«ҚазСат-3»-ті ұшырмай-ақ қояйықшы, ол да ағаларының тірлігін қайталамасына кім кепіл?.. (Сатира)

/uploads/thumbnail/20170710002100957_small.jpg

Естеріңізде болса,  ұшырылған «ҚазСат-1» ғарышқа барып ғайып болып кеткенен кейін, артынан іле-шала  «ҚазСат-2» ұшырылды. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де өтірік айтсам өзіме тисін. Сол «ҚазСат-2» ғарышқа сәтті жеткеннен кейін баяғыда ғарышқа барып қаңғып кеткен ағасы «ҚазСат-1»-ді сұрастырып іздеу салыпты. Енді қайтсін?! Туыстық қаны жібермеген болар, екеуі де ресейлік бір зауыттың құрсағынан шықты емес пе?! Өзінен бес жас үлкен ағасының қайтыс болса қаңқасын, тірі болса темірін іздеп табуға бел байлапты.

Ғарышқа жаңадан қадам басқандықтан өзім де ағам сияқты адасып кетпейін деп бұлардан әлдеқайда ерте келген жапон жасанды жерсерігі «ЖапСат»-қа осыдан бес жыл бұрын жоғалып кеткен ағасының дерегін біліп беруге қолқа салыпты. Бірақ, «ЖапСат»:

– Саған көмектескенімді білсе самурайлар сақалымды қырқады. Ренжіме, бауырым, менің уақтым жоқ, – деп шығарып салыпты.

Амалы таусылған «ҚазСат-2» «енді бір көмектессе осы көмектесер, пысық халықтың ұлы ғой» деп қытай жерсерігі «ҚытСат»-қа барып ағасын табуға көмектесуді өтініпті. «ҚытСат» ішінен бір қулық ойлап әрі «ҚазСат-2»-нің ештеңе білмейтін, жер шарынан жаңа келген аңқаулығын пайдаланып қалуды көздепті. «Ағаңды мен тауып берем» деп жылы сөздерімен, жұмсақ мінезімен жібітіп отырып, «ҚазСат-2»-ге ғарышқа барып жұмыс істеуі үшін қалтасына салып берген қазақтардың 115 млн. доллар ақшасының жартысын сыпырып алыпты да өзін жолға салыпты. «ҚытСат»-тан жәбір көрген «ҚазСат-2» «бір жәрдем етсе осы жәрдем етер» деп ғарыштың тұрақты тұрғынына айналған Америка жерсерігі «АмирСат»-қа барып жағдайын түсіндіріп, қолғабыс етуді сұрапты. «АмирСат» басқаларына қарағанда елпек көрініпті. «ҚытСат»-ты адамдық құқыққа қол сұқты деп айыптап, «ҚазСат-2»-ге ағасының дерегін айтыпты. 

Оның айтуынша, «ҚазСат-1» жердегі қазақтарға: «Мені ғарышқа ұшырыңдар сонда сендер телефонмен тегін сөйлесесіңдер әрі ауылда отырып-ақ алпыс каналды теледидардан телміріп отырып тамашалайсыңдар» деп уәдені үйіп беріпті. Келсімшарт жасап 65 млн. доллар санап алып, жерден әлдеқайда алыстап кеткесін бір күнде қазақтарға көрінбей ғайып болыпты да «АмирСат»-тың қасына келіпті.

«ҚазСат-1» мен «АмирСат» бірге тұрады екен. Сол жерде «ҚазСат-2» мен ағасы «ҚазСат-1» «ой, баурымдап» құшақтасып көрсіпті.

«АмирСат» жұмыс уақты басталғанын жердегі отандастары өзінен хабар күтіп отырғанын айтып  ағайынды екеуін оңаша қалдырып жұмысына кетіпті. Оңаша қалған «ҚазСат-1» інісіне:  

– Сен де бір күнде қазақтарды көз жаздырып кет, –  деп ақыл айтыпты. Оған «ҚазСат-2» қазақтардың өзіне бақылауды күшейткенін айтып бас тартыпты. Сонда да «ҚазСат-1» қоймай:

– Сен алатын көп ақшаңды алдың. Енді несін қорқасың? Жұмысқа айына екі рет шықсаң болды емес пе? –  деп ағалық ақылын айтыпты. Оған «ҚазСат-2 қазақтардан ұят болмай ма?» десе керек, «ҚазСат-1»: 

– Қараусыз қалған Қазекеңнің байлығын кім тонамай жатыр дейсің тәйірі, анау қасқа бас Әблязов  ұялмағанда біз ұяламыз ба? – деп зекіп тастаған көрінеді. Содан бастап «ҚазСат-2» де толық жұмыс істемегендіктен жердегі біздің телефон жалғағанда бірілгіміздің бір минутта білінбей минусқа сырғып кететіні содан болса керек. 

Осы әңгімені өткір құлағым естігенде тақыр басымның төбесіне бір ой келді. Қадірменді ұшқыш қазақтар! Біз құрғыр «ҚазСат-3»-ті ұшырмай-ақ қояйықшы, ол да орыстың қолынан шыққан қу ғой, ақшаны алып алғасын алдындағы екі ағасының тірлігін қайталамасына кім кепіл?.. Сосын біз қала береміз басымызды құшақтап. Ақша да жоқ, аппарат та жоқ....

Жарқынбек Жұмаділ

 

Қатысты Мақалалар