Өтпек емес, құлдық пенен күңдікте.
Ұлы қырда ұлы дүбір басталды,
Жол ашуға құмалақтар тасталды.
Саулық тілеп бүкіл қандас халқыма,
Осы арадан аяқтаймын дастанды.
Жұмаш Көкбөрі