18 наурызда Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында Головкин мен Джейкбос рингке шығып, нәтижесінде ұпайлар саны жағынан жеңіс Головкинге тиесілі болған еді. Головкин ешбір жекпе-жегін 12 раундқа дейін жеткізбеген. Алайда сол күнгі қарсыласы Джейкбоспен жұдырықтасуы қиынға соқты.
Төрешілердің бірауыздан жеңісті Головкиннің қанжығасына байлағаны көшілікті қуантса, енді бірі шешімнің әділ болғанына күмән келтірді. Әлеуметтік желілерде Головкиннің жеңісіне небір күдікті пікрілер жазылды. Тіпті Джейкбостың өзі соңына дейін жеңіске қол жеткізетініне сенімді болды. Өзін Головкиннен әлдейқайда мықты жұдырықтасқанын да айтып қалды.
Әлемнің бұрынғы үздік боксшылар тізімінде көш бастаған Флойд Мейвезер де Головкиннің жеңісіне, сондай-ақ үздік боксшы атанатындай мықтылығына шүбә келтіріп, тіпті оған мазақ ретінде бір есім ойлап тапқан көрінеді.
«Мен бір жігіттің жекпе-жегін көрдім. Сіздер менің кім туралы айтып отырғанымды білесіздер, ол - Triple-L - себебі ол менімен жекпе-жекке шықса, үш рет жеңілер еді. Қазіргі уақытта мен бір спортшы үшін ғана рингке қайтып оралуға дайынмын. Оның есімі - Конор МакГрегор.
Мен әлі де белсенді боксшы болсам, мен онда... Сіздер түсіндіңіздер ғой. Мен оның күл-талқанын шығарар едім. Ал қазіргі уақытта мені тек мега қаражатты жекпе-жектер қызықтырады... Головкин деген кім өзі?», - деді Мейвезер Fighthype.com сайтына берген сұхбатында.
Осындай жағдайлар орын алып жатқанда Геннадий Головкиннің жаттықтырушысы Абель Санчес үнсіз қалмады. Ол GGG-дің Дэниэл Джейкобсты жеңгеніне күмән келтіретін интернет-қолданушыларға жауап берді.
«Өткен сенбіде үш төреші Головкиннің пайдасына шешім шығарды. Сондықтан өзгелердің айтып жатқаны мені толғандырмайды. Бұл маңызды емес, себебі судьялардың үкімін өзгертпейді. Тарихқа басқалардың не айтқаны емес, айқастың қалай өткені енеді. Әлеуметтік желілерде өз пікірлері маңызды деп ойлайтын «дивандық бапкерлер» мен «клавиатуралық судьялар» өте көп. Төрешілер айқастың нәтижесін есептеді, сол ғана маңызды».
Сондай-ақ, Абель Санчес орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкиннің Сауль «Канело» Альвареспен келісе алмаса, жоғарғы салмаққа өтетінін мәлімдеді.
«Геннадий орта салмақта барлық белбеулерді жеңгеннен кейін, сол дивизионда қалудың еш мәнісі жоқ. Ұлыбританиялық боксшы Билли Джо Сондерспен жекпе-жек маусымда өтетін болса, онда GGG екінші орта салмаққа көтерілуді жоспарлап отыр. Ары қарай... «Канеломен» келісімшарт жасалса, онымен жұдырықтасуға да дайынбыз. Егер ол келіспесе, супер орта дивизионға көшетін боламыз», - деп жазады Санчестің сөзін BoxingNews24 порталы. Оның айтуынша, супер орта салмақта олар «ірі жігіттермен шаршы алаңға шығып, ірі жекпе-жектерге шығатынын» айтады. Екінші орта салмақтағы жігіттердің Головкиннің соққысына қалай төтеп беретінін көреміз. Хильберто Рамирес қазірдің өзінде Головкинмен жұдырықтасқысы келетінін айтты. Мен Головкиннің супер орта салмақта барлық белбеулерді жеңіп алғанын көргім келеді», - деді бапкер.
Айта кетейік, инсайдерлік ақпарат бойынша, БАҚ беттерінде Головкин - Сондерс жекпе-жегі Астанада 17 маусымда EXPO-2017 халықаралық көрмесі күндері өтетіні хабарланды. Қазақстандық боксшы мен мексикалық Сауль «Канело» Альварес арасындағы жекпе-жек қыркүйекте өтеді деп болжанады, алайда келіссөздер әлі де жүріп жатыр.