«ҰЛТ БОЛМЫСЫ» ЖУРНАЛЫНЫҢ
«АЛАШ ЖОЛЫ» ӘДЕБИ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БӘЙГЕСІНЕ
Поэзия саласы бойынша

Бүркеншік есім: Алты Алаштың перзенті
өлеңдер топтамасы
1.Марқасқасы Алаштың

Әлихан Бөкейханға
Топ бастаған шешенім, марқасқасы Алаштың,
Алаш үшін алыстың, қазақ үшін таластың.
Туып-өскен еліңнің бекісін деп іргесі,
Сөз ғана емес, ісіңмен келешекке жол аштың.
Затың төре болса да, қара қазақ қамы үшін
Қызмет қылдың, бойыңда тулап жатты намысың.
Келер ұрпақ біздерге айтпасын деп тағы сын,
Жинап алдың жанына ел-жұртыңның арысын.
Сәті түсіп, төрінде отырғанда Думаның,
Уды бойға дарытпай, мансап, байлық қумадың.
«Қазақ» деген газетің болып халық қажеті,
Сол арқылы жеткіздің еліміздің мұң-зарын.
«Барлық байлық қазақтың меншігі деп танылсын,
Әрбір тасы қазаққа түйме болып тағылсын.
Қазақ елі тәуелсіз ел болудың негізі –
Бір жағадан бас шығып, тек Алашқа бағынсын!»
Осы сөзің әлі де жүрегінде қазақтың,
Алған беттен қайтпадың көргенде де азап-мұң.
Тәнмен бірге жаның да қасіреттен қиналды,
Шыжғырылдың отына большевиктік тозақтың.
Білім және міңезбен қызмет қылдың ұлтыңа,
Тура сөйлеп танылдың жалпақ қазақ жұртыңа.
Дос түгілі бұл күнде тіпті қаскөй дұшпаның
Сенің қара басыңа қоя алмай жүр бір кінә.
Толған мақсат, міндеттер кезек күтіп алда тұр,
Бүгінгі ұрпақ алдында өзің салған жол жатыр.
Туған жерден үш аршын жер бұйырмай қойса да,
Ер есімі елінің жүрегінде қалды ақыр.
2.Ұлт данасы

Мұстафа Шоқайға
Қоқанға тұрған бағынып қазақтың елі шерменде
Пайғамбар атын беріпті дүниеге перзент келгенде.
Айырылып құтты қоңыстан, іргеде тұрған орыстан
Болған ғой запы тосынннан зұлматтың бұлты төнгенде.
Шаштының асыл тұяғы, Торғай датқаның текті ұлы,
Жаратын мұзды кемедей, жығардай тауды екпіні,
Тексіздер төрге шыққанда қара бақырдай жоқ құны,
Араша түскен сол еді көргенде халқы тепкіні.
Ажыратып алған дұрыс қой тауды да биік төбеден,
Түріктің жұртын, ерлерін киелі сөзбен жебеген,
Тәуелсіз елдің қамын жеп, Алладан тілек тілеген,
Алаштың арын қорғаған азамат еді көреген.
Құлдық пен қорлық ешқашан болмасын десе жұрты үшін,
Қыпшағым деген ру емес, қазағым деген ұлт үшін,
Достарын жинап қасына, таба да болмай дұшпанға,
Тый деді байтақ жерімде алауыздықтың қырқысын.
Имеді басын ақ болсын, қызылы болсын, патшаға,
Советтік ауыр балғамен қиратып соғып жатса да,
Таймады тура жолынан, қайтпады айтқан сөзінен,
Орақпен орып, пышақпен терісін жонып жатса да.
Оранған от пен жалынға жылдар да өткен жұлқысқан,
Айыра алмай қалған көп жақыны кімдер, кім дұшпан?!
Байлаулы аттай кермеде өтсе де өмірі құсада,
Арманы болды ең басты – түрленген, берік Түркістан!
Сұлутөбе, Наршоқы – асылдар талай өткен жер,
Қазағымның қайыспас нары келіп шөккен жер,
Ақ түйенің қарыны бір-ақ күнде жарылып,
Тәуелсіздік таңы атып, нұр-шуағын төккен жер.
Отқа да түсті, болса да қаулаған жалын, Мұстафа,
Зиялы болды сақтаған намысын, арын, Мұстафа.
Суға да түсті қаймықпай анықтау үшін өткелді,
Түсіне білді қоғамның мұңы мен зарын Мұстафа!
Қадірлі жұрт! Ардақты ел! Болмаңыздар еш қапа
Тұрған бізге жол сілтеп арамызда Мұстафа!
Көздің ақ пен қарасы, ұлтымыздың данасы,
Сансыраған, сабылған санамызда Мұстафа!
Қабырғалы қалың ел келді бұрып ат басын,
Елі-жұртын арыстың тіл мен көзден сақтасын!
Есін жиған қазақтың атағы ассын Алаштан,
Құдіреті күшті Алла- Жаратушы жақтасын!
3.Қайта оралған ардағым

Ахмет Байтұрсыновқа
Өкінішім, аға, сенің көре алмадым жүзіңді,
Білем, білем, келер ұрпақ алады аршып ізіңді,
Қапелімде тамағыма өксік келіп тіреліп,
Сағыныштың ыстық жасы жанарымнан үзілді.
Сені қапқан төбеттердің күшіктері бар тағы,
Бірі абалап, кейбіреуі балағымнан тартады.
Елу жылда ел де жаңа, бірақ, бірақ, сол елің
Елу жылда толтырды ма өзің кеткен ортаны?!
Толтырды ма, толқыды ма көзін көріп жарықтың,
Саған деген сағынышы басылған жоқ халықтың.
Қалғып жатқан қалың жұртты маса болып оятып,
Елдін мұнын жоқтай алар ер барлығын таныттың.
Өкініш пен запыраны көп болса да өткен күн,
Туған дала төсіндегі мәңгі өшпейтін көп белгің.
Әнің қандай – еркін жүзген аққуындай Ақкөлдің,
Сәнің қандай – кемпірқосақ бояуындай көктемнің.
Жалғыз ауыз жақсы жырды саф алтынға балаған,
Сөзің балдай, өзің таудай жан екенсің, ағажан!
Қасіреттен түсті басым тауқыметті тағдырың,
Қасиетті өз орнынды алдың бүгін арадан.
4.Асыл ойлы кемелім
Мағжан Жұмабаевқа
Көкжиекке шыққан Күннің өрмелеп,
Жұлдыздардан көрген күні, төккен нұры бір бөлек.
Нұрын төккен жұлдыздардан дөңгелек
Жаңа туған, жарық берген Айдың орны бір бөлек.
Ұлтымыздың ар-намысы, асыл ойлы кемелім,
Тастан мықты, таудан биік, теңіздерден тереңім.
Қаталаған ел-жұртыңа мың бұлақтың көзін тапсам деп едің,
Өңмеңдеген озбырлардың мысын бассам деп едің,
Кене хан мен батыр Баян ерліктерін дәріптеп,
Түркістанды бесік қылып, алты Алашқа есік ашсам деп едің,
Еңіреген елдің жоғын тегіс қылсам деп едің,
Аш қасқырлар қорқып жүрген,
Жолбарыстар жортып жүрген
Сарыарқаны өріс қылсам деп едің,
Қорсылдаған доңыздардан құтылып,
Қансыраған қазағыма қоңыс қылсам деп едің.
Жұлдыздардан жарқыраған түнде көп,
Таң атқанда жол көрсетіп туған жұлдыз бір бөлек.
Жыр арнаған бірін бірі кимелеп,
Сөзі сара ақындардан сенің орның бір бөлек.
Қиындықта қайыспаған,
Шарболаттай майыспаған, өрең биік, өр едің,
Қайда жүрсең, елдің қамын жеп едің,
Саф алтындай жарқыраған асыл сөзін ұмытпаған көненің,
Өлең-сөздің маржандарын теріп алған сен едің,
Нұр-сәулесін мейірімді жүректерге төгеді,
Ұрпағымен бірге жасап келеді
Көз жасы мен қан аралас сиямен
Сенің жазған өлеңің.
5.Еңіреп туған есіл ер

Елдес Омарұлына
Жаншылған халқым жинаған кезде енді есін,
Тілегім жалғыз – жаманат енді көрмесін.
Кеудемнен шыққан өлеңнің сөзін дұға қып,
Оқимын жырды бағыштап саған, Елдесім!
Еңіреп туған есіл ер едің ел үшін,
Ездермен мүлде жасаған жоқсың келісім.
Балаңның атын Кенехан қойған кезде де,
Тойлар деп сендің қазағың ұлы жеңісін.
Жандайшаптармен шыққан сәтте де жекпе-жек,
Ажалмен арсыз келген сәтте де бетпе-бет.
Бетіңнен қайтып, өтірік айтып көрмедің,
Өйткені, сенде, болса да жүрек, өкпе жоқ.
Есіміңді ерек қайталап айтып ұлы елің,
Өшкенім жанып, болғандай қабыл тілегім,
Атажұртыңда халқым деп жүрсең елжіреп,
Еліңмен бірге соғып тұр, аға, жүрегің.
6.Жеті өлшеп, бір кескен

Жүсіпбек Аймауытовқа
Осы күні бойға қонбас ішік көп,
Біреу тіксе, тұрар біреу пішіп тек,
«Қартқожа» мен «Ақбілекті» оқысаң,
Жеті өлшеп, бір-ақ кескен Жүсіпбек.
«Мұның өзі қайдан шыққан пысық?» – деп,
Балағыңа жармасатын күшік көп.
Айтқандарын көкейіңе тоқысаң,
Шарасынан бір аспаған Жүсіпбек.
Біреу қаңғып, жатса біреу ішіп кеп,
Бұл жалғанда қатерлі дерт, ісік көп.
Жазып кеткен сөздеріңе зер салсаң,
Дертті сылып тастайтындай Жүсіпбек.
Қайрат көрсет, болса бойда күш ептеп,
Ниет қылсаң, сара жолға түсіп кет.
«Алаш» маршын естігенде, қан қызып,
Келешекке бастайтындай Жүсіпбек.
7.Арқасына азап артқан Би-аға
Бейімбет Майлинге

Ақылыңнан айналайын, Би-аға,
Мен де тудым өзің өскен ұяда.
Бірақ, неге көз бұлдырлап кетеді,
Өзіңе ұқсап көз жіберсем қияға.
Тағдыр айдап түскеңінде түрмеге,
Сезбедің бе жылан барын іргеде.
Қарабеттер өмір сүрген қоғамда
Ақ нәрсеге тез жұғады кір неге?
Ептілер мен белсенділер тіс қаққан,
Қолдарыңда болғандықтан күш батпан,
Қойдай тізіп еңіреген ерлерін,
Елім деген Елдесті те ұстатқан.
Жендеттерің жатқан шақта желкелеп,
Білмедің ғой өскен елде еркелеп,
Сайфи Құдаш, Хасан Туфан сөз сөйлеп,
Жоқтайтынын Елубай мен Серке кеп.
Бүгін ауыл өзің туған өзгерген,
Өзгергенін құлақ естіп, көз көрген.
Сепкенінен төккені көп заманда
Шашынан көп алатыны өзге елден.
«Кім көтерер ауыр ғасыр жүгін?»-деп,
Егілемін кейде ішімнен күбірлеп.
Сіміреді Бавария сырасын
Мырқымбайың коммерсант боп бүгінде.
Отырар ем мен де шашты ширатып,
Талаптыға талантымды сыйлатып.
Қорқамын тек ессіз біреу байқамай
Босағамды кете ме деп қиратып.
Жау жағадан, бөрі етектен алғанда,
Талай арыс кетті ғой деп арманда,
Нелер сұмдық өтті ғой деп басымнан,
Кейде мен де қарғыс айтам жалғанға.
Арқасына азап артқан Би-аға,
Жазғандарың жазмыш тартқан сый, аға,
Терген сырың көріп-біліп, аңғарып,
Арнасына бұл ғасырдың сия ма?!
Ахмет Байтұрсынов ескерткіші қасында
Қақаған қыс.
Жылдың соңғы күнінде
Елдің көбі үйге асығып барады.
Ахметтің ескерткіші түбінде
Қызыл гүлдер қызыл шоқтай жанады.
Қарағайлар қардан алқа тағынған,
Жылдың соңғы күні қандай арайлы?!
Бойжеткен қыз көктем лебін сағынған
Бозбалаға көз астынан қарайды.
Оның бәрін қажеті не баяндап,
Кенет, кенет... Қалды қарап қалың жұрт,
Ақ жүздері айдай болып, аяңдап
Келе жатты күйеу менен қалыңдық.
Екі жастың басы айналып бақыттан,
Ұмытыпты тіпті сыртқы киімін.
Олар үшін осы арада атып таң,
Іргелері қаланғандай үйінің.
Олар үшін бақыт қымбат бәрінен,
Өйткені, Алаш ерлеріне борышты.
Егіз гүлдей ықпай қыстың кәрінен,
Ескерткіштің іргесінде тоғысты.
Екі ғашық жаңа күнге асыққан
Ұлы ұстазға тәжім етіп, гүл қойды.
Осы сәтте сезім тулап, тасып қан,
Ағыл-тегіл кетті кернеп жыр бойды.
Арыстар-ай! Жүрсек бүгін қуанып,
Борышты ғой немерем мен балам да.
Жарым менен ұлымды ертіп, гүл алып,
Ертеңіне тағы келдім алаңға.
Той шуына толып кетті айналам,
Күн сәулесі сүйді тұғыр тасыңды.
Қызыл гүлдер қызыл шоқтай жайнаған,
Тағы менің көзіме оттай басылды.
Адамзатқа мәңгі өшпейтін нұр себер,
Шұғыласы бар екенін білсе егер,
Қатал қыста, сақылдаған аязда
Гүл өспейді деген сөзге кім сенер?!
9.Арыстар
Алашорда үкіметінің мүшелері Елдес Омарұлы мен Әлжан Байғуринге Қостанайда ескерткіш тақта орнатылғанда
Ел намысын көтерген туғандарым,
Ит пен құсқа жем болып жиғандарың,
Құрығы ұзын үкімет атып-асып,
Абақтыға тоғытқан құрбандарын.
Жазықсыздан жалалы болғандарым,
Дәнін жиып үлгірмей солғандарым.
Қарсы біткен бұтақтай қарағайға,
Жел өтінде соғылған қорғандарым.
Айғағындай сендердің достығынның,
Жарып шықты қап-қара тасты гүлім.
Тәжім етіп бабалар рухына,
Ұрпақтарың ұйқысын ашты бүгін.
Артта қалып қиын күн жан таласқан,
Алаш аты жайылды алты алашқа.
Оған куә қан сінген қызыл кірпіш.
Оған куә бұлт жүзген байтақ аспан.
Елдес пенен Әлжандай данышпаным,
Ақиқаттың жолында алысқаным,
Бақида да жүздерің жарық болып,
Тұрыңдаршы нұр төгіп, арыстарым!
10.Түрлі түстер
С.Сейфулиннің коммунистік сәлеммен Сталинге жазған хатына қарағанда, пойызбен Орынборға қайтып келе жатқанда алашордашы Елдес Омаров Сәкенге: «Бұрын Алашорда едік, енді Қызылорда болдық. Қазақ үшін қызыл, жасыл, ақ түстің айырмасы жоқ. Ең бастысы Орданың бауыры бүтін болғаны» деген екен. Бұл Алаш ардақтыларының ең соңғы ұлттық қуаныштарының бірі еді.
«Абай-ақпарат» порталынан
Из докладной записки С.Сейфуллина И.В.Сталину о взаимоотношениях в среде казахских партийно-советских работников
После 19 апреля 1925 г.
...Я не поверил, но вспомнил, что действительно на средине красных знамен стояло какое-то зеленое знамя. Некоторые товарищи возмущались, Алашордынские знамя сняли.
Потом обьяснили, что это по незнанию повесил туда какой-то русский из служащих. А технической же стороной сьездовского помещения руководили высокограмотные киргизы.
Когда обратно, после конца сьезда, ехали в г. Оренбург в поезде один бывший работник Алашорды, старый учитель, мне хорошо знакомый, теперь сотрудник Наркомпроса, с довольным видом в присутствий двух товарищей сказал мне: «Наконец все вышло по-нашему (т.е. по Алаш-Орде) Сьезд открыли под нашим зеленым знаменем Алаш-Орды. Мы говорили, что ставка должна быть на интеллигенцию, а на этом сьезде полностью эту идею проводили. Слова «рабочих» остались пустыми фразами.
Мы свое правительство называли Алаш – Орда. А на этом съезде будущую столицу Киргизии г.Ак мечеть (Перовск) переименовали в Кызыл – Орду (Красная Орда). Для киргиз цвета красное, зеленое, белое, ниакого значения не имеют, лишь бы осталась Орда. Теперь в партию войдем и мы». (Ордой называли юрту богатых и знатных людей, а юрту бедных и неимущих людей называли баспана и лашык) Вот, что мне сказал в поезде алашордынский мелкий просвещенский работник, теперь сотрудник Наркомпроса.
...И действительно, сейчас среди интеллигентных киргизов и киргизок, прежних работников Алаш-Орды и их учеников, все еще, или не вступивших в партию, или одно время входивших и обратно, замечается большое стремление в партию.
Некоторые в разных городах уже подали заявления в партию. Это положение еще крайне опасно для Компартии и Киргизии.
(Ф.811. Оп.24. Д. 243. Л. 7-17. Фотокопия).
Әлде Орда, әлде Кеңес,
Қандай оның түрі, түсі.
Күтеді алдан қандай белес,
Ашып тұрған кімнің іші?!
Алаш жұрты құп алғанда –
Елдің ерлік таңбасындай.
Көкорда мен Ақорда да
Алтын орда жалғасындай.
Құламаған орға келіп
Ордалы жұрт – Қазақ елі
Қуанса да орда болып,
Қызыл болып – азалы еді.
Осы күнге болған ғажап
Аман жеткен сүйретпемен,
Әйелге ұқсас біздің қазақ,
Түрлі-түрлі көйлек киген.
Көшсек сөздің төтесіне,
Ақ пен қызыл шайқасқанда,
Бала қас боп әкесіне,
Шығарғанбыз айды аспанға.
Жат жұрттықтар баса-көктеп,
Қара киген, сары киген,
Болса-дағы қанша мектеп,
Қазақ қана жаны күйген.
Ақмешітті қызыл қылып,
Еркін елде көк ту ұстап,
Бір жығылып, бір сүрініп,
Жүрміз кімге жолды нұсқап?!
Сол жылдары көрді көзің,
Бұйырғанда баспанамыз.
Сөйледі ғой қазақ сөзін
Қызылорда – астанамыз.
Ешқашан да ұмытпаймын
Қазағымның қылған ісін.
Жүрегіммен қабылдаймын
Арыстардың қуанышын.
11.Тағзым қыл, дұға жаса өткендерге!
Заманы беттен қақпай сұмырайды,
Қинады Шоқан менен Ыбырайды.
Үкімет тұрғаннан соң қырын қарап,
Талайдың сағы сынып, бағы тайды.
Залымдар езіп-жаншып елді мұңды,
Абай мен Шәкәрімді шерлі қылды.
Ішкен мәз, жегенге тоқ шекпенділер
Аясын бұл жалғанда енді кімді?!
Жеткен соң құлағына елдің зары,
Ақырып жауға шапты Кенесары.
Талай ер белін буып, арпалысып,
Жанталас қан майданда шықты жаны.
Көп қорлық көргенімен Ахметті
Заманы ақылды етті, батыл етті.
Масадай ызыңдады қалың елге,
Есінен шығарған жоқ ақіретті.
Ақиқат үшін қандай жан күймеді?!
Сұм өлім Мағжанды да әлдиледі.
Зұлымдық ізгілікті буындырып,
Түрмеде болды арыстың қан көйлегі.
Момынның мойынына ноқта түсті,
Сорлының еңбегі еш боп, отқа түсті.
Көрмеген беті қайтып өжеттер де
Сындырды саламын деп тасқа тісті.
Дәстүрім ұмыт қалып, тіл өзгерді,
Өгіздей көнбістік бір мінез келді.
Ерлерді елім деген қойша айдатты
Шенділер жинап алып кіл ездерді.
Күн туды арды малға айырбастайтын,
Кешегі ерлер қайда ой тастайтын?!
Су болып күн ашықта, жауын жоқта,
Шықпады көсем серке қой бастайтын.
Маңырап, емшек іздеп, қозы қалды,
Жақсының көбі кетіп, азы қалды.
Ақынның ауызына құлып салды,
Естір деп есі бар жұрт сөзі барды.
Көбейді келешектен күдер үзген,
Болмады асау жылқы шідерді үзген,
Тағасыз ат тайғанап жүре алмады
Жол беті жабылған соң кілең мұзбен.
Осындай қилы-қилы заман болды,
Зардабын тірі қалған адам көрді.
Арамдық адалдықтан үстем болып,
Азғындар қанымызды теспей сорды.
Көрмеді адасқан жұрт бұрған жолды,
Қастықтан, аштықтан да құрбан болды.
Ұмытып соның бәрін ұрпақтары,
Салғаны күнде сайран, думан болды.
Мұсылман діннен безіп, кәпір болды,
Өлеңші жарбаңдаған ақын болды.
Тура айтқан туысына жақпай қалып,
Әкімге пара берген жақын болды.
Көп жайды бірде білсе, бірде білмей,
Жілігін семіз малдың бір кемірмей,
Зар болып қара судың өзіне де,
Көрді ғой көресіні көрге кірмей.
Әлділер әлсіздерге жәбір қылды,
Халықты илеген бір қамыр қылды.
Ертеңнен үміт күткен пенде байғұс
Тәубасын ұмытпады, сабыр қылды.
Тартса да қанша бейнет, қаншама азап,
Бүгінгі күнге жетті біздің қазақ.
Тағзым қыл, дұға жаса өткендерге,
Біздерге соның өзі сансыз сауап.
жазылған уақыты: 01.02.2014 – 10.03.2016 ж.