Мұхтар Шаханов: Қиыншылықпен қазаққа оралған Наурыз мейрамы бүгінде өз деңгейінде тойланбайды

/uploads/thumbnail/20170709232103206_small.jpg

Қоғам қайраткері, ақын Мұхтар Шаханов қазіргі таңдағы наурызды қалай тойлап жүргеніміз туралы өз ойын айтты. Бұл туралы «Қамшы» порталы Sputniknews.kz сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Кеңес кезеңінде ата-баба дәстүрімен сабақтасқан ұлттық мейрам Наурызды тойлауға тыйым салынды. Тек араға 62 жыл салып қана 1988 жылы Наурыз мейрамы қазаққа қайта оралған еді. Ұлыстың ұлы күнін қайта тірілтуге Мұхтар Шаханов бастаған бір топ ұлт зиялылары тер төкті. Ал олардың бастамасына сол кезде Министрлер кеңесіне төрағалық еткен қазіргі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен қазақ халқының ұлттық мәдениеті, ана тілі, дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңаруына үлес қосқан мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков қолдау көрсетті. 

1988 жылы Мұхатр Шаханов Наурыз мерекесін қайта тірілтуді сұрап, Колбинге хат жазады.

Алайда, Колбин Наурызды тойлай алмайтынымызды айтқан. Оған Мұхтар Шаханов Колбиннің алдына барып Наурыз мерекесін түркі жұрты үш мың жылдан бері тойлап келе жатқанын, сондай-ақ мейрам адамзатты тазалыққа, адамшылдыққа баулитынын түсіндірген. Мұхатр Шахановтың сөздері Колбинге әсер еткен болуы керек, Горбачевты қалай да көндіріп, Наурыз мерекесін дүйім жұрт болып тойлайтынымызды айтты.  

Сөйтіп, 1988 жылы қазақтың өшкені жанып, Наурыз мейрамы тұңғыш рет Алматының Максим Горький атындағы орталық саябағында кең ауқымда тойланады. Ұлыстың ұлы күнін тойлауға жүз мыңнан астам халық жиналған. Осы жылы ұлттық мейрамын сағынған халық Наурызды қыркүйек айының ортасына дейін тойлаған.  

 «Наурыз мерекесін Алматыда үлкен деңгейде өткіздік. Ұлттық киім киген адамдарды көшемен жүргіздік. Тіпті түйелермен жүргіздік. Жиырма-отыз түйе алдырдық. Ұлттық ойындар ойналды, ұлттық салт-дәстүрлер паш етілді. Осылайша, үлкен деңгейде мереке болды. Іле-шала елдегі өндіріс орындары, мектептер, жоғарғы оқу орындары, тіпті ауруханаларға дейін тойлады. Міне, Кеңес одағының қылышынан қан тамып тұрған күннің өзінде Наурыз мерекесін осылай бүкілхалықтық деңгейде тойлауға мүмкіндік алып беріп едім», — деді ол. 

Келесі жылы Наурыз мейрамын Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Түрікменстан республикалары мен Ресейдің құрамындағы түркітілдес ұлттар мемлекеттік деңгейде тойлаған. 

 Ұлт жанашырының айтуынша, осындай қиыншылықтармен қазаққа оралған Наурыз мейрамы бүгінде, тәуелсіз күні, өкінішке қарай, өз деңгейінде атап өтілмей келеді. Бұл жағдайға басқаша көзқараспен қарап, Наурыз мерекесін адам мен адамды, ұлт пен ұлтты жақындастыратын рухани күш, рухани парасат деңгейінде тойлау қажет. 

«Қазір тек қана концерт қояды, әншілер бірінен соң бірі жеңіл әндерді айтады. Сонымен Наурыз бітті. Сондықтан Наурызға біз басқаша көзбен, басқаша ниетпен қарауымыз керек. Болашақта биліктегі адамдарды көндіруіміз керек,  үлкен деңгейде өткізу біздің елдік, ұлттық салтымыз болуы қажет. Наурызда біздің елдік, ұлттық мүдделеріміз, салт-дәстүріміз, салт-санамыз алға шығуы тиіс. Осы қасиеттер алға шығуы керек», — дейді қоғам қайраткері. 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар