Астана Банкі отандық банк қызметтері нарығы үшін бірегей болып табылатын «Қызғылт жаға» атты әлеуметке бағдарланған жобаны дайындап отыр. Бұл жөнінде Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және қолдауға арналған баспасөз мәжілісі кезінде Астана Банкі басқармасының төрағасы Ескендір Майлыбаев мәлімдеді деп хабарлайды qamshy.kz.
Осыған орай іс-шараға «Әйелдер көшбасшылығы қоры» ҚҚ жоба жөніндегі директоры Светлана Богатырева, Орталық Азиядағы «БҰҰ – Әйелдер» құрылымының өкілі Илейн М.Конкиевич, Даму қоры басқармасы төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов қатысты.
«Әйелдер кәсіпкерлігінің бүкіл маңыздылығы мен өзектілігін түсіне отырып, біздің нарықта теңдесі жоқ «Қызғылт жаға» атты жобамыздың іске қосылғанын қуанышпен хабарлаймыз. Осыдан бір жыл бұрын біз тамаша жағдайларды ұсынатын әйелдерге арналған тұңғыш карталарды іске қосқан болатынбыз және де ол біздің клиенттеріміз арасында үлкен сұранысқа ие болды. Енді биылғы жылдың сәуір айынан бастап әйелдерге тиесілі карталар арқылы тауарлар мен қызметтер қолма-қол ақшасыз төленген жағдайда банк әйелдер арасындағы кәсіпкерлікті дамыту және қолдау үшін клиенттің жұмсаған сомасының 0,7 пайызын Әйелдер көшбасшылығы қорына аударып отыратын болады. Бұл соманы банк толығымен өз қаржысы есебінен төлемек. Нәтижесінде клиент төлем жасау арқылы әйелдер бизнесін дамытуға өз үлесін қосады, сондай-ақ, оған әдеткі мөлшерде кэшбэк сомасы қайтарылады. Қорға көмек көрсету үшін ең бастысы төлем әйелдерге тиесілі картадан жасалу керектігін ескеру қажет. Осылайша игі іске клиент те, банк те атсалыспақ», - деп атап өтті Майлыбаев мырза.
Сондай-ақ, қосымша хабарланып отырғандай, әйелдерге бизнес жүргізуге қатысты пайдалы ақпаратты ұсыну үшін сәуірдің бірінші күні www.pinkproject.kz атты бірегей веб-алаң іске қосылмақ. Сайтта әйелдер кәсіпкерлігін қаржыландыру бағдарламаларына қатысты бүкіл ақпарат қамтылатын болады. Сондай-ақ, осында әйелдерге арналған сүйікті сайттарды топтастырып, жаңалықтарды қадағалауға мүмкіндік беретін жаңалықтар агрегаторы да қызмет жасамақ. Кәсіпкер әйелдер жеке блогтарын жүргізіп, тәжірибесімен, идеяларымен бөлісуге, серіктестерді тауып, қажетті байланыстарды орнатуға мүмкіндік алатын болады. Сонымен қатар, сайт арқылы қаржылық және заңгерлік мәселелерге қатысты кеңес алуға да болады. Жеке кәсіпкерлікті, жауапкершілігі шектеулі серіктестікті немесе банкте шотты қалай ашуға болады? Электрондық сандық қолтаңбаны қалай алуға болады немесе салық салу үлгісі қалай толтырылады? Осы және басқа да көптеген сауалдарды онлайн-менеджерлерден сұрап білуге болады.
Әйелдер көшбасшылығы қорының жоба жөніндегі директоры Светлана Богатырева кәсіпкер әйелдерді оқытуға аналған әлеуметтік жобаға қолдау көрсетіп отырғаны үшін Астана Банкіне зор алғысын білдірді. «Осы жобаның арқасында Қазақстанның Алматы, Астана, Қарағанды, Орал және Шымкент секілді 5 қаласында оқыту конфернциялары өткізілмек. Біз Алматы қаласында 3 жыл ішінде жинақталған тәжірибе негізінде игеріліп, кәсіпкер әйелдердің қажеттіліктері мен үміттерін зерттеуге негізделген тәсілдемені қолданбақпыз. Осы формат аясында кәсіби спикерлер және кәсіпкер әйелдер біздің елімізде жинақтаған тәжірибесімен бөлісіп, бір-бірін оқытатын болады. Бұл тәсілдеме өзінің нәтижелігін көрсетті, ал енді Астана Банкінің қолдауы арқасында Қазақстан өңірлеріндегі әйелдер де кәсіпкерлер қауымдастығына қосылып, әйелдер бизнесі үшін аса маңызды әрі өзекті ақпараттар мен білімдерді алуға мүмкіндігі бар», - деді Богатырева ханым.
Осыған дейін біздің елімізде «әйелдер кәсіпкерлігі» деген ұғымның өзіне күмәнмен қарайтын, ал бүгінде әйелдердің іскерлік кеңестері құрылып, әйелдер тобына арналған арнайы банк өнімдері мен бағдарламалары пайда болуда. Осы тұстаста әйелдердің кәсіпкерлігін қолдайтын құралдарды дайындау кезінде әйелдердің барлық қажеттіліктері мен олардың жүргізетін бизнесінің ерекшеліктерін ескеретін гендерлік тәсілдеме толығымен қолданылмай келеді. Шынтуайтында, әйелдер кәсіпкерлігі – Қазақстанның экономикалық өсуі үшін орасан зор әлеуетке ие сала. Өткен жылы бүкіл әлемде әйелдер арасындағы кәсіпкерліктің қарқынды түрде өскені атап өтілген болатын. Дәл осындай беталыс Қазақстанда да байқалып отыр. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің мәліметтері бойынша әйелдердің басқаруындағы орта және шағын кәсіпкерлік саны 2016 жылдың 1 қаңтарында 647,082 адамды құраған, ал жалпы еліміз бойынша 1,530,258 шағын және орта бизнес субъектісі қызмет етеді. Әлемнің 20 елінде өткізілген 87 зерттеу нәтижелеріне сәйкес әйелдер басқаратын кәсіпорындар ең табысты болатыны анықталған. Зерттеушілер бизнеспен айналысатын әйелдер қоластындағы қызметкерлері, қоғам және қоршаған ортаның қамын көбірек ойлайтынын мойындауда.
«Әйелдер көшбасшылығы қорымен бірге осы жобаны жүзеге асыру кезінде біз мегаполистердегі әйелдерді ғана емес, сондай-ақ, еліміздің өңірлеріндегі іскер ханымдарды барынша қамтып, осы іске тартуды көздедік. 5 қалада конференцияларды өткізу арқылы біз бүкіл Қазақстаннан ең кем дегенде 500 әйелді оқытуды жоспарлап отырмыз. Осы жобаны жүзеге асыру елімізде әйелдер арасындағы кәсіпкерліктің дамуына жаңа қозғау салатынына сенімдіміз», - деп сөзін қорытындылады Майлыбаев мырза.
Пікір қалдыру