Құрама Штаттарда Силикон алқабы деген бар. Елдің ғана емес, әлемнің керемет технологиялық жаңалықтары жасалатын жер. Сүттің бетіндегі қаймақтары жиналған ғылыми орта. Сондағы мектептерде ...компьютер атаулы атымен жоқ. Тақта мен бор. Ағаш парта мен тау-тау кітаптар тұратын сөрелер ғана бар. Оқушылар ұялы телефон мен планшет, айфон мен айпад ұстамайды. Дәптер мен қалам, түрлі-түсті қарындаш пен сурет шимайлағыш қатты қағаз әкеледі. Айтпақшы, ине мен түйме, сазбалшық пен тасбұршақты арнайы алдыртады. Бір компьютерсіз, тіпті бір экрансыз мектептің мұғалімдері ондай гаджеттерді оқушылардың үйде де қолданбауын жөн санайды екен. Калькулятор атымен жоқ. Ең қиын көбейту мен бөлуді оқушылар қағаз бен тақтаға шығаруға міндетті. Бір ғажабы: осындай тәртіп Силикон алқабында ғылыми зерттеулер жасайтын құлама ата-аналардың талабы бойынша қалыптасқан. Осыны естігенде... ішіп отырған шәйімізге қақала жаздадық. Біздің жылда ауысып жататын министрлеріміз "пәлен мектепті компьютерлендіріп тастадық" таңдайларын тақылдатуға шебер-ақ. Бекер ме дейміз. Өз басымыз көбейту мен бөлуді әлі күнге қағазға жазып шығарамыз. Білім беру жағынан АҚШ-тың Силикон алқабының мектебімен деңгейлес "алтын ұялар" сақталсын десе, біздің министрлік әлі компьютерленбеген ауыл мектептерінің мазасын алмай-ақ қойса.
Қайнар Олжай. (Facebook-тегі парақшасынан)
9 қыркүйек 2014 жыл.