Отандық кинолар санын толықтыратын «Соқыр Махаббат» атты мелодраманың шығуына байланысты бүгін, Алматыдағы Орталық Стадион алдында баспассөз конференциясы өтті деп хабарлайды Qamshy.kz тілшісі.
6-шы сәуірден бастап Қазақстанның барлық кинотеатрларынан "Соқыр Махаббат" атты фильм көрсетілетіні туралы хабарлаған едік.
Ашық аспан астында өткен баспасөз конференциясына фильмді жасаушылар мен актерлер қатысып, фильм түсірілімі туралы таныстырды, өз кезегінде журналистер сұрағына жауап берді. Ашық алаңда өткен конференцияға мелодраманың бас продюсері әрі басты ролін сомдаған Сиви Махмуди мен Ренат Басит, сондай-ақ әкімшілік продюсер Айдар Баталов, актерлер Серікбол Сайлаубек, Жан Байжанбаев, Нұртас Айдарбеков пен оның жары продюсер Гүлзира Айдарбеков, актриса Марина Сүлейменовалар болды.
Фильм сюжеті Арлан атты жігіт (Ренат Баситов), тағдырдың тәлкегінде әбден тербеліп, барша қайғы-мұңды басынан кешіріп,көру мүмкіндігінен айырылған Анельге (Сиви Махмуди) ғашық болып қалады. Алайда бірін бірі құлай сүйген екі ғашыққа тағдыр тосқауыл еткен талай сынаққа душар болады. Фильм негізінен Алматыда түсірілген. Түсірілім жұмыстары өткен жылы 6 сәуірде басталған. Басты оқиғасы қыз бен жігіттің арасындағы айнымас махабатты көрсетеді. Фильмді жасаушылар осы арқылы махаббаттың бәрін де жеңетінін көрсеткісі келген.
«Соқыр Махаббат» атты соқыр қыз бен жігіт арасындағы сезім жайлы Фильм туралы ұсынысты Ренат Басит жасаған. «Екі жарым жыл бұрын көлік апатына түсіп қалдым, өзіме келгенше бір жарым жылдай қиналып жаттым, сол уақытта осындай мелодрамалық кино түсіру туралы ой туды. Тағдыр тәлкегін көрген жанның өмірді жеңе алатынын көрсететін фильм туралы ойымды Сиви ханым мен достарым қолдады. Сөйтіп бірігіп, шамамыздың келгенінше осы киноны түсірдік. Бізді халық қатты сынамайды деп ойлаймын», - деді Ренат Басит фильмге түрткі ойдың кімнен туғаны туралы. Сиви Махмуди екеуінің алғашқы продюсерлік жұмысы екенін айтқан ол, продюсерлік жұмыстың ешқандай қиындық тудырмағанын, рөл сомдаған өз персонажы да қарапайым екенін жеткізді. Фильмнің саундтрегіне «Арманым-ай» атты ән таңдалған. Ән сөзі Ринат Зайтовтікі, әні Ренат Баситтің өзінікі.
Басты айта кетерлігі, «Соқыр Махаббат» қазақ тілінде түсірілген. Бірлі жарым орысша сөздер кеткенімен фильм тілі қазақ тілі. Фильмді түсірушілер «қазақ киносы қазақ елінде түскен ақшасын шығара алмайды, қазақ киносын ешкім көрмейді» дегенді теріске шығару үшін фильм қазақ тілінде сөйлеткен.
Қайрат Нұртастың әкесі Нұртас Айдарбеков фильмде бас кейіпкер Арланның өкіл әкесі әрі бапкері ролін сомдайды. Ол осымен үшінші фильмде рөл алып отыр, Қайрат Нұртастың «Өкініш» атты фильмінде, «Ауыл әкімі» атты фильмде рөл сомдаған. Өнерлі отбасынан шыққан Нұртас Айдарбеков отбасында өзі ғана өнерді қумағанымен, кішкентайынан өнерден алыс болмағанын айтады. Нұртас Айдарбеков бала кезінде Оразбек Бодықовтың «Қанжар мен Домбыра» атты 3 актілі спектаклінде рөл сомдаған. Ол «Соқыр Махаббаттың» көптің көңілінен шығатын кино болатынын айтады.
Ал, баспасөз үстелінде Нұртас Айдарбековтің жары продюсер Гүлзира Айдарбекованың алдындағы куверткиде «Тіл жанашыры» деген сөз жазылып тұрды. Танымал продюсер өзі де, Қайрат Нұртас та мүмкіндігінше қазақ тілінде сұхбат беріп жүргенін айтады. «Ойымыз өсіп келе жатқан ұрпақтарымыз Қайратқа қарап өнеге алса, өз тілінде сөйлесе» дейді.
Марина Сүлейменова фильмде басты кейіпкер Анельдің құрбысы Назымның ролін сомдайды.
Басты ролді сомдаған Сиви Махмуди соқыр қыздың образын сәтті сомдай білу үшін ерекше дайындалған. Түрлі кинолар көріп, мамандардың пікіріне жүгінген. Тіпті зағип қыздармен де сөйлескен.
Фильмнің бюджеті қаншаға тоқтағанын жасаушылар жасырып қалды. Алайда, әкімшілік продюсер Айдар Баталов: «Адамдар әрқашанда ақшамен дауыс береді» дейді ғой. Прокаттағы алғашқы аптада фильмнің бағасы білінеді. Дегенмен, фильмді ақша табу үшін түсірмедік» деп атап өтті.
Баспасөз конференциясы соңында Ренат Басит: «Біз ақшаны ойлап отырған жоқпыз, қолымыздан келгенше қазақ киносын дамытуға үлес қоссақ деп киноны шығардық. Менің таңғалғаным, кейбір қалалар «біз қазақша кино алмаймыз» деп тікелей бізден бас тартты. Мен Қазақ елінде тұрып жатырмыз ба? Басқа жерде тұрып жатырмыз ба өзім түсінбей қалдым...», - дейді кинопрокаты турасында.
Ал, фильмде Арланның тентек досы болып рөл сомдайтын Серікбол Сайлаубек қазақша кино алмаймыз дегендерге қарата:
«Дүниеде рухы ұрланған,
Жылтырға жаны былғанған,
Құнсыздар кетті көбейіп,
Қарыны үшін құл болған» дейді ғой. Біз қарынымыз үшін жасап жатқан жоқпыз, қазақ кино индустриясын дамытуға көтеруді мақсат еттік. Қазақ киносын көрмейміз дегендерге тікелей қарсы боламыз, соларға ерегескенде тек қазақ тілді киноларға барамыз, сіздер де қазақ тіліне жандарыңыз ашыса тек қазақ тілді киноларды көруге барыңыздар!», - деп отандық киноларды қолдауға шақырды. Ал, продюсер Гүлзира Айдарбекова «Бір-біріміздің қуанышымызға қуана білейік, бар ақшамызды жинап Голливудке бергенше қазақша кино түсіріп жүргендердің киносына барып оларға қолдау жасайық», - деді сөз соңында.
Айта кетер болсақ, «Соқыр махаббат» фильмі 6-сәуірде қалың көрерменге жол тартады. Қазір өнер иелері туындының премьерасына қызу дайындық жүргізіп жатыр.
, ,
Пікір қалдыру