Ақын Мөлдір Айтбайдың «Сыйлық» атты жинағының тұсауы кесілді

/uploads/thumbnail/20170710001833736_small.jpeg

30 наурызда Мұхтар Әуезов атындағы театрдың «Сырласу» залында жас ақын Мөлдір Айтбайдың «Сыйлық» атты кітабының тұсаукесері өтті. Кеш жүргізушісі Бақыт Беделхан, ал кітаптың тұсауын кескен Иран-Ғайып.

Сондай-ақ, әдеби кешке Мұхтар Әуезов театрының белігілі актері Бекжан Тұрыс қатысты. Ақынға жылы лебізін білдіріп, ақ батасын берді.

Одан бөлек, қаланың жас ақындары, әншілері келіп, бірі Мөлдір Айтбайдың өлеңдерін оқып тебірентсе, енді бірі өлеңдеріне жазылған әндерін орындап, халықтың көңілін марқайтты.

Жастардың бұл әрекетіне ақын Бақыт Беделхан  риза болды. 

«Ақын, әнші, композитор, актер – төртеуі бір-бірімен байланысып, бір тудың астында болуы керек.Осы төрт жұлдыз бір-біріне қолдау көрсетсе, сол ынтымағының арқасында бірталай жерге жететін еді» деп ақылын айтты.

Кеш барысында, ақын өзінің жырларын оқыды.

 «Өлең жазсам, өшіргенім отымды,

 Үнсіз қалсам, қорқыңдар...», дейді ақын бір өлеңінде. Иә, бар ақынға тән қасиет – нәзіктік пен мықтылық. Осы екеуін ұштастыра білген ақын ғана көптің көңілінен шығып, үлкеннің батасын алмақ. Мөлдірдің жыр-жинақтарынан да осы қасиеттерді байқауға болады.

Айта кетейік, Мөлдір Айтбай Әбдуманапқызы 1991 жылы 26 қарашада Қызылорда қаласында дүниеге келген. Ақындық өнер Мөлдірге анасынан дарыған. Әр ана үшін бақыттың, қуаныштың ең биігі – баласының жеткен жетістігі. Кітаптың тұсаукесеріне Мөлдірдің анасы Қазына апай да қатысып, қызының қуанышымен бөлісті. Жылы лебізін арнап, қуаныштан көзіне жас алды.

Анадан дарыған ақындық өнердің биігіне талпынып келе жатқан Мөлдір бірнеше облыстық, республикалық, халықаралық жыр мүшәйралары мен ақындар айтысының жүлдегері. Бұған дейін «Мөлдір өлең» атты поэзия жинағы жарық көрген. Енді, міне «Сыйлық» атты жинағының тұсауы кесілді.

Жас ақынға шабытыңыз таусылмасын, оқырмандарыңыздың саны артсын деген ыстық лебізмізді білдіреміз.

Қамшыгер: Гүлім ЖАҚАН

 

Қатысты Мақалалар