Қазіргі таңда өзге ұлт өкілдерінің бір-бірімен неке құрғанына таңырқап қарамаймыз, әдеттегі жағдай секілді болып кеткен. Алайда, біздің қаракөздеріміздің қытайлық азаматтарға тұрмысқа шығуы елдің ашуын келтіріп, шамына тиіп жатыр. Қытай азаматына күйеуге шыққан Айжан Раимбекова есімді қазақ қызы көпшіліктің пікірімен келіспей, қазіргі таңда өз жарымен бақытты өмір сүріп жатқандығын айтады, деп хабарлайды pandaland.kz, мәліметтің қазақша нұсқасын «Қамшы» порталы оқырман назарына ұсынады.
«Мен Алматы қаласында туғанмын. №73 орта мектепті бітіріп, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінде оқыдым.
2007 жылы ең алғаш рет шетелге шығып, Пекин қаласына бардым. Сол қаладан дәл қазіргі жарымды кездестірдім. Ол Қытайдағы студенттер кеңесінің негізін қалаған адам болды. Бастапқы кезде жәй дос болып жүрдік, біз ұйымдастырған түрлі іс-шараларға келіп тұратын. Пекин университетінде қазақ баларымен көп дос болғандықтан, біздің мәдениетіміз оның жанына жақын болды. Магистратураны тәмамдап, Пекин қаласына жұмыс жасауға келгеннен соң бір-бірімізді ұната бастадық», - дейді өз жайында Айжан Раимбекова.
Қызының өзге ұлт өкілімен тұрмыс құруына ата-анасы қалай қарады?
«Басында, әрине, қорықтым, қобалжыдым. Бір түсінбейтінім, қазақтар қаншалықты қонақжай, ашық-жарқын халық болғанымен, қытайлықтарды су қандары сүймейді. Алайда, менің ата-анам жарымды жылы жүзбен қабыл алды. Жұбайым оларды адамгершілігімен, біздің мәдениетіміз бен дәстүрімізге деген сыйластығымен және де қарапайымдылығымен баурап алды. Бізге кедергі болған бір ғана нәрсе – Қазақстанның бюрократиялық аппараты. Жұбайымның визасын уайымдаймын деп, бірнеше түн ұйықтай алмай жүрдім», - деп мәлімдеді өзінің аралас некесіне қатысты ата-анасының көз қарасын.
«Қазіргі таңда екі балам бар: Арслан мен Тамерлан. Екеуі де Қазақстан азаматтығын алып, құжатта ұлты қазақ деп жазылған. Жұбайым бұл шешімді құп көріп, қолдау білдірді. Балаларым қытай, орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлей алады, ал қазақ тілінің оңай сөздерін түсінеді. Өзім білімді орыс тілінде алған болсам да, қазақ тілінде ауы екі сөйлеуге шамам келеді», - деп өзінің балалары жайлы да әңгіме қозғап өтті Айжан.
Аударған: Назерке Лабихан
Пікір қалдыру