28 наурыздан, яғни бүгіннен бастап биометриялы төлқұжаттары бар Грузия азаматтары Шенген аймағына өту үшін визаны қажет етпейтін болады, деп хабарлайды bbc.com.
Еуропалық одаққа өту үшін визасыз режим қалыптастыруға ұзақ жылдар бойы атсалысқан Грузия елі Молдовадан кейін осындай үлкен мүмкіндікке қол жеткізген екінші мемлекет болды.
Грузия азаматтары қандай мемлекеттерге визасыз өте алады?
Грузияда визасыз режим күшіне енгелі биометриялы төлқұжаттары бар азаматтар 90 күннен 180 күнге дейінгі аралықта Еуропаның 30 мемлекетінде визасыз тұрақтай алады.
Грузия азаматтары Шенген аймағындағы мемлекеттерге өтуде визаны қажет етпейді. Сондай-ақ, аймаққа кіруге үміткер мемлекеттер, оған қоса ЕО-ға кірмейтін Исландия, Лихтенштейн, Норвегия, Швейцария елдеріне визасыз кіре алатын мүмкіндікке ие болды.
Алайда, Ирландия және Ұлыбритания елдеріне кіру үшін Грузия азаматтарында әдеттегідей визаның болуы міндетті. Сондай-ақ, еуропалық мемлекеттерге оқу немесе жұмыс істеу мақсатында ұзақ уақытқа баратын болса, азаматта виза болу керек.
Шенген аймағына шығарда әр Грузия азаматында елге қайтар билет пен уақытша сақтандырудың болуы талап етіледі. Сонымен қатар, ол азаматтарда Шенген аймағында болған уақытта жеткілікті қаражаттың болуы жайында құжаттардың бар-жоғы негізге алынады.
Грузия билігі Шенген аймағындағы мемлекеттерге шығарда әр азаматта осы құжаттардың болуын ескертеді.
Визасыз режим тек туристік, отбасылық, сондай-ақ іскерлік сапарларға шығатын азаматтарға қатысты. Ал, Еуропа мемлекеттеріне жұмысқа орналасу мақсатында барған жағдайда, виза болуы керек.
Тбилиси билігі Абхазия және Оңтүстік Осетия тұрғындары да визасыз режимді пайдалана алатынын ескерткен еді. Алайда, кей мемлекеттердің билігі бұл шешімнің тек Грузияға қатысты екенін алға тартып, Абхазия мен Оңтүстік Осетия тұрғындарына қатысы болмауы тиіс екенін ескертті.
Грузияның кейбір турагенттіктерінің мәліметінше, визасыз режим орнаған соң еуропалық мемлекеттерге шығу жайында сұраныстың көбейгендігі авиабилеттердің бағасына да әсер етпей қоймады.
Love Travel туристік агенттігінің менеджері Софо Хитаришвалидің мәліметінше, былтырғы жылмен салыстырғанда сұраныс 35 пайызға өскен. Соған орай, билет құны 40 пайызға дейін көтерілді.
Визасыз тәртіп бұзылған жағдайда қандай шара қолданылмақ?
Еуропа мемлекеттеріне өтерде тәртіп бұзылмаудың жолдары да қарастырылып, Грузия билігі ақпараттық науқан жүргізді.
Грузия тұрғындары еуропа мемлекеттерінде болған уақытта биліктің назарында болады. Егер Еуропада үш айдан көп уақыт тұрақтаса, грузиялықтар бұл жайында Еуропалық Одақты хабардар етеді. Сөйтіп, тәртіпті бұзған азаматқа іздеу салынып, реадмиссия процесі басталады.
Шенген аймағына визасыз тәртіп арқылы шыққан азамат тәртіп бұзса, 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін немесе 3 мың евро көлемінде айыппұл төлейді.
Визалық режимнің орнауы Еуроодаққа мүше болмақ мемлекеттер үшін саяси маңыздылығы жоғары.