Бұған дейін «Қамшы» порталында Нұрдын Тұрғын атты жас кәсіпкердің іскерлігі туралы бірнеше мақала жарияланған болатын. Қытайдағы қандастар арасынан шыққан Нұрдын жас та болса бірнеше кәсіптің басын қайырып, өз қатарына үлгі болып жүрген азамат. Ол таяуда ғана "МИЛЛИАРДТАР ЕЛІНДЕ ЖИНАҒАН ТӘЖІРИБЕМДІ ҚАЗАҚ ЕЛІНДЕ ҚАЖЕТКЕ ЖАРАТСАМ..." деп сұхбат берген еді.

Жақында ғана Нұрдын Тұрғынның жүректі елжіреткен хаты интернетте таралды. Бұған дейін редакциямызға бірнеше рет келген Нұрдын әңгімесінде «Қазақ-қытай арасында іссапармен жүргенде екі шекараның ортасында ұлды болғанымды естідім. Баламның есімін бір жақын ағам ырымдап «Нұржол» деп қойды» деген еді. Сол Нұржол санаулы күндерден кейін бір жасқа толады.
Нұржолдың әкесі Хатында,
«Ассалаумағалейкүм! Құрметті жанашыр жандар!
Ауру айтып келмейді дейді. Қиындық басқа түскенде өмірден түңілетін кездеріңіз болатын шығар. Бірақ үміт бар жерде болашақ та бар. Жақында балам тұйықсыз ауырып, Құлжадағы ауруханалардың біріне апарғанымызда олар баламның диагнозы аққан ауруы болуы мүмкін екенін айтып, нақтылау үшін Үрімжіге жіберген болатын. Үрімжідегі «Медицина 1» ауруханасы балама «жедел характерлі шеміршек аққан ауруы» деп диагноз қойды. Тек қана химиялық жолмен емделеді екен. Нәтижелі болып жатса сүйек майын ауыстырмақшы. Бір жас отбасының материалдық жағдайы қазір қаншалықты болатыны белгілі. Емдеу ақысы өте көп қаржыны талап етеді.
Химиялық емдеу 6 кезеңнен тұрады. Бұл барыста дәрігерлер бала толық сауығып кетуі үшін қаншалықты қаражат кететінін есептей алмай отыр. Қазірдің өзінде күніне 3000-5000 юань(150 мың – 250 мың теңге арасы. –ред) қаржы жұмсап отырмыз.
Айналамызда жанашыр жандар көп деп білемін. «Көп түкірсе көл болады» дейді. Қолдарыңыздан келгенше көмек көрсетулеріңізді сұраймын», - дейді егіле.

Ол 2015-жылғы Қытайдағы «Интернеттен кәсіптенген жас жұлдыз кәсіпкер байқауында» жүлдегер болған. Содан бастап көптеген бәсекелерге қатысқан қандасымыз аймақтық «жаңалық жарату және кәсіп ашу» бәсекесінде 600 нысанның ішінде 60 мықтының қатарында көрінген. Сондай-ақ, бүкіл Қытайлық «Жас кәсіпкерлердің жаңалық жарату» және кәсіп ашу жарысында 150 мықтының қатарынан бой көрсеткен. Сонымен қатар 2016 жылы Шыңжаң бойынша «Жастар бірлестігінің мүшесі» болып құрылтайға қатысты. Әрі, Шыңжаң дәрежелі жас кәсіпкерлер бірлестігінің мүшесі болып бекітілген.
Дегенмен қандасымыз ауруды жеңіп, ұлымен бірге аман-сау елге оралуды қалайды.

«Қамшы» порталы Нұржолдың сауығып кетуіне көмектескісі келетін оқырмандар назарына Әкесі Нұрдынның және Қазақстандағы жақын туысы, Нұрдынның туған әпкесі Гүлмарияның карточкалық есептерін қоса жариялайды.

