
XVIII ғасырдағы қазақ батырларының бірі, Ер Жәнібек Бердаулетұлының 300 жылдығына арналған той енді Моңғолия жерінде жалғаспақ. Есімі абақ керейдің ұранына айналған, Абылайдың оң тізесінен орын алған батыр, шешен Жәнібек батырдың құрметіне арналған халықаралық жиын-тойлар көктем айларында басталған болатын. Батырдың есімі бұған дейін Қазақстанмен қатар, Қытайда, Түркияда ұлықталды. Өлке жерінде өтетін тойға Алматы қаласынан «Ер Жәнібек» қоғамдық қорының вице-президенті Жеңіс Түркия бастаған бір топ азаматтар, журналистер аттанды. Олардың жол тартқан көлік керуені Өскемен, Русовск, Барнаул, Бийск, Ташант арқылы Баян Өлгей жеріне жетпек. Моңғолия жеріндегі, Ер Жәнібек батырға арналған мерекелік іс-шаралар 12-14 қыркүйек күндері өтпек. Өту өрны Өлгей қаласы, Сары көл жайлауы.

Естеріңізде болса, Жәнібек батырдың құрметіне маусым айында Астана қаласында көлемді халықаралық айтыс және ғылыми конференция, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Қалбатауда аламан ас өтті. Қамшы порталы осыған байланысты Астың аманаты атты мақала жариялаған болатын. Біз баба есімін ұлықтап, батырын ардақтаған халықтың батыр ұлдары көп болсын дейміз.