Мемлекеттік Пантеон жобасы крестті бейнелей ме?

/uploads/thumbnail/20170708153959491_small.jpg
Болашақта Астана қаласында салынатын Пантеонға ұсынылған жобалардың бірі. Сурет Азаттық радиосынан алынды.

Фариза Оңғарсынова апайымыздың басына дұға қайыра барып едік. Маңайы қарбалас екен. Жер өлшеген, қағаз сызған бір топ адам жүр. Апайымыздың басына ескерткіш қоюға келгендер сияқты, қуанысып қалдық. Басын айналдыра гүлмен көмкеріп қойса да биылғы қаңтардан бері ескерткіш орнатылмағаны  жанға батып жүрген. Ескерткіштің сұлбасын көрмек ниетпен қағаздарына үңілдік. Сөйтсек бұлар қалалық әкімшіліктің жер картасын түсірушісі, топырақтың құрамын анықтаушылар, архитекторлар болып шықты. Қолдарындағы қағазда Пантеон деп аталатын жаңа құрылыстың сызбасы. Мұнда қазақтың игі-жақсылары қойылатын орын ашылатынын оқығанбыз. Бұл да дұрыс тірлік. Бірақ сол Пантеонның түрін көріп шошып қалдық. Барлығы бір мың гектар жер бөлініпті. Соның нақ ортасында шалқасынан түсіп, әлемде жоқ алып крест жатыр. Иә, кәдуілгі христиандарды шоқындыратын крест. Ұзыны бес шақырым, ені екі шақырым. Мәнісін әкімшіліктен келгендерден сұрап едік, ешқайсысы адам ұғар жауап қатпады. Әрқайсысы өз міндетін ғана біледі екен.

                Қабанбай батыр сағанасының шырақшысы, осы киелі орынға бас-көз Камал Абдрахман деген ағаға жолықтық. Ол кісі крестің жағдайын былай түсіндірді: «Бұл жобалар әлі толық бітпеген, бар-жоғы жоспар ғана. Мұндағы крест болып көрініп тұрған әр түрлі нысандардың арасын ажырату үшін уақытша түсірілген сызықтар. Ол сызықтар жер бедерінде болмайды. Көздеріңізді жеткізгілеріңіз келсе қалалық архитектура басқармасына барыңыздар. Компьютерден сызықтарды өшіріп, қайта бір қараңыздар. Мемлекеттік Қорымдағы жұмыс барысы апта сайын, әр сейсенбіде қалалық әкімшілікте арнайы қаралады. Өткен жетіде мен де қатыстым. Бар шаруа елдің көз алдында атқарылып жатыр. Пантеон жөнінде арнайы комиссия құрылған. Оның мүшелері крест салғыза қоймас.

Ағатай осылай дегенімен де ішіміздегі күдік шықпай қалды, бізді иландыра алмады. Ал «Бар шаруа елдің көз алдында» дегені шындықтан тым алыс жатқандай. Ғаламторды шарлап Пантеонның макетін немесе жоба сызбасын таба алмадым. Ендеше көпшілік қайдан білсін. Пантеон жұртшылыққа таныстырылуы қажет. 

Асқар Амангелді

Қатысты Мақалалар