Қарағанды облысында екі жол апатынан бес адам және бір кішкентай қыз мерт болды, тағы екі адам ауруханаға жатқызылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz облыстық ІІД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алғашқы ЖКО Қарағанды-Балқаш тасжолында Спасск ауылынан 20 шақырым жерде болған. 27 жастағы ер адам Mercedes Benz көлігімен қарсы бағытқа шығып кетіп, Toyota Fortuner көлігіне соғылған. Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушы оқиға орнында мерт болды. Toyota Fortuner көлігінде болған анасы мен екі жастағы қыз ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмған. Toyota жүргізушісіне медециналық көмек көрсетілді, ал оның ұлы ауруханаға жатқызылған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, сегіз жастағы бала қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Оның жағы сынып, бассүйек миы шайқалған.
Екінші оқиға Қарағандының Косманавт көшесінде болған. Онда жолаушылар автобусы мен Mercedes Benz көлігі соқтығысып, 26 жастағы жеңіл көлік жүргізушісі қаза тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, автобус жүргізушісі рөлге ие бола алмай қалған. Апат сәтінде автобус салонында 30-дай жолаушы болған. Олардың екеуіне медециналық көмек көрсетілді. Автобус жүргізушісі уақытша ұстау абақтысына қамалды.
Екі оқиға бойынша да қажетті сараптамалар тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу басталды.

Алматы облысында Құлжа тасжолында екі көліктің соқтығысуынан сегіз адам мерт болып, тағы бір адам зардап шекті. Оқиға наурыздың 23 наурызға қараған түні болған.
Облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, оқиға Еңбекшіқазақ ауданының "Қазақстан"ауылының маңында болған. Тасжолдың 80-ші шақырымында Nissan Primera және Toyota Vista көліктері соқтығысып, жеті адам оқиға орнында мерт болды. Тағы бір адам ауруханаға барар жолда көз жұмған. Тірі қалған жолаушы Есік қаласының ауруханасына жеткізілді.
"Бұл жағдайға байланысты ҚР ҚК-нің 345-бабының 4 тарауы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Іс облыстық анықтау басқармасында. Керекті сараптамалар тағайындалды", - дейді баспасөз қызметінің өкілдері.
Алдын ала болжам бойынша, Nissan Primera қарсы бағытқа шығып кеткен.
Сондай-ақ, куәгерлер жол апатынан қаза тапқандардың ішінде екі баланың болғанын айтады.