Сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру және азаматтарды жедел қабылдауды жүргізу мақсатында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильдік топтың шығу рәсімі «ҚР Тұңғыш Президенті» саябағында Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен өтті. Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Мақсұт Ыбырайханұлы Нәлібаев, «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының І-ші орынбасары Шүкеев Мұратхан Жүнісәліұлы, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы Республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық бөлімшесінің директоры Төлендиев Қасымхан Естемесұлы, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының лауреаты, мәдениет қайраткері Салықова Нұрсипат Рахымбайқызы, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген спорт шебері Трубин Дмитрий Анатольевич сөз сөйлеп, жастарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің маңызын түсіндірді.
Іс-шараның мақсаты: Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2017 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының 5-ші және Бес институционалдық реформаны іске асыру бойынша 100 нақты қадам Ұлт жоспарының 13 қадамын орындау мақсатында «Парасыз болашаққа. Бірге!» ұранымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильдік топ құрылды. Мобильдік топтың негізгі мақсаты: Облыс аумағында орналасқан барлық мекемелердің еңбек ұжымдарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, мемлекеттік қызмет көрсету барысында туындайтын әкімшілік барьерлерді барынша азайту, азаматтарды жеке қабылдауды жүзеге асыру. Мобильдік топ жұмысы 24 наурыздан басталып, жыл сонына дейін жүргізіледі.
Мобильдік топ құрамына «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалының қызметкерлері, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы Республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері, облыстық кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және ұлттық бюросының Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшылығы енгізілген.
Іс-шара соңында естелік суретке түсіп, автокеруен мүшелері «Қазфосфат» ұжымымен кездесіп, жеке қабылдау өткізу мақсатында аттанды.