Қанатбек Зайтоллаұлы. Еркін Ілиясұлын сағына еске аламын

/uploads/thumbnail/20170708154213582_small.jpg

Бесіннен кейін-ақ бебеулей көтерілетін ауыл думаны, дөң басында карта ойнап, кеңес құрып, топтасып радио тыңдау ауыл адамдарының күнделікті дағдысына айланған-ды. Иә, ауылдың осы өмірі ойынның түбін түсіретін біз, балаларға да табылмас орай. Осындай күндердің бірінде үлкендердің бірі:   “Таңертең радиодан естіп қалдым, жуықта Алтай жақта бір ақындар айтысы өтіпті. Бурылтоғайдан Еркін дейтін ғажайып ақын шығыпты. “Өлеңді түйдек-түйдегімен төгеді,” - дейді . Сол айтысты бүгін кеште он жарымнан бастап радиода таратады екен”, - деп, тосын жаңалықты топ еткізді. Басқалар қалай қабылдады білмедім, әйтеуір өзім елең еттім, бала күнімнен ән десе, күй десе жан-тәніммен қызығатын менің қуанышымда шек болған жоқ.

- Қашан, сағат нешеде дейсіз?, - деп, әлгі кісіден дегбірім кете сұрап жібергенімді өзімде сезбей қалыппын.

- “Ой, бала, өзің айтысқандай асықтың ғой, кешкі сағат он жарымда таратады екен”, - деп күлді.

- “Осы балада өнерге деген бір әуестік бар, болашақта үлкен ақын болмасына кім кепіл.”

- “Төрт-бес жастағы кезінде аша ағашқа мініп алып күні бойы айғайлап, ән айтып келіп жататын.”

- “Әй, Зайтолла, осы айтқаным келіп жатса келістіріп отырып той жасатам,” - деп әкемнің қатарластары арт-артынан кеу-кеулесіп кетті.

Менің назарым басқада, кешкі сағат он жарымды асыға күттім. Сол күні ауыл адамдары сағат он бірге дейін тарамай, берілімді тыңдап алып үйлеріне қайтты. Бұл күні мен аңсап күткен айтыс берілмеді. Басталу салты, қатысты концерттерімен ақырласты. Амалсыз ертеңгі күнді күту керек. Мен кімге екені белгісіз іштей ренжіп қайттым.

Осылайша бір күнім бір жылдай болып тағатым әбден таусылғанда, ертеңгілік берілім уақыты да жетті. Бұл күнде бірнеше ақындар айтысты. Бірақ менің күткен Еркінім әлі жоқ. Бір күн, екі күн ... Бірнеше күн өткенде бір күні айтыс асабасы:

- “Кезекте Алтай ақыны Еркін мен Іле ақыны Зирагүлдің айтысы”, - деп жариялады. Пай-пай шіркін, сол күнгі жан толқынысымды өзімде айтып жеткізе алмаспын .

- “Тұрған дәл аспан бауырын сызып тұрып,

  Желпіді ақ түңлігін үзікті бұлт.

  Бас қостық асса Шыңжаң, қалса облыс,

  Тәкаппар табиғатты қызықтырып.

  Әкелдім таусылмайтын жыр сіміріп,

  Ұлыңгір тұнығынан тізіп тұрып”, - деп бастады есіл Еркін.

Мен осыдан бастап Еркінді - айтыс, айтысты - Еркін деп қабылдайтын болдым, осыдан бастап шіркін менде осындай ақын болсам деп ынтықтым. Осы күннен бастап биікке құлаш сермеген балаң қиялмен әкемнің жан еркіне қоймай, домбыра алып бер деп мазалайтын болдым, ақыры алдырдым. Бұл 1998 жылдың тамыз айы еді.

2002 жылы Шіңгілдің Қарабура жайлауында Алтай аймағының 14 кезекті ақындар айтысы өтті. Мен осы реткі айтыста тұңғыш рет аймақтық ақындар айтысы сахнасына шықтым. Ертең айтыс басталады деген күні түстен кейін жеті ауданның ақын, өнерпаздары лек-легімен келе бастады. Қасымда ақын Құзарбек Талапқанұлы бар. Екеуміз де он үш, он төртке жаңа келген баламыз ғой, келген қонақтарды қызықтап, сыртынан тамашалап жүрміз. “Көшеде мың, көңілде бір” дегендей іздегеніміз Еркін. Сол күні кешке таман Бурылтоғайдың ақын, өнерпаздары да келді.

Осыдан сәл ғана бұрын, маусым айының басында Алтайда өткізілген жас талапкерлер айтысына қатынасып қайтқан Құзарбек: - “Анау, келе жатқан Еркін ақын,” - деп таныстырды сыртынан.

Топ алдында үкілі ақ бөрік, оқалы қызыл тон киіп алшаң басып келе жатқан Ер ағаңның сол бейнесі әлі күнге кешегідей-ақ көз алдымда. Құзарбек екеуміз де жақын барып сәлем бердік. Қолымызды алып, маңдайымыздан сипады Еркін ақын .

Осы реткі айтыста көрерменнің көптігі сонша, айтыстың басқа тұсында бытырап кеткен көп қауым, Еркін ақын шыққанда жапа-тармағай сахна алдына лық толды. Сол жолы айтысқа халық тек Еркін үшін келгендей әсер етті маған. Екі майдан айтысып болып сахнадан түсуге ыңғайланған ақынды сахнадан түсірмей көрермен қолпаштап ұрандады,  шуылдаған өнерге ғашық халайыққа кішілікпен елжіреген ақын:

- “Өлеңді соған айтам кім жақтырса,

Қайтемін онда өнерді бұлдап мұнша.

Төгілмей амалым жоқ туған халық,

Тұмағын алақайлап бұлғап тұрса”, - деп қимастықпен сахнадан түскенінде, атан жілік азаматтар ақынның аяғын жерге тигізбей көтеріп әкетті. Айтыстың аяқталар сәтінде Шіңгіл мінгізген ақбоз аттың тізгінін қолына алған ақын:

- “Еліне ақын бас июі бір құрмет қой,

Куә бол Фатиқалы күлгін беткей.

Мінгенде пайғамбардың ақбозына,

Кетем бе дүниені дүбірлетпей”, - деп толқып барып тоқтады.

Осыдан бастап үлкенді-кішілі талай айтыс майданында бірге болдық. Ағалық ақыл-тәрбиесін аяған емес. Қайта, қолдап, шабыт беріп тұратын.

Айтыс майданына Еркінге тән екпінімен қырандай шүйіліп келіп, ақын Құрманбек Зейтынғазыұлы, Бердіқан Абайұлы, Жамалқан Қарабатырқызы, Асия Беркенова, Әселқан Қалыбекова, Қонысбай Әбілов, Шорабек Айдаров, Бүбүмәри Жақыпбайқызы сынды ай мүйізді ақындар бастаған айтыс көшіне белі бекем сардардың бірі болып қосылды.

Күллі қазақ айтысында арысы Әсет, Біржан, берісі Құрманбек, Жамалқандар әкелмеген жақұттай жарқыраған жаңалық, сүліктей қатқан сұлу сөз сайгүлігін бәйгеге қосып, айтыс өнерінің өресін көтеріп, қазақ айтысына Еркін дәуірінің соны соқпағын салды.

“Сұлулық жан-жүйенің терең түкпірінен шығады, сондықтан ұлы табиғат көрінісінде шартсыз сұлулықтың болуы мүмкін емес, мұндай сұлулық адамның өзіне тән жан жүйесінде жасалады және түзеледі”, - дейді орыс халқының философы Белинский Виссарион Григорьевич. Бала күннен дарқан дала бесігінде тербелген дарынды ақын сол өзін әлпештеп өсірген тамылжыған табиғаттың суретін сұлу сөзбен көзіңіздің алдына әкеліп, тыңдағанды тамсандырып, айтыс сахнасына алып шығуы шынында да ғажайып құбылыс. Ол Белинский айтқандай жан жүйесінің терең түкпірінен шыққан сұлулықпен “семген гүлдің тамырына нәр берді, өлген жырдың жанарына жан салды” табиғатқа тіл бітірді. Алайда ақын сөз сұлулығына мән беріп, айтыстың ұстасып айтысу тактикасын адастырып қойған жоқ. Алмас жүзді қос қанжарды қатар ұстап, Еркінге ғана тән айтыс өнері үлгісін қалыптастырып, өлеңге құштар өрімдей топтан сансыз шәкірт ертіп, жұртының жүрегінен терең орын алды.

- “Тау ұлы, тау қызың бәрі қыран,

Ол өзі сахараның салымынан.

Әкем менің жасайтын айға бата,

Бөктерде бей уақытта бөрі ұлыған.

Анам сонда қол жайып көрінетін,

От басында тезектің жарығынан”, - деп келетін ақынның ақ иық жырларын бес жастағы баладан, белі бүкір кәріге дейін тамсанып айтатын болды.

2012 жылдың 28 маусымы күні. Кеш. Үйде Жанат Ақмәдидың «Есенгелді би» романын оқып отырғанмын. Көктоғай ауданында тұратын ақын ағамыз Мұрал Темірханұлынан телефон қабылдадым, арғы жағында жауап жоқ, өксіп жылаған үн естіледі, жүрегім зу етті.

- Уа, Мұрал аға, неге сөйлемейсіз, не іс болды?- дедім,  тағатсыздана.

- “Бауырым ... Еркін ағаңнан...” - Аяғын айта алмай жылап жіберді. Қолымдағы телефонымды жаба салғанымды білмей қалыппын. Сондай бір суық хабарды естіп тұрсам да жүрегім сенер-сенбесіме ерік бермей, дал ұрып отырып қалдым. Кеудемді өксікті үрей басты. Сәлден кейін Алтайда тұратын ақын Қалихан Қабдырасулұлы телефон шалып, болған жайды толығымен түсіндірді.

Келесі күннің таңғы сағат төртінде, Шіңгілдегі бір қанша айтыскер азаматтар жолға шықтық. Сағат он бірде қазаға жиналған қаралы жұртпен бірге қазақтың сүйікті Еркінін қара жер қойнына тапсырып, көзден жас емес, өнерге деген шексіз сүйіспеншілік пен құрметтің бұршақ-бұршақ сағынышымен, өзекті өртеген өкінішін ағызып, күңірене өксік атып, ауылға қайттық.

“Өлген адам тірі жанның жүрек түкпіріне көмілмесе, онда оның шынымен-ақ өлгені”, - дейді ұлы жазушы Лушин.

Өткен түн Ер ағаң марқұм түсіме кіріпті. Бір бас қосуда секілдіміз, қолындағы домбырасын маған беріп, өлең айт деп жатыр. Енді домбыраны ала бергенімде оянып кеттім.

Ер ағаң туралы көп толғандым, өлеңде жазғым келді. Бірақ қаламым жүрмеді. Сұлу сөздің, саумал жырдың сүлейіне арнау жазу маған ауыр соқты...

 

Дайындаған: Ерлан Төлеубайұлы

“Қамшы” сілтейді

Қатысты Мақалалар