17 наурыз күні М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында соғыс заманында тылдағы халықтың нәубетін суреттейтін М.Омарованың «Көмбе нанның дәмі» қойылымының премьерасы өтті.
Еркек атаулы түгел майданға аттанғанда, ауылдағы қиямет-қиыншылық аналарымыздың, шал-кемпірлердің, бала-шағаның мойнына артылды. Біреудің бауыр еті баласы кетсе, біреудің бауыры, біреудің сүйіп қосылған жары, енді біреуінің сөз байласқан күйеу жігіті кетті. Алайда, ең ауыр жүк аналарымызға тиген заман болды. Соғысқа аттанып өмір мен өлімнің арасында арпалысып жүрген балаларын ойлап қайғыра ма, әлде қасында қалған баласы аштықтан ажал құшпаса екен деп қайғыра ма? Зарыға күтіп жүрген баласының орнына күн сайын бір қаралы қағаз келеді. Ол қаралы қағаз анаға бала бола ма? Ана жүрегнідегі жараны жеңілдете ме?
Онымен қоса, Кеңес үкіметінің саясатына қайшы болып көрінген түрлі ұлттарды туған жерінен айырып, қазақтың жеріне қоныстандырды. Өз жерінде жапа шегіп, қан жұтып жатса да, қазақ жұрты өзге ұлт өкілдерін құшақ жая қарсы алды. Өз бауырындай көрді, демеді, қолдады, бір үзім нанымен бөлісті.
Бастарынан қандай қиямет кешсе де, нағыз шынайылық сол кезде болды. Шынайы махаббат, шынайы күлу, шынайы жылау. Ең бастысы ұлттар арасындағы нағыз бауырмашылдықтың шынайы көрінісі.
Осындай шынайылықты сезіндірген «Көмбе нанның дәмі» қойылымының премьерасы сәтті шықты. Қойылымның қоюшы-режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алма Кәкішева. Айта кетейік, драма «Театр көктемі – 2017» фестиваліне қатысады.
Қамшыгер: Гүлім ЖАҚАН
Пікір қалдыру