Тарихқа көз салсақ, қазақ даласында алғаш Мемлекеттік банк бөлімшесі 1867 жылы Орал қаласында ашылыпты. Қазақстанға банк капиталының енуі және оның территориясында кредит желісінің жасалуы 19 ғасырдың соңынан басталды екен, яғни, шаруаларды қолдау мақсатында сол тұстағы Ресей банкі Қазақстанның әр жерінен мемлекеттік банк бөлімшелерін көптеп ашқан.
Банктік жүйе Қазақстанда екінші дүниежүзілік соғыс басталғанға дейін және тың игеру жылдары экономиканың көтерілуіне көбірек септігін тигізген көрінеді. Ауыл-шаруашылығын техникаластру мен ғылым өндірісін дамыту бағыттарында ел аумағында банк құрылымдары тиісті деңгейде қызметтер атқарған. Ал, Қазақстан тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін ел аумағында екінші деңгейлі банктер саны артқаны байқалады. Ақшаның ауысуы тұсында сұрыпталып, уақыт өте келе біріктірілген және қайта жасақталғаны болып қазір Қазақстанда бас-аяғы 36 екінші деңгейлі банк жұмыс істейді екен. Солардың ішінде барлығының атауынан өзгешелігі білініп тұратын банк болса, ол - Qazaq banki. Әрине қазіргі қазақ әліпбиі қолданылмаған, алайда аты қазақы, латын әрібінде жазылған Қазақ банкі.

Бұрынырақ та «Тұран Әлем банктің» атауы жағымды еді, ол қазір БТА болып кетті. «Халық банк», «Темір банк», «Заман банк» сияқты банктер немесе түрлі жинақтаушы банктер болғанымен олардың атауы екі тілде қатар жазылып жүр. Халықтың аузында ыстық ықыласқа бөленіп жүрген бірде-бір банк жоқ қазір, негізінен жоғары өсімді несиелер беру функциясын ғана атқаратын екінші деңгейлі банктер ұлттық өндіріске жұмыс істей алған жоқ, олар тек делдал ретінде ғана шетел капиталының Қазақстанда айналымға түсіп, көбейе түсуіне жұмыс істейді. Бұл ретте кредит алушы қазақстандықтар сол алған ақшасын өндіріске пайдаланушылар емес, банк қаражатын көбейтіп берушілер ғана болып отыр. Себебі біздің елде кредиттік өсім тым жоғары. Екінші деңгейлі банктер алып-сатарлық қызметтен аса алмады десек, «Ұлттық банкіміз» теңге бағамын құлдыратудан өзге жұмыс істей қойған жоқ. Жеке кәсіпкерлікке, шағын бизнеске, ұлттық өндіріске көптеп қаржы түсетін болса мемлекеттік өнімдер көптеп шығарылып, отандық тауарлармен өз халқымызды қамдайтын деңгейге жете алар едік. Осындай бір дағдарыс пен ақшаны құнсыздық билеген уақытта қатарға қосылған «Qazaq banki» көңіл аударарлық атауымен ерекшеленіп тұр, биылғы жылы ғана, 17 шілде де № 1.2.204/37 Мемлекеттің лицензиясына ие болған банк аты-затына сай болса екен, қазаққа қызмет етсе екен дейміз.
Ақкісі Жанкерім